«Командирі оқ атты»: Бас әскери прокуратура сарбаздың өліміне қатысты тергеуді бастады
Бас әскери прокуратура Маңғыстау облысында сарбаздың өліміне қатысты тергеуді бастағанын мәлімдеді. 2024 жылғы 7 қыркүйекте сағат 17:10 шамасында Ақтау қаласындағы ҚМ әскери бөлімдерінің бірінің взвод командирі «Оймаша» полигонының аумағында ПМ табельдік тапаншасынан қатардағы сарбазға оқ атқан. Салдарынан сарбаз қайтыс болды. «Сол күні Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады (ҚК 99-бабының 1-бөлігі). Тергеу органы күдіктіні ҚПК-нің 128-бабы тәртібімен ұстады және Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алды», – делінген хабарламада. Қажетті кешенді тергеу амалдары жүргізілуде, қылмыстың себептері мен өзге де мән-жайлар анықталуда. Іс бойынша процестік прокурор тағайындалды. Тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауына алынды. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәлімет жарияланбайды.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2024