Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Қазақтың тұңғыш тракторшы әйелі 100 жасқа толады

kaz.365info.kz

Қазақтың тұңғыш тракторшы әйелі 100 жасқа толады

Тобыл-Торғай атырабы шежірелі тарихқа толы, тұңғыштардың мекені деседі. Алғаш қазақ жеріне келген кабинасыз шағын трактордың құлағында ойнаған да осы Қостанайдың тумасы – Ғаникамал Тәткенова болатын. Көнекөз қария бүгінде жүз жасқа қарады. Шөберелерінің мерейіне бөленіп, шөпшектерінің қолынан су ішіп отырған сүйегі асыл жан. «Әкеден үш жасымда жетім қалып, шешеме қолқанат болдым, үш бауырымды бірге тәрбиелеп шығардық. Колхоздың күйбең тірлігімен жүріп, сегізінші сыныпты толық аяқтап шықтық. Одан мұғалімдер даярлайтын училищеде бір жыл оқыдым. Бір күні ауылдың басқармасы келіп: «Сен трактор оқуына барасың, әйтпесе, жұмысшылардың қатарына жібереміз!», деді. Үйде – шешем мен үш бала, бас көтерер өзім болғасын қандай қарсы сөз айтасың?! Содан техниканың оқуын оқып, трактормен жер жырттым. Даланың талай қиындығына төздік», – дейді қария. Еңбек жолын өзі туып-өскен Меңідіқара ауданы Көктерек ауылында бастап, Теңіз ауылындағы Қайдар есімді жігітке тұрмысқа шықты. Сегіз қыз, екі ұлды өмірге әкелді. Әйел басымен мал бағып жүріп, әуелгі кәсібінен ажыраған жоқ. Әйтсе де ұстаздыққа жаны жақын әжей жыр, әпсаналарды жатқа оқитын. Содан болар, ұл-қыздарына Абайдың қара сөздерін оқытты. Ал отағасы ертеректе өмірден өткен. «Өмір бойы бейнет көріп, демалып отырғаным осы, балам. Екі ұлдың біреуі дәрігер. Хирург, травматолог. Жиі хабарласып, денсаулығымды бақылап отырады. Бүгін де жұмыс істеп жатқан жерінен келіп, мені 99 жасқа толғанымды атап өтуге құттықтап келіп отыр. Екінші балам өзі осы үйде асырып бағып отыр. Жыл сайын мен жайында жан-жаққа хабарлап, осылай газетке шығарып отырады. Қиындық өмір болғасын қашан да болады. Ішер ас, киер киімге зар болып, жалаңаяқ саз кешкен күндеріміз де болды. Қаншама жер ауып келгендермен бір үзім нанды бөліп жеген кездер өтті. Одан адам кемімейді. Біреуден бір ауыз жаман сөз естіп көргенім жоқ», – деп батасын берді қария. Алайда он баланы дүниеге әкелсе де алтын құрсақты ана алтын алқаға қол жеткізе алмаған. Кейбір балаларының шетінеп кеткенінен күміс алқа иесі атанды Десек те өнегелі өмірін көпке үлгі еткен кейуана жалғанның бұл тосынсыйын сары алтындай сабырымен қарсы алып отырған жайы бар.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
22 қаңтар 2025