Түркия президенті Ердоған Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуына қарсылық білдірді

azattyq.org

Түркия президенті Ердоған Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуына қарсылық білдірді

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған 16 мамыр, дүйсенбіде "Швеция мен Финляндия НАТО-ға қабылдау жөніндегі өтінішіне Түркияның келісімін алу үшін Анкараға келеміз деп әуре болмай-ақ қойсын" деді. Ердоғанның сөзін Reuters агенттігі хабарлады.Баспасөз жиыны кезінде Ердоған Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүшелігін мақұлдай алмайтынын айтты."Екі елдің де террор ұйымдар жөнінде айқын ұстанымы жоқ. Швеция – террор ұйымдар "балалайтын" орталық. Олар террористерді парламентке әкеліп, мінберге шығарады, террористерді арнайы шақырады", – деді Түркия президенті.Анкара Швеция мен Финляндия Күрдістан Жұмысшы партиясының содырларымен байланысы бар адамдарды және Фетхулла Гүлен ізбасарларын (Гүленді 2016 жылы мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылды деп айыптайды) паналатып отыр деп санайды. Түркия оларды террор ұйымдар санатына қосқан.Қандай да бір ел НАТО-ға қосылғысы келсе, ол жөніндегі өтінішін НАТО мүшелерінің бәрі қолдауға тиіс.Биыл ақпанның 24-іне Ресей Украинаға басып кіргенен кейін Швеция мен Финляндия НАТО-ға қосылу жөнінде шешім қабылдаған.14 мамырда Ердоғанның кеңесшісі Ибрагим Калин "Түркия Швеция мен Финляндияға НАТО-ның есігін жаппайды, бірақ қауіпсіздік мәселесі бойынша сөйлесуді, нақтырақ айтқанда күрд сеператистерін қолдауды тоқтатуды талап етеді" деген еді.16 мамырда Ресей президенті Владимир Путин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының форумында "НАТО-ның кеңейгені Мәскеуге тікелей қауіп төндірмейді, бірақ жауап реакция туғызады" деп мәлімдеген.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
3 шілде 2022