Жылыту маусымын бастауға қазандықтар мен трубиналар дайын — ЭМ
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.
«Жылыту маусымын бастауға қазандықтар мен трубиналар дайын. Мәселен, Павлодар қаласында әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Барлық стансада 4,7 млн тонна көмір қоры бар. Қор жинаудың 10 және 20 тәуліктік нормативі бар. Көмір өндіретін кеніштер стансадан 200 шақырымнан жақын болса, онда 10 тәулікке, ал одан алыс болса 20 тәулікке жететін қор болуы керек.
Бұл нормативтер жылыту маусымы басталғаннан бастап қолданыста болады. Қазіргі уақытта стансалардың 90 пайызында қор жиналған. Екі-үш мекемеде бұл жалғасып жатыр. Мазутпен қамтамасыз ету мәселесі де бақылауда тұр. Бүгінде 90 мың тоннадай мазут бар. Бізде мазутпен жұмыс істейтін станса жоқ. Бірақ, мазут от жағу үшін қажетті қосымша отын саналады», - деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, елімізде әлеуметтік мазмут ұғымы енгізілген. Мәселен, мазуттың нарықтағы 1 тоннасы 150 мың теңге болса, әлеуметтік мазуттың 1 тоннасы 115 мың теңге мөлшерінде бекітілген.
Айта кетерлігі, жүйелік оператордың жөндеу кестесіне сәйкес электр стансаларында биыл 10 энергоблокта, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 5 энергоблокта, 30 қазандықта, 26 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергоблокта, 24 қазандықта және 18 турбинадағы жөндеу жұмыстары әр түрлі кезеңдерде жүргізіліп жатыр.
Электр желілері бойынша 20,8 мың шақырым электр беру желілерінде 422 кіші стансада, 4 054 тарату пункті мен трансформаторлық кіші стансаларда күрделі жөндеу жұмыстары көзделген. 18,6 мың шақырым электр беру желілері мен 351 кіші станса мен 3 851 тарату пункті мен трансформаторлық кіші стансаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз!Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2024