Бүгін Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл

Бүгін қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші композитор, дирижер, домбырашы, КСРО халық артисі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл. Өнерге адалдығы, шығармашылық дарыны мен қайталанбас туындылары арқылы қазақ музыкасының дамуына зор үлес қосып, ұлттық өнерді жаңа белеске көтерді. Нұрғиса Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Атабай дәулескер күйші, домбыраның қыр-сырын жетік меңгерген шебер адам болған. Нұрғиса да домбыраға ерте қызығып, ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілігі бала күнінен қалыптасты. Нұрғиса Тілендиев композитор ғана емес, сонымен қатар өз ұлтының нағыз патриоты еді. 1943 жылы небәрі 18 жасында ол соғысқа аттанып, Қызыл Армияның ансамблінде өнер көрсетті. Жауынгерлердің рухын көтеріп, өнерімен қолдау білдірген талантты жас жігіт майдан даласында өнер көрсеткен санаулы қазақ музыканттың бірі болды. Соғыстан кейінгі жылдары ол Мәскеуде дирижерлік мамандығын жетілдіріп, түрлі оркестрмен жұмыс істеді. Оның қазақ ұлттық музыкасына деген махаббаты қайда жүрсе де оны жаңа шығармалар жазуға жетеледі. Нұрғиса Тілендиев – қазақ музыка өнерінде өшпес із қалдырған бірегей тұлға. Оның қаламынан шыққан әндер мен күйлер халықтың жүрегінен мәңгілік орын алды. Оның ең танымал шығармалары: «Ата толғауы», «Аққу», «Махамбет», «Көш керуен», «Өз елім», «Құстар әні». Бұл туындылар қазақ халқының ұлттық болмысын, оның терең тарихын, арман-мақсатын бейнелейді. Әсіресе, «Аққу» күйі – Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығындағы ең биік шыңдардың бірі. Ол бұл күйді табиғаттың тазалығы мен сұлулығын бейнелеу үшін жазған. Нұрғиса Тілендиев қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің дамуына үлкен үлес қосты. 1980 жылы ол «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін құрды. Бұл оркестр қазақтың ұлттық музыкалық дәстүрін жаңғыртып, халық күйлері мен авторлық шығармаларды жаңа деңгейге көтерді. Нұрғиса Тілендиев оркестрдің бас дирижері әрі жетекшісі болып, қазақ музыкасының асыл мұраларын дәріптеді. Оның басшылығымен «Отырар сазы» оркестрі халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетіп, қазақ музыкасының даңқын асқақтатты. Нұрғиса Тілендиев тек күйші-композитор ғана емес, сонымен қатар кино және театр музыкасының шебері болды. Ол 400-ге тарта ән мен романсқа қоса, 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазған. Атап айтсақ, «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Алдар Көсе» және т.б. Әсіресе, «Менің атым Қожа» фильміне жазған музыкасы елдің жадында сақталып, ұмытылмас жауһарлар қатарына енді.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
3 сәуір 2025