Бес айлық сәбидің миына күрделі операция жасалды
Балалар нейрохирургиясы бөлімінің дәрігерлері 5 айлық нәрестенің миында анықталған ісікті алып тастау бойынша күрделі операция жасады. Бұл ісік жұлынми сұйықтығының қалыпты ағуын бұзып, ми қарыншаларында сұйықтықтың жиналуына және бас ішіндегі қысымның артуына әкелген.
Нәрестенің анасы алғаш ауру белгілерін қызының төрт айлық кезінде байқаған. Баланың жағдайы жиі мазасызданумен, әлсіздікпен, бас ауруымен, көру мен есту қабілетінің нашарлауымен және жиі құсумен көрінген. Дәрігерлер жүргізген тексерістен кейін нәрестенің миында көлемі 37 мм 22 мм 36 мм болатын туа біткен ісік бары анықталды. Нәресте шұғыл түрде санавиация арқылы Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізілді.
«Бұл ісік бала өміріне үлкен қауіп төндірді, себебі ол ми бағанасын, яғни ең маңызды орталықтарды қыса бастады. Операция кезінде жоғары технологиялық жабдықтар мен заманауи әдістер қолданылды, сонымен қатар анестезия мен операциядан кейінгі реанимациялық көмекке ерекше көңіл бөлінді», – деп түсіндірді Балалар нейрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі, профессор Ғабит Өлеңбай.
Операцияны профессор Ғабит Өлеңбай және нейрохирург-дәрігер Сапарбек Сейтбеков жүргізді. Оларға анестезиолог-реаниматолог Джумадулла Шадиев, анестезиолог медбике Динара Сұлтанханова және операциялық медбике Балғын Шал қолдау көрсетті. Операция МӘМС квотасы арқылы тегін жасалды.
Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы тұрақты, ол палатаға ауыстырылды. Оның есту қабілеті біртіндеп қалпына келуде, ұйқысы жақсарған. Емдеудің келесі кезеңі гистологиялық зерттеуден кейін анықталады. Нәресте дәрігерлердің бақылауында.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 желтоқсан 2024