Белгісіз біреулер зиратқа апарып екі досты атып өлтірген
Белгісіз біреулер 11 тамызда түнгі сағат 2 шамасында Ақмола облысы Ақкөл елдімекеніндегі зиратта екі досты атып өлтірген. Көз жұмғандардың бірі – ММА бапкері Қайырбек Сәбиев пен оның досы Назарбай Тұрлыбек. Енді 26 жастағы жігіттің анасы кінәлілер лайықты жазасын алмай ма деп алаңдайды. Өйткені екі досты атқана қолданған қару әлі табылмаған. Марқұм Қайырбек Сәбиевтің анасы Гүлжан Бүргеғұлова мәселе мемлекет басшысына жеткенін қалайды. Ұлынан айырылған ананың айтуынша, күдіктілердің жақындары өте беделді адамдар және тергеуге әсер етіп кетуі мүмкін. «Түнде 92 жылғы екі жігіт менің ұлымды және оның екі досын көлікке мінгізіп, қала сыртына алып кеткен. Не үшін, неге тиіскендерін білмеймін, не керек болғанын түсінбедім. Орыс зиратына келіп, далаға шыққанда, оларға тапаншамен оқ жаудырған. Ұлыма, Назарбайға оқ тиген, ал үшінші досы тығылып, қашып үлгерген. Қайырбек ауруханаға жетпей, көз жұмды. Ал Назарбай бір күн комада жатып қайтыс болды, – деді марқұмның анасы. Сорақысы, оқиға орнында күдіктілер ұсталғанымен, тапанша әлі күнге дейін табылмапты. Енді Бүргеғұлова басты дәлелдің жоғалып кеткеніне алаңдаулы. Сөзінше, сол жерде күдікті оқ атқан соң, біреу тапаншаны алып кетіп, жасырып қойған. Тергеу әділ өтпеуі мүмкін деген қорқыныштан ана оқиғаны желіде айта бастады, Тоқаевқа үндеу жолдаған. Алайда үндеуден кейін оны 20 тамызда полиция бөлімшесіне шақырып, желіге ештеңе жарияламауды сұраған. Сөздерінше, тергеуге бөгет болады депті. Екі жігіттің өліміне байланысты полиция департаменті әлі тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. «Тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Алдын ала сөз байласу арқылы топпен жасалған екі адамды өлтіру» бойынша жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлерге 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта күдіктілер анықталып ұсталды, барлық қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», – деді Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Бек.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2024