Ағасын өлтіріп, үш туысын пышақтап тастаған
Астанада 21 жастағы Жанғали Жұматаев өз туыстарына пышақпен шабуыл жасап, бір туысын өлтіріп, тағы үшеуін ауыр жарақаттады. Қайғылы оқиға 17 қаңтар күні түнде Ғабиден Мұстафин көшесіндегі пәтерде болған. Оқиға болған пәтерде 60 және 50 жастағы апалы-сіңлілі тұрған. Олармен бірге әпкенің балалары мен ағасының жұмыссыз ұлы Жанғали Жұматаев өмір сүрген. Жанғали бос уақытында тек Standoff 2 атты компьютерлік ойын ойнаумен айналысқан. «Қайғылы түнде Жанғали смартфон арқылы осы ойынды ойнап отырған. Түнгі сағат 3 шамасында әпкесі оған телефонды сөндіріп, ұйықтауды сұраған. Жанғали бұл өтінішті елемей, ойынын жалғастырған. Екінші рет ескерту жасалғаннан кейін ашуға булығып, қылмысқа барған», – делінген тергеу мәліметінде. Жанғали Жұматаев қолына асхана пышағын алып, ескерту жасаған тәтесінің ұлына 20 рет пышақ сұқты. 28 жастағы ер адам жедел жәрдем келгенше мерт болды. Оның айқайынан оянған туыстары да оның шабуылына тап болған. 50 жастағы әпкесі беті мен мойнынан ауыр жарақат алған. 60 жастағы әйелдің қабырғалары сынған және денесінің әртүрлі бөліктері жарақаттанған. «Қазір зардап шеккен үш әйел де ауруханада жатыр, олар тірі. Күдікті қамауға алынды. Оның әрекеті «Адам өлтіру» және «Өлтіруге оқталу» ретінде сараланған», – делінген хабарламада.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қаңтар 2025