Допты жерге түсірмей 7994 рет тепкен бала рекорд жаңартпақ
Түркістан облысында тұратын 14 жастағы Мейрамбек Сілеусінов доп тебуден «Ордабасы» футбол академиясы ұйымдастырған сайыста 2 сағаттан астам уақыт бойы допты жерге түсірмей 7994 рет тепкен. Спорт сарапшыларының айтуынша, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. «Жарысқа 1 аптадай дайындалдым. Таңертең сабаққа кетемін, түсте келген сайын күніге 2-3 мың рет доп тебемін. Жарысқа барғанда қорықпадым. 8 мыңды істеймін дедім, кейін бас жүлдені алдым», – деді Мейрамбек. Ол 3 жылдан бері футболмен айналысады. Оны бұған ағасы Бекарыс баулыған. Ол інісінің ерекше қабілетке ие екенін байқап күн сайын бос уақытында доп тебуді үйреткен. Мейрамбектің рекорды әзірге құжат жүзінде бекітілмеген. Егер рекордтар кітабына енгізу үшін қайта доп тептірсе оған да дайын. Ал оқушының осы көрсеткішіне қарап, оны үлкен футбол клубтары шақырта бастаған. «Біздің ойымыз қазір бұл баланы ауданнан алып кету керек. Ағасына да айттық. Енді ағасы жақында інісі екеуі Шымкентке көшпекші. Содан кейін біз академияға аламыз. Ол жерден жақсы ойнаса, өзіміздің Ордабасыға шақырамыз. Ары қарай жататын жерін де, тамағын да «Ордабасы», Оңтүстік академия төлейді», – деді «Ордабасы» футбол академиясының өкілі Арман Пірманов. 8-сыныпта оқитын Мейрамбек болашақта Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ойнауды армандайды. Сонымен қатар доп тебуден өз рекордын 10 мыңға жеткізіп, әлемде бірінші болуды қалайды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қаңтар 2025