Жамбылда той өткізудің жаңа ережесі ұсынылмақ
Жамбыл облысының шенеуніктері тойға реформа жасауды жоспарлап отыр. Яғни, той өткізудің жаңа ережесі бекітілмек. Шенеуніктер халықтың тойға шектен тыс шашылуын, асабалардың ас-жиында аузына келгенін байқап, осындай өзгеріс енгізуді ұйғарған. Ақсақалдар алқасы үндеу жасап, облыс әкімдігі оған қолдау білдірген. Арнайы есеп жүргізген әкімдік жамбылдықтардың жиі той ұйымдастыратынын байқады. Жексенбіде өңірде 30 мың адам тойханада болады екен. «Кейбір асабалар тым шектен шығып, шоу жасаймын деп, күлдіремін деп бүлдіріп жатыр. Қарияларды жерге аунатады. Ырым, болмайтын тыйымдар тауып алып жатыр. Жүгіртеді, шпагатка отырғызады. Соның бәрін желіге жүктеп, қазақ өзін өзі мазаққа айналдырып жатыр», – деді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық. Жауаптылар той сценарийін жазуды бастаған. «Жамбыл облысының ардагер зиялылары әкімге ұсыныс берген. «Той мәселесі, той мәдениетін қалыптастырайық, бір жүйеге түсірейік, ережесін бекітейік» депті. Соны әкімдік қолдап, руханият орталығына тапсырма жүктеді. Біз келер жылы той мәдениетін қалай қалыптастырамыз деген методикалық нұсқаулық шығарамыз», – деді Жасұлан Әбдіхалық. Тойханаға төрт түлік кіргізу, той иесіне тұлпар мінгізу бос дарақылық дейді реформашы топ. Сол себепті салт-дәстүрге сай өткізейік деп үндеу жариялаған. Жаңа ережеге сай жазылған той сценарийін жергілікті билік әр тойханаға таратқысы келеді. Оны қолдану-қолданбау – той иесінің жеке шаруасы. Ешкім міндеттеп, мойнына ілмейді. Тек ұсыныс ретінде айтылады.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
12 желтоқсан 2024