"Болашақта АЭС-тан басқа энергия көзі қалмайды"
АЭС Қазақстанға нақты не үшін керек? Тек электр энергиясын өндіру үшін бе, әлде басқа да қажеттіліктерді өтеу үшін бе? Бұл сауалды біз бірнеше сарапшыға қойып көрдген едік, - деп хабарлайды newsroom.kz
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы Атом энергиясы институты директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы атом саласының еңбек сіңірген қызметкері Ерболат Қоянбаев баламалы энергия көздері тұрақты емес екенін айтады.
– 6 қазанда өтетін референдум «Қазақстанда атом энергетикасын дамытамыз ба, жоқ па?» деген сұраққа жауап береді, - дейді ол. – Негізі базалық энергия көздері ретінде жылу (көмір мен газ), гидро және атом секілді үш түрлі электростансаларды қарастыруға болады. Бүгінде жасыл энергия көзі ретінде гидроэлектростанса және атом электрстансасы жиі айтылып жүр. Жылу электр стансасы экологияға көмірқышқыл газын шығаратын жасыл энергия көзі емес. Ал біз үшін көмірқышқыл газын атмосфераға шығармау қажет. Еліміз жасыл энергия көздеріне ауысуды мақсат етіп отыр. Қазақстанда 1960 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жылу электр стансалары бар. Олар ескірген. Көп стансалардың жағдайы шамалы.
Энергетика министр Алмасадам Сәтқалиев Ертіс каскадының қуатын арттыруға мүмкіндік беретін дербес станция — Шүлбі ГЭС қарсы реттегішін салу туралы айтты. Біздің елде ГЭС салатын өзендердің де саны көп емес. Сол себепті гидроэлектростансасы көп қойылмайды. Газ бен мұнайдың қоры шектеулі. Сондықтан да АЭС-ті экологияға ешқандай кері әсері болмайды деп ұсынып отыр. Болашақта АЭС-тан басқа энергия көзі қалмайды. Баламалы энергия көздері де тұрақты емес. Ал біз үшін көміртекті бейтарап энергия көздері қажет. Болашақта АЭС-тан басқа энергия көзі қалмайды. Қазір салынуға ұсынылып жатқан үшінші буындағы реакторлар. Кейбіреулер айтып жүрген газатурбиналық электр стансасының жұмыс істеу мерзімі — 25 жыл. АЭС 100 жылға дейін жарамды. Сарапшылар да газатурбиналық стансасын орнату аз уақыт алғанмен, оның нәтижесі шамалы екендігін айтады. Осы жағынан қарағанда қайсысы тиімді, соған басымдық беру керек.
Ұлттық ядролық орталығында жұмыс істеп жатқаныма 24 жылдан асты. Мен осы салада жұмыс істеп, оның қыр-сырын білемін. АЭС салу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл салада «бармақ басты, көз қысты» жағдайлар жоқ. Қазақстанда екі ядролық зерттеу орталығы бар.
Иә, бүгінде атом электр станциясын салу туралы жария талқылаулар аяқталды. Десе де, қоғам пікірі екіұшты. Жұртшылық оның қауіпсіздігіне алаңдаулы. Осы орайда біз де жергілікті жұртшылықтың пікірін білмек болып, хабарласқан едік. Сонымен, бізге АЭС салу қажет пе? Оның атом энергиясын пайдаланудың тиімділігі неде? Әлі күнге бір шешімге келе алмай отырғанымыздың себебі неде? АЭС салудағы қай мемлекеттің тәжірибесіне сүйенген жөн? Бұл сауалға «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсуповтың өз жауабы бар.
– Семей ядролық сынақ алаңының ащы залалын көзі көрген халық үшін «бейбіт атом» сөзінен сескенуін қабылдау керек, - дейді ол. –Соңғы жылдардағы әлемдік нарықтағы мұнай және газ бағасының тұрақсыздығы мен энергия көздері табиғи қорының жылдан-жылға азайып бара жатқанын оқып, біліп жүрміз. Мұның салдары адамзатты басқа балама қуат көздерін іздеуге мәжбүр етіп отырғаны жасырын емес. Осы жолда жаһандық экономика, өзге баламалы қуат көздеріне қарағанда атом энергетикасы әлдеқайда басымдыққа ие. Оның үстіне атом саласын зерттеп жүрген ғалымдар мен беделді сарапшылар «бейбіт атомның» қауіпсіздігі, адамзаттың электр қуатына деген қажеттілігінің өсуін қамтамасыз ете отырып, парник газдарымен ауаны ластауды төмендетуде атом энергетикасы елеулі рөл атқаруы мүмкіндігін жиі айтып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанның «таза» атом электр энергиясына мұқтаж екенін айтқан еді.
Жуырда салалық министрлік энергия тұтынудың орта мерзімді болжамын жариялады. Бұл құжатқа сәйкес, 2023-2029 жылдар аралығында елімізде пайдаланылатын электр энергиясының көлемі жыл сайын орта есеппен 3%-ға артады екен. Өндіріс те өседі, бірақ бірдей қарқынмен емес. Алдағы жеті жылдағы электр энергетикасындағы өндіріс пен тұтыну деңгейі 2023-2025 және 2028 жылдары сальдо теріс болатынын көрсетеді. Жыл сайын 1,3-1,6 млрд. кВт сағат жетпейді. Ал, 2029 жылы тапшылық шегіне жетіп, 5,5 млрд. кВт сағат болмақ.
Ал жалпыхалықтық референдумға шығарылып отырған мәселе бойынша біздің партияның ресми ұстанымын әзірлеуге арналған «Ақ жол» демократиялық партиясының Ұлттық кеңесінің пленумында кеңінен айтылды. Отандық бизнес пен өнеркәсіп өкілдерінің мүддесін қорғайтын «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін қазіргі таңда өңдеуші кәсіпорындарды энергиямен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Халықтың көп бөлігі бұл жаңалықты қорқынышпен, үреймен қабылдап отыр. Өйткені, көп отбасының азаматтары кезінде Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан. Содан да болса керек, АЭС десе сол оқиғаны еске алады. Халық арасында насихат жұмыстары жүруі қажет. Түсіндіру керек. Пайдасының зорын, зиянының жоқтығын жеткізу маңызды.
Ғылым мен технологияның дамыған кезеңінде АЭС-тің арзан қуат екені рас. Біз электр жарығынсыз ешқандай тіршілік жасай алмаймыз. Ол біздің зауытқа да, өнеркәсіпке де, күнделікті тіршілікке, жер астындағы шахталарға да керек. Соңғы кездері энергия тапшылығы сіз де, біз сезініп, көріп жүрміз. Оның үстіне шетелдік инфесторларды тарту да атом эектр станциясының пайдасы зор болмақ. Сондықтан әлемдік әйгілі компанияларды тартқымыз келсе, бізге тұрақты энергия көзі ауадай қажет. Ал, қай мемлекеттің тәжірибесіне сүйену керек дегенге келсек, ол мәселе мамандардың еншісіне қалсын.
Сондай-ақ, біз бұл орайда Чернобыль ардагері Серік Мырзағаливтың да пікірін білген едік.
– Мен нағыз апаттың орнында болған адаммын, - дейді ол. – Тарихтан белгілі, апаттан кейін жарылған 4 блоктың реакторынан небәрі 8 минутта шыққан 140 тонна радиоактивті отын ауаға тарап, оның зияны АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатына тең болды. Улы сәуле шабуылы Украинаның Киев, Житомир, Белоруссияның Гомель, Могилев, Ресейдің Брянск облыстарына толығымен тараған. Ол кезде мен әскери борышын өтеген, жасым отызға таяған жігіт ағасы едім. Құрылысшы болып еңбек етіп жүргенмін. Чернобыльдықтарға үй саласыңдар дегесін, өзім құрылысшымын, сендім. Чернобыльға 50 адам болып поезбен аттандық. Сол отарбада ғана апат алаңына бара жатқанымызды ашып айтты. Поезға мінгенде адам лық толы болатын, кейін бізден басқа адам қалмады. Елді мекендер елсіз, бос қалған. Діттеген орынға жеткен соң, маған насоспен бетон құю жүктелді. Арасында жоғары көтеріліп, 15 минутқа ішке кіруге тура келеді. Қорғаныс құралдарынан тек распиратор берілді. Шындығы сол, ол жерде үш ай болдым, өте қиын жағдайда жұмыс жасадық. Ұшқан қарға жоқ. Бұл көріністің өзі қорқынышты еді.
Қазір халық АЭС салудан сескенеді деп жүр. Одан қорқудың қажет жоқ. Қазір жағдай бұрынғыдан көш ілгері. Ғылым мен технология қарыштап дамыған заман. Атом электр станциясы, ол — жоғары технология. Қазіргі таңда 30 мемлекетте 200-ден астам АЭС бар екен. Сол станцияларды 400-ден астам реакторлар жұмыс істейді. Біз АЭС дегенде “Чернобыль” мен “Фукусиманы” еске аламыз. Алайда аталған елдер АЭС-тен бас тартып отырған жоқ. Керісінше көршіміз аспан асты елі алдағы 10 жылдықта 50 реактор салайын деп жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тек бұл емес, экологиялық және атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту қажет. Осы орайда, шығарындылар мен қалдықтарсыз жаңа буын электр станциясын салу – бұл экологиялық таза және жоғары технологиялық кәсіпорындарға жасалған маңызды қадам деп ойлаймын.
Ал, «КEGOC» АҚ Батыс аймақтық электр желісі Индер подстансасының бастығы Қайрат Қабиевтің ойынша, АЭС салу арқылы Қазақстан импортқа тұтастай тәуелсіз болады. Сәйкесінше, бұл ел экономикасын еселей түсетіні анық.
– Атом электр стансасын салу болашақта орын алуы мүмкін энергия тапшылығының алдын алуды көздейді, - дейді ол. – Сөз жоқ, бұл – орынды бастама. Одан келер қауіп жоқ. Өзіміз де токпен тікелей жұмыс істегендіктен, бұл жайт бізге жақсы таныс. Алтыншы қазан күні өтетін референдумда ел тұрғындары саналы таңдау жасайды деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерізімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз қажет» деді. Жалпы, атом электр станциялары әлемдегі электр энергиясының маңызды көздерінің бірі болып табылады. Сонымен қатар, атом электр станциясы арқылы көптеген елдер экономикалық және әлеуметтік дамуда негізгі мәселелерін шешіп отыр. Алысқа шаппай-ақ көршілес елдерді де мысалға алып қарасақ болады. Мәселен былтыр Өзбекстан Республикасы осы АЭС салуды жолға қойды. Сол арқылы олар энергия тапшылығы мәселесінен арылмақ. Ал бізде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас бар. Дегенмен менің ойымша, елдің энергетикалық дамуын арттыру үшін Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізу қажет. Сонда ғана тұрмыста маңызды роль атқаратын энергия мәселесіне түпкілікті шешіледі.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2024