Жоғары сынып оқушылары кәсіби мамандықты меңгеріп шығады – Мәжіліс заңды мақұлдады

- 10 - 11 сыныпта оқитын оқушылар үшін, мектеп бағдарламасымен қатар, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кəсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру туралы нормалар ұсынылды. Ол осындай мүмкіндігі бар жерлерде оқушылардың қалауымен іске асырылады, міндетті емес. Мысалы, аудан орталықтарында оқушылар бір ауысымда оқиды. Олар түстен кейін сол жердегі колледжге барып, қосымша жұмысшы мамандығы бойынша білім алады. Сантехник, аспаз сияқты мамандықтар бойынша грантпен түсіп, тек қана профильді пəндерді оқып, осылайша қысқартылған бағдарламамен нақты дағдыларды игеріп, қосымша мамандық алып шығу үшін бұл жақсы мүмкіндік, - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов аталған заң жобасын таныстыра отырып.
Халық қалаулысының айтуынша, 2022 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі 10-11 сынып оқушылары үшін кəсіптік даярлық беретін пилоттық жобаны іске асырып жатыр.
Пилоттық жоба аясында 17 өңірде 100-ден астам мектеп пен 40-тан астам колледжде 16 түрлі біліктілік бойынша оқыту жүргізілуде. Жоба аясында алғашқы оң нəтижелер байқалуда. Биыл 700-ден астам түлек жұмысшы біліктілігін растайтын құжат алады деп жоспарланған жəне бұл олардың еңбек нарығына еркін енуіне мүмкіндік береді. Қазір пилоттық жоба өзінің тиімділігін дəлелдеді, сондықтан оны заңнамалық түрде бекіту – бағдарламаның тұрақты жұмыс істеуіне кепілдік береді.
Сондай-ақ заң жобасында білім беру ұйымдарындағы штаттық құрылымның ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылған.
- Заң жобасында білім беру ұйымдарына штаттық бірліктер мен лауазымдар туралы ақпаратты өздерінің интернет- ресурстарында жəне бірыңғай платформада жариялау міндеті енгізіледі. Бұл шара білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам мен педагогтер үшін кадрлық саясаттың айқындығын арттырады, - деп толықтырды халық қалаулысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз!Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
11 наурыз 2025