Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Аймақ басшысы ауылдықтарды алаңдатқан мәселелерге назар аударды

zhambylnews.kz

Аймақ басшысы ауылдықтарды алаңдатқан мәселелерге назар аударды

Жамбыл облысының әкімі Жуалы ауданындағы Күреңбел және Жетітөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен басқосуға құқық қорғау органдарының, салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты. Алдымен Күреңбел ауылдық Мәдениет үйінде өткен жиында жергілікті тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Екі елді мекеннен тұратын округте жалпы 394 аула бар. Ауылдықтарға бір орта мектеп, бір негізгі мектеп, балабақша, екі медициналық мекеме, бір клуб, бір кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Көгілдір отынмен қамтылған. Округте 194 шаруа қожалық тіркелген десек, олар мал шаруашылығы және егіншілікпен тұрақты түрде айналысуда. Техника алу, тыңайтқышпен қамту, өсімдік шаруашылығын дамыту және мал басын арттыру бағыттары бойынша қожалықтарға 101 миллион теңгеден астам субсидия берілген. Ағымдағы жылы ауылда шағын сүт өнімдерінің цехын ашу, жаңбырлатып суғару қоңдырғысын енгізу және басқа да жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Өз кезегінде күреңбелдіктер ауылға спорт кешенін салу, автожолға көпір соғу, жерді дәрілеу, ауыз суға қатысты мәселелерді көтеріп, округтің тұрмыстық табысты арттыру жобасына қашан енетінін сұрады. Аймақ басшысы ауылдықтарды алаңдатқан мәселелерге құлақ түріп, барлық сұрақтарға облыстық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып жауап берді. Кейбір мәселелердің маңыздылығына қарай айрықша назар аударып, шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, аталған жоба аясында қазіргі таңда ауданның үш ауылдық округінде жұмыстар жүріп жатқанын, 2025 жылға дейін облыстың барлық ауылы қамтылатынын айтты. Дәл осындай форматтағы кездесу Жетітөбе ауылдық округінде де өтті. Жалпы алты елді мекеннен тұратын ауылдық округке газ, ауыз су тартылған. Бүгінде тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту жөніндегі жобаның бес бағыты бойынша 2,5 пайыздық несиелеу шаралары жүзеге асуда. Облыс әкімі аталған жобамен қатар ауылдағы әлеуметтік мәселелер де кешенді түрде шешілуі маңызды екенін атап өтті. Ол үшін жауапты тұлғаларға мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып, жан-жақты жұмыстар жүргізу үшін нақты міндеттер жүктеді. Жиында ауылдықтар тарапынан көтерілген жайылым, тоғанға көпір салу, көше жөндеу және өзге де маңызды сауалдарға жауаптар берілді. Аймақ басшысы жергілікті тұрғындарды округ әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге, қолдауға, ортақ жауапкершілікті сезінуге шақырып, сонда ғана көп мәселелерді шешуде нәтижеге жетуге болатынын баса айтты. Кездесулерден соң Нұржан Нұржігітов облыстық құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
25 сәуір 2024