Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Ұлттық қордан әр балаға қаражат аудару: Негізгі шарттар әзірленді

alashainasy.kz

Ұлттық қордан әр балаға қаражат аудару: Негізгі шарттар әзірленді

Қаржы министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тәсілдерін әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы жыл сайын 18 жасқа дейінгі балалар арасында бөлінеді. 18 жасқа дейінгі баланың шотында жинақталатын қаражат шамамен 3,5 мың АҚШ долларын құрауы мүмкін. «Тиісті есепшот «БЖЗҚ» АҚ-да Әділет министрлігінің жеке тұлғалар дерекқоры негізінде автоматты түрде ашылады. Жыл сайын қаңтар айында жобаға қатысқан сәттен бастап 18 жасқа толғанға дейін «БЖЗҚ» АҚ-дағы балалардың шоттарында шартты түрде қаражат есептеледі. Мысалы, егер бала жоба басталған кезде 5 жаста болса, оған жыл сайын 13 жыл ішінде, яғни кәмелетке толғанға дейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі бөлінеді», - делінген Қаржы министрлігі мәліметінде. Атап айтқанда, жобаға Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қатысады. Егер 18 жасқа толғанға дейін елден кетіп, Қазақстан азаматтығын өзгертсе, онда төлемдерді талап ете алмайды. Қаражат балалар арасында қайта бөлінеді. Бала 18 жасқа дейін азаматтығын ауыстырмай, елден кеткен жағдайда, аталған төлемдерді алу құқығы сақталады. Сонымен қатар шоттағы қаражатқа салық салынбайды. Іс жүзінде 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда қалып, инвестиция ретінде игеріледі. «18 жасқа толған кезде қаражат баланың меншігі болады, ол қаражатты қалай пайдалану керек екенін өз еркімен шешуі керек (білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға). Бұл ретте шетелдік ЖОО-да оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалануға шектеу болмайды. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу үшін қаражатты пайдалану тек Қазақстан аумағында ғана рұқсат етіледі», - деп аталып өткен министрлік хабарламасында. Бұдан бөлек, азаматтық заңнамаға сәйкес, іс жүзінде жинақталған қаражатты мұрагерлік бойынша беру мүмкіндігі ескерілген. Жалпы, ұсынылған алгоритм бойынша жобаны іске қосу үшін заңнамаға өзгерістерді қоса алғанда, дайындық жұмыстарын жүргізу қажет. Биыл Қазақстан Республикасының заңнамасына және тиісті нормативтік құқықтық актілерге түзетулер қабылдау жоспарланып отыр. Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын айтқан болатын. Осы ретте жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% балалардың жеке шотына аударып отыруды ұсынды. Ауқымды жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылмақ. ҚазАқпарат
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
19 сәуір 2024