Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Азаттық бүгін Алматыда "Қанды Қаңтар құрбандары" кітабын таныстырады

azattyq.org

Азаттық бүгін Алматыда Қанды Қаңтар құрбандары кітабын таныстырады

12 қаңтарда Алматыдағы Ramada қонақүйінде Азаттық "Қанды Қаңтар құрбандары" атты кітабын көпшілікке таныстырады. Жинаққа 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның бірнеше қаласында қаза тапқан адамдардың кейбірінің оқиғалары топтастырылған. Кітапта кейінгі бір жылда Азаттық жариялаған жеке адамдар туралы 18 оқиға іріктеліп алынды."Қаңтарда оққа ұшқан әр мұңлықтың оқиғасы құйқа тамырыңды шымырлатады. Алматыда оқ қарша жауған көліктің ішінде болып, бас сүйегі шашылып қалған 4 жасар Айкөркем Мелдехан, дүкенге нан алуға анасымен шығып, снайпер оғынан жан тәсілім еткен Сұлтан Қылышбек, көлігі түгелдей өртеніп, сүйектерін балалары жинап алған ерлі-зайыпты желтоқсаншылар Гүлзипа Құлсұлтанова мен Қуат Біткенбаев, кәмелет жасына толмай оққа ұшқан тараздық Андрей Опушиев пен шымкенттік Абылай Ергеш... Зар еңіреген ана, азаматын жоқтаған әйел, жетім қалған бала..." деп жазылған кітап алғы сөзінде.Жинаққа Азаттық тілшілері Қаңтар оқиғасы күндері және одан кейін түсірген фотосуреттер де енгізілді.Бейсенбі күні бұған қоса, "Қаңтар және қазақ журналистикасы" атты дөңгелек үстелде былтырғы қанды оқиғаның елдегі сөз бостандығы мен пікір еркіндігіне әсері жайлы сөз болады.Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қасіретті оқиға – Қаңтар дүрбелеңі кезінде хабар таратқан журналистер қандай кедергіге тап болды? Журналистер кәсіби адалдық, этика принциптерін қаншалық сақтады? Осы және өзге мәселелер талқыланады.Азаттық былтыр 1 маусымда Қаңтар құрбандарының тізімі жүйеленген арнайы микросайт әзірлеп, оны жұртқа таныстырған. Микросайтқа марқұмдардың деректері топтастырылған. Жоба әлі жалғасып, деректер толығып жатыр.Қаңтар ақиқатын ашу, оқырманға шындықты жеткізу Азаттықтың басты миссиясы болып қала бермек. Азаттық радиосы алда да бұл тақырыпты назарда ұстайды.Бір жыл бұрын сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған бейбіт наразылықтың аяғы бірнеше қалада тәртіпсіздікке айналды. Ресми дерек бойынша кемінде 238 адам қаза болған. Сарапшылар Қаңтар қантөгісінен бері жыл өтсе де негізгі сұрақтарға әлі жауап жоқ деп санайды. Құқық қорғаушылар адам өлімі бойынша қозғалған қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылғанын, азаптау шағымдарының көбі қаралмағанын айтады. Ал "Қаңтар біржақты тергелді" деген сынмен келіспейтін билік елде Қаңтарға байланысты 5300 қылмыстық іс қозғалғанын, мың жарымнан астам сот үкімі шыққанын, тергеу әлі толық бітпегенін айтады.Қазақстан қоғамы, халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын анықтау үшін халықаралық зерттеу жүргізуді бірнеше рет ұсынған, ресми Астана келіспеді.
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
19 сәуір 2024