Алты бала тәрбиеленіп жатқан интернатта 40 шақты қызметкер жұмыс істеп жүр

alashainasy.kz

Алты бала тәрбиеленіп жатқан интернатта 40 шақты қызметкер жұмыс істеп жүр

Қызылордадағы небәрі алты бала тәрбиеленіп жатқан интернатта 40 шақты қызметкер жұмыс істеп жүр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 31 арнаға сілтеме жасап.

Ең сұмдығы, аз оқушы үшін мінез-құлқы қиын балаларға арналған орталыққа биыл бюджеттен жүз миллион теңгеден аса ақша бөлінген.

Сөйте тұра, ондағы мамандар жасөспірімдерге тиісті жағдай жасай алмай отыр дейді мекемені тексерген топ.

Ал депутаттар бұл мемлекеттің қаражатын жөн-жосықсыз шашумен тең деп санайды.

Дәл мына интернатта жыл басынан бері небәрі алты бала тәрбиеленіп жатқанымен, бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Мекеменің жұмысын үйлестіруге тек бір жыл үшін мемлекеттен бақандай 112 миллион теңге беріліпті. Бала саны саусақпен санарлықтай болса да, мұнда мемлекеттен жалақы алып отырған 39 жұмысшы бар. Соның өзінде мінез-құлқы қиын балаларға мүлде жағдай жасалмаған дейді мекеменің жұмысына мониторинг жүргізген мамандар.

СӘУЛЕ ӘБІЛДАЕВА, Қызылорда облысы бойынша ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы:

– Социальный работниктердің жұмысын көре алмадық. Ата-анамен байланысы тек олардың қолын қойдырып алады. Ал былай жұмысын көрген жоқпыз. Және тамағы, басқасы на их совести. Ол да мардымсыз болып шықты.

Маман қызметкерлерінің жұмысы салғырт болса да, соңғы бес жылда мекемеге жарты миллиард теңгедей ақша бөлінген дейді. Бірақ интернатта тәрбиеленген әр жылдағы балалардың саны 10-ға да жетпеген. Сондықтан депутаттар орталықтың жұмысын егжей-тегжейлі тексеруді ұсынып отыр.

АИДА АБИБУЛЛАЕВА, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты:

– Бес жылдың ішінде 500 миллионға жуық ақша жұмсалған. Оның ішінде бала болмаса да мамандар өзінің айлық жалақысын алып отыр. Бала толық болмаса да тиісті азық-түлік бөлініп отыр.

Ал интернатқа негізінен мінез-құлқы қиын, ата-анасына бағынбай көше кезіп кеткен балалар сот шешімі арқылы әкелінеді. Сондықтан бала саны аз болса да, оларға қарайтын 39 жұмысшының әрқайсының өз міндеті бар дейді білім басқармасындағылар.

ӘЗИЗБЕК ІЗІМБЕТОВ, Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір оңтайландыру жұмыстары басталып кетті. Алдағы 2024 жылдары қиын жағдайда қалған балалардың орталығы қылып, қайта құрып сол жерде әлеуметтендіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, басқарма басшылары бюджеттен бөлініп келген миллиондар мақсатты жұмсалды деп сендіріп отыр.

Тектес:

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
28 қараша 2022