Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Биоқауіпсіздік – мәселелері мен оларды шешу жолдары

turkistan.today

Биоқауіпсіздік – мәселелері мен оларды шешу жолдары

«Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» деп бекер айтылмаған, себебі мемлекеттің басты байлығы – дені сау ұлт. Өлімге алып келетін себептердің ішінде жұқпалы емес аурулардың үлесі жоғары болғанымен, жұқпалы аурулар аса назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелердің бірі. Оған әлем елдерін алаңдатқан короновирус жұқпасы бірден бір дәлел. Қазіргі кезде жұқпалы аурулар тек біздің мемлекетте ғана емес, дүниежүзі елдерінде алаңдатушылық тудыруда. Себебі, жаһандану жағдайында адамдар мен заттардың шекарааралық қозғалысы, жұқпалы аурулардың кең таралуына алып келуде. Бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіздікпен қатар, биологиялық қауіпсіздікті жоғары деңгейде сақтау қажет екендігін көрсетеді. Сол бағытта көптеген жұмыстар жүргізіліп, биологиялық қауіпсіздік мәселесіне көңіл аударылуда, деп хабарлайды Turkistan Today. Биологиялық қауіпсіздік, ол - адамдар мен табиғи орта жеке компоненттерінің қауіпті биологиялық факторлардан қорғану жағдайы. Биологиялық қауіпті факторларға патогенді микроорганизмдер және олардың зат алмасу өнімдері, бактериялар, вирустар, паразиттер, саңырауқұлақтар, биологиялық белсенді заттар, токсиндер мен улар жатады. Олар тірі организмде ауру тудырып қана қоймай, қоршаған ортаға үлкен зиянын келтіруі мүмкін.Қоршаған ортада көптеген биологиялық қауіптер кездеседі және олар күтпеген жерден пайда болуы мүмкін. Мысалы, қазіргі кезде жаһандық мәселеге айналған климаттың өзгеруі және табиғи апаттар - биологиялық қоздырғыштардың қасиеттері мен формаларының өзгеруіне алып келеді. Сондай-ақ, сыртқы орта әсерінен өсімдіктердің, адамдар мен жануарлар организмдерінің генотиптері мен фенотиптері өзгеріп, организмдердің қоздырғыштарға қарсы тұру мүмкіндігі төмендейді.Ғылым мен технологияның дамуына байланысты түрі өзгертілген жаңа қоздырғыштардың ойлап табылуы, белгісіз қоздырғыштармен туындайтын инфекциялардың пайда болуы, бұрын жоқ болып кеткен инфекциялардың қайта бас көтеруі мен табиғи ошақты инфекциялардың туындауы биологиялық қауіптілікті одан ары күшейте түседі. Осы аталған себептерден басқа, экологиялық мәселелер мен өнімді көбірек алу мақсатында пайдаланылатын тыңайтқыштар әсерінен топырақ құрамы өзгеріп, өсімдіктер мен ауылшаруашылығы жануарларының қалыпты микробиотасы бұзылуына әсерін тигізіп, ол өз кезегінде адамдар арасында жұқпалы ауру тууы мен таралуына алып келеді. Ет өнімін көбірек алу мақсатында жем-шөпке аз мөлшерде қосылып берілетін антибиотиктер мен емдеу мақсатында бақылаусыз пайдаланылатын дәрілер әсерінен адам организмінің микробқа қарсы тұру төзімділігі төмендеп, шартты патогенді микроорганизмдер мөлшері шамадан тыс артуынан биологиялық қауіптілік үлесі арта түседі. Сондай-ақ, биологиялық қауіпті көздер орналасқан және биологиялық қауіпті агенттермен жұмыс жасайтын объекттердегі түрлі апаттар да өз әсерін тигізбей қоймайды.Аса қауіпті жұқпалардың табиғи ошағындағы эпидемия және эпизотия, жұқпалы аурулардың жаппай өршуі, қолдануға оңай және қолжетімді болғандықтан, экстремистік және террорлық мақсатта биологиялық агенттерді пайдалану - биологиялық факторлардың теріс әсерін тікелей күшейтеді.Осыған орай, адамзатта осы келеңсіздіктердің қалай алдын алуға болады деген сұрақ туындайды. Осы сауалға жауап іздейтін болсақ, биологиялық қауіпсіздік сақталуының бірнеше принциптерін сақтау керек екендігіне көз жеткіземіз. Біріншіден, қауіпті биологиялық факторлар әсерінен азаматтардың денсаулығын және қоршаған ортаны қорғауымыз керек. Сол мақсатта биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жеке тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің мүдделері мен жауапкершіліктерін өзара үйлестіру маңыздылығы айқындалады. Мемлекеттік реттеу шараларын сәйкестендіріп, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бақытталған іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып, биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша халықты барынша хабардар ету қажет. Ал, өз кезегінде әрбір мемлекет азаматы қолынан келгенше табиғи ресурстарды қорғап, көбейтіп және ұтымды пайдалануға міндетті.Биологиялық қауіпсіздіктің жеткіліксіз деңгейі қоғамдық денсаулық сақтау, экология, ветеринария, фитосанитария салаларында төтенше жағдайлар туындауына алып келіп, әлеуметтік- экономикалық жағдайды ушықтыруы мүмкін.Жалпы қауіпсіздік жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын биологиялық қауіпсіздік - мемлекет дамуының тұрақтылығына әсерін тигізетін көрсеткіштердің бірі. Жаңа ошақтардың пайда болуы тек жекелеген мемлекеттерді ғана емес, сонымен қатар әлем бойынша терроризм, түрлі агрессия түрінде ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін. Халықаралық қатынас саласындағы биоқауіпсіздік мәселесі тек биотерроризммен күресумен шектелмейді. Биологиялық қауіпсіздік бағдарламасының мақсаты – әлемде қауіпті жұқпалардың ауыр ауру тудыруынан, адамдардың жаппай қайтыс болуынан және әлеуметтік- экономикалық тұрақсыздықтан сақтайтын жағдай жасау.Бұрын емделмейтін немесе емделуі қиын жұқпалы ауруларға қарсы тиімді шаралардың болуы, инфекция ошақтарының салдарын болдырмауға, сонымен қатар биотеррорлық актілерді жүзеге асыруға және биологиялық қаруды әзірлеу бағдарламаларын бастауға қызығушылықты әлсіретуі мүмкін. Бұл мақсатқа жетудің ең маңызды құралы жаңа технологияларды дамыту, елімізде биоқауіпсіздік саласына негізделген бағдарламаларды іске асыру және белсенді халықаралық ынтымақтастық құру екені анық. Сондай-ақ, биологиялық қауіпсіздік жүйесі бірыңғай стандарттарға сәйкес жұмыс істеуі керек, ал қауіпті биологиялық жағдай дамуының ықтимал болжамды салдары елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін қажет етеді. 2021 жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын Ұлттық жүйе құрылуға тиіс» екендігін атап өткен. Сол шараға байланысты, 2022 жылдың 21 мамырында № 122-VII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бекітілді.Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жалпы ұлттық қауіпсіздіктің бір саласы. Өкінішке орай, Қазақстанда адамдар мен жануарларға қауіпті оба, тулеремия, сібір жарасы, бруцеллез сияқты жұқпалардың табиғи ошақтары бар. Бұл Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін өндірістік және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын айқындайды.Қазақстан Республикасы Үкіметінің «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамын құру мәселелері туралы» 2021 жылғы 20 желтоқсандағы №910 қаулысына сәйкес, «QazBioPharm» холдингі» акционерлік қоғамы құрылды.«QazBioPharm» холдингі» акционерлік қоғамы қызметінің негізгі мәні биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биофармацевтикалық нарықтың инфрақұрылымын тұрақты дамыту және жетілдіру, биофармацевтикалық ғылым мен өнеркәсіптің дамуын ынталандыру, мемлекет пен қоғамның биофармацевтикалық өнімге қажеттілігін қамтамасыз ету болып табылады.Осылайша, Холдинг өз жұмысын биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында алдына қойылған күрделі мәселелерді шешу үшін жұмыс жасап жатыр.Жоғарыда атап өткендей, биологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір тармағы болып табылады, сондықтан биологиялық қауіпсіздік дамуына тек осы саладағы қызметкерлер ғана емес, әр адамның өз үлесін қосуы азаматтық парыз болып саналады. Авторлары: К.Ахметова - ҚР ДСМ «QazBioPharm» холдингінің Биологиялық қауіпсіздік ақпараттық жүйесінің деректерін қалыптастыру, талдау және өңдеу басқармасының басшысыЖ.Жамалбекова – ҚР ДСМ СЭБК Аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау және биоқауіпсіздік басқармасының басшысы

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
19 наурыз 2024