Тайландқа ақша табуға кеткен төрт қазақстандық Мьянмада құлдыққа түсті

Төрт қазақстандық азамат жұмыс іздеп Тайландқа барғанымен, адам саудасымен айналысатын топтардың құрбанына айналды. Олар Мьянмаға заңсыз жеткізіліп, алаяқтық байланыс орталықтарында жұмыс істеуге мәжбүр болған. Қазақстандықтармен бірге Өзбекстанның екі және Қырғызстанның сегіз азаматы да осындай қиын жағдайға тап болған. Дипломаттардың көмегімен барлық жәбірленушілер үйлеріне оралды. «Зардап шеккендердің айтуынша, оларға Таиландта жақсы жалақы төленетін онлайн жұмыс ұсынылған, тіпті тегін әуе билеттері де берілген. Алайда шекарадан өткен соң оларды заңсыз жолмен Мьянмаға алып кеткен. Онда қылмыстық топтардың қолына түсіп, оларды алаяқтық схемаларда жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Жәбірленушілер физикалық зорлық-зомбылық пен қорқытуға тап болған. Азат ету үшін қылмыскерлер үлкен көлемде ақша талап еткен», – делінген ресми хабарламада. Қырғызстанның Таиландта елшілігі болмағандықтан, Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттары қырғыз азаматтарының да еліне оралуына көмек көрсетті.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 сәуір 2025