Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Тұрар Рысқұлов және Германияда оқыған қазақ жастары жайлы не білеміз?

newsroom.kz

Тұрар Рысқұлов және Германияда оқыған қазақ жастары жайлы не білеміз?

Ғылыми іссапармен Мәскеу қаласында жиі боламын. Қаланың архивтері, кітапханалары мен музейлерімен қатар әр сапарымда міндетті түрде зиярат жасайтын жерім – «Коммунарка арнайы нысаны». Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсұн өз мақаласында жазды,- деп хабарлайды newsroom.kz

Бес мыңға жуық саяси қуғын-сүргін құрбандары мәңгілік мекен еткен қасіретті зиратта Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Ғ.Бірімжановтарға ескерткіш тақта орнатылған. Ұлттың болашағына қызмет еткен қайраткерлеріміздің тағдыры түрлі ойларға жетелейді.

ХХ ғасыр басындағы Түркістан өлкесі ескі мен жаңаның тартысы түрінде саяси-экономикалық және мәдени-рухани тұрғыда бұрқылдап қайнап жатқан қазанды көзге елестетіндей еді. Шаруашылықты жүргізуге, кәсіпті игеруге, қоғамды модернизациялауға жаңа үлгідегі іскер тұлғалар керек болды. Осы қажеттілік жастарды Ресейден тыс шетелдік жоғары оқу орындарында оқытып, білікті кадрлар дайындау мәселесін күн тәртібіне қойды. Осы қажеттілік мемлекеттік саясатқа айналып, 1922 жылы Түркістан мен Бұхарадан Германияға студенттер жіберу қолға алынды. Осы бағдарлама аясында Т.Рысқұлов Түркістан Автономиялы республикасы үкіметінің басшысы ретінде 1923 жылдың күзінде Германияға сапармен барғаны белгілі. Бұл сапар БК(б)П Орталық Комитетінің келісімімен жоғары деңгейде ұйымдастырылған ресми сапар болатын. Сапардың басты мақсаты Германияда оқып жүрген студент жастардың жағдайын білу және екі ел арасында осындай жұмыстарды жалғастыру мүмкіндігін қарастыру болды.

Сапар барысында үкіметтік деңгейде қандай қабылдаулардың, кездесулердің болғандығы жөнінде дерек жоқ. Т.Рысқұловтың өзі де түрлі жазбаларында ондай қабылдаулар жөнінде дерек қалдырмаған.

2006 жылы Мәскеудің архивінен Т.Рысқұловтың 1924 жылы И.Сталинге жазған құпия хаттарымен бірге қолымызға оның Германияға сапары туралы есептері де ілінген еді. Осы құжаттардың деректері тақырыпты деректік негізде тарқатуға мүмкіндік береді. Бұл тақырыпты деректік негізде тарқатуымыз екі мақсатты көздейді. Біріншісі, былтыр мен биыл Орта Азиядан Германияға жастарды оқуға жіберудің 100 жылдығын көрші ел – Өзбекстан жоғары деңгейде атап өтіп отыр.

Түркістан Республикасы үшін аса қажетті мамандықтар бойынша шетелге оқуға студенттер жіберу мәселесі Ағарту халкомы деңгейінде бірнеше рет көтерілген. Бұхара Халық Республикасының басшылары Файзулла Қожаев, Фитрат тарапынан да осындай бастамалар көтеріліп, соңында Түркістан Республикасымен бірге осы мәселе шешімін табады.

Нәтижесінде 1922 жылдың соңында Түркістан мен Бұхарадан 70-ке жуық әртүрлі жастағы жігіттер мен қыздар Германияның түрлі қалаларына оқуға аттанады. Олардың таңдаған мамандықтары өлке үшін маңызды салаларды қамтыды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, тоқымашылық, химия, электротехника, былғары өңдеу, фалсафа, педагогика, медицина мамандықтары еді.Оның осындай тарихи алғышарттары болған.Т.Рысқұлов студенттердің таңдаған мамандықтары Түркістан өлкесі үшін аса зәру мамандықтар екендігіне көз жеткізеді және олардың өз оқуын ықыласпен оқып жүргендігін, елге қайтып, алған білімдерін халық пен мемлекеттің игілігіне жұмсауға құлшынып жүргендігін де атап көрсетеді. Тұрардың мақаласынан Германиядағы студенттер арасында 4 қазақ бар екендігі айтылады. Сонымен қатар, Германиядағы елшілікте болған кездесуде Елшілік жанынан студенттерге басшылық жасайтын өкілдік ашу қажеттілігін айтып, «осындай құрылымдық өзгерістер іске асса студенттердің әлдеқандай теріс ықпалға еріп кету қаупі жойылады» деген қорытынды жасайды.

Дегенмен, жастарды елге қайтаруға байланысты мәселелер толастамады, олардың үстінен қадағалау күшейе түсті. Қайраткердің осы сапарының салдары кейін оның өз тағдыры үшін өте ауыр болды.

Ең алғашқы сынақ, Т.Рысқұловтың Германия сапарының қаржылық есебі түрінде көрініс берді. РГАСПИ қорларында Т.Рысқұловтың Германияға сапарына қатысты дау-шарлардан өзін қорғау үшін ұсынған бірқатар құжаттары сақталған. Осы құжаттардың дерегінде мынадай мәліметтерге кез боламыз: Т.Рысқұловқа осы сапары үшін 20 мың алтын ақша немесе 2 мың червонец бөлінген. Ол американ долларына ауыстырылғанда 9500 долларды құраған. Осы қаржының жаратылуы жөнінде Т.Рысқұлов құзырлы органдарға жазбаша есеп береді. Қаржының басым бөлігі студенттерге стипендия ретінде таратылған. Атап айтқанда, түркістандық 11 студенттің әрқайсына 200 доллардан 1923 жылдың соңғы төрт айына және 1924 жылдың қаңтар айларына стипендия берілген.

1923 жылдың 17-қыркүйегі мен 10-қазаны аралығында Т.Рысқұловқа жолбасшы және аудармашы болып қызмет көрсеткен Ғ.Бірімжановқа 100 доллар төленгендігіне қарап, қайраткердің Германияда болуын осы аралықпен шектеуге болмайды. Ол ресми құжаттарының бірінде Германияда бір айдан астам болғандығын жазады.

Ендігі мәселе, Германияда оқыған қазақ студенттерінің саны ресми құжаттарда төртеу деп жазылса (Ғ.Бірімжанов, Ә.Мұңайтпасов, Д.Битілеуов, Т.Қазыбековтер) «Ақ жол» газетіндегі жарияланымдар олардың бесеу екендігін айтады. РГАСПИ қорларындағы құжаттардан олардың бесіншісі Бөкей губерниясы Теңіз уезінің тумасы, Қазан университетінен Түркістан университетіне ауысқан Сабыр Танашов болып шықты. Ол Берлин ауылшаруашылығы институтының қант қайнату факультетінде оқыған. Оның «түркістандық стипендия алушылар қатарына қосып», өзіне «стипендия тағайындау» туралы өтінішін қанағаттандырған Т.Рысқұлов оған екі айлық стипендия бергізеді.

Германия сапарына жұмсалған қаржы жөнінде көтерілген даңғазаға наразы болған Т.Рысқұлов 1923 жылдың 18 желтоқсанында Сталин мен Рудзутактың атына хат жазып, өзінің әрбір қадамын аңдыған бұндай әрекетке наразылығын танытады.

Т.Рысқұловтың Германияға сапарының ең үлкен салдары «Үлкен террор» кезінде оның шетелдегі пантүркішіл ұйымдармен байланысын айғақтайтын дәлел, дәйек түрінде көрініс тапты. Ол қамауға алынғаннан кейін жүргізілген алғашқы тергеулерінің бірінде, атап айтқанда 1937 жылдың 3-шілдесіндегі тергеу хаттамасында «Осының бәрі менің Германияға сапарымнан басталды» дей келіп, «шетелге студенттер жіберудегі мақсат эмиграциядағы пантүркішіл ұйымдармен байланыс орнату болғандығын, сол үшін де баратындар қатарына ұлтшыл жастар таңдалғандығын» көрсетеді. Сол студенттер қатарында Ғазымбек Бірімжановтың есімі ерекше аталады .Мәскеуде биліктің жоғары эшелонында қызмет істеген қазақ ұлттық саяси элитасы өкілдері - Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақовтардың «Үлкен террордағы» айыпталуы 1937 жылдың 8 маусымындағы КСРО Ішкі істер халық комиссариаты Мемлекеттік қауіпсіздік Бас басқармасының «кеңеске қарсы пантюркистік ұлтшылдық ұйымдар туралы» циркуляр хатымен байланысты. Ол хат осы жылдың көктемінде Орта Азия мен Татарстан республикаларында ұлт зиялыларын тұтқынға алу науқаны нәтижесінде жазылды. Циркуляр хатта соңғы кезде шығыс республикалары мен облыстарда кеңеске қарсы астыртын жұмыс жасайтын ұлтшылдық элементтердің белсенділігі артып отырғандығы айтылған. Олардың қызметі танымал «Алашорда», «Муссават», «Милли-Фирка», «Милли-Иттихад» ұйымдарымен байланыстырылады. Осындай айыптаулармен Т.Рысқұлов 1937 жылдың 21 мамырында тұтқынға алынды. Н.Ежовтың жолдама хатымен ұсынылған олардың тергеу хаттамаларымен Сталиннің өзі тікелей танысып, тиісті нұсқаулар беріп отырған. Демек, саяси қуғын-сүргіннің жойқын үйірімінен алаштық, ұлтшылдық идеясына тартылған ұлттық элита құрамынан ешкімнің де аман қалуы мүмкін емес еді.

Сол кезде қамауға алынған қайраткерлерді тергеудің қатаң тәртібі қалыптасты. Тергеудің адам құқын аяққа таптап, өрескел жүргізілгендігі өз алдына, «қажетті» мойындауға қол қойдыру үшін тергелушіні ұрып-соғу тәсілі қолданылды. Бұл жөнінде тұтқынға алынып, әртүрлі мерзімге кесілгендер ғана емес, жаппай қуғын-сүргін кезінде заңдылықты бұзғандығы үшін айыпталған НКВД қызметкерлері де куәлік етеді. Тергеуде «физикалық ықпал ету» тәсілін қолдану жөнінде Сталиннің де жазбалары сақталған.Тұрар Рысқұлов 3 шілде 1937 жылғы тергеу хаттамасында Рыковтың Мәскеу мен Орта Азиядағы және Қазақстандағы шетелдік елшіліктермен байланыс орнату туралы ұсынысынан соң бірін-бірі алмастырып, Геджас-Аравияда КСРО өкілетті елшісі болып қызмет істеген Төреқұлов және Хакимовпен кездескендігін, ол екеуінің Германия, Жапония және Түркияның барлау органдарымен ертеден байланыста болғандығын айтады.

Осы айыптаулардың табан тірейтін дәйегі Т.Рысқұловтың 1923 жылғы Германияға сапарына қатысты болды. Жоғарыдағы аталған Т.Рысқұловтың тергеу хаттамасы барлығы 25 парақты құраған болса, оның үш парағында осы сапарында студенттермен жүргізген агентуралық жұмыстары, Германия сыртқы барлау қызметімен кездесулері, Түркістанға неміс өнеркәсібінің концессияларын орналастыру, Кеңес Одағынан бөлінген жағдайда Түркістан мен Қазақстанның Германия протекторатына көшуі және т.б. туралы өзара келіссөздерді құрайды.Т.Рысқұловтың тергеу хаттамасындағы Түркістан мен Қазақстанда жұмыс істеген пантюркистік ұйымдар «неміс барлау агентурасына айналды» деген көрсету тергеушілердің кішкене детальдан үлкен конструкциялар жасайтын «шеберлігімен» үлкен айып болып тұжырымдалды.

Т.Рысқұловтың Германияға сапарының себептері ізгі мақсаттарды көздегенімен тоталитарлық биліктің қуғындау саясаты барысында оның салдары жеке өз басы үшін ғана емес, өзге тұлғалар үшін де орны толмас қасіретке айналды.

Германияда оқыған қазақ жастарының тағдыр-талайын ғылыми қалпына келтіруде «Ақ жол» газетінің жарияланымдарын дереккөз ретінде пайдаландық. Аталған басылымда осы тақырыпқа қатысты бірқатар мақалалар жарық көрген.

Германияда білім алып жатқан жастар Европаның ғылымы мен мәдениеті, озық технологиялары жайлы «Ақ жол» газетіне мақалалар жариялап тұрған. Сондай мақалалардың бірін Шеген деген бүркеншік есіммен Ғазымбек Бірімжанов 24 сәуір 1923 жылы жариялаған екен. Бұл мақала Берлиннен 23 қаңтарда жолданған. Ғазымбектің Европада алған білімі оның ой-санасын ғылыми таным деңгейіне көтергендігі осы мақаласындағы «Адамзат жаратылғаннан бері қарай жердің талай сілкінгеніне де болмай келе жатқан, ғасырдан-ғасырға күшейіп, өсіп-өніп, көркейіп келе жатқан бір-ақ адам болатын болса, оның жолы өлшеусіз жалғана беретін еңбек – білім. Бұл екеуі үзілсе, дүние кері кетпекші» деген философиялық пайымдаулар

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
19 қыркүйек 2024