"Мазамды алмаңдар!" Божко "Қазақстандағы ұлтшылдар туралы" посты не үшін бөліскенін айтудан бас тартты

azattyq.org

Мазамды алмаңдар! Божко Қазақстандағы ұлтшылдар туралы посты не үшін бөліскенін айтудан бас тартты

Мәжілістің экс-депутаты, бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Facebook парақшасында "Нацистам из Казахстана – приготовиться!" (Қазақстандағы ұлтшылдарға – дайындалыңдар!) деп басталатын посты бөлісіп, кейін алып тастады. Жазбада Ресей бас прокуроры Игорь Красновтың "Қазақстанда украиналық үкіметтік емес ұйымдар қолдайтын русофобиялық әрекеттер бар" деген цитатасы келтірілген.28 маусымда Азаттық Божкоға хабарласып, осы репост жайлы сұрады.— [Азаттық радиосы] – менің сүйікті радиостанциям. Кейінгі 30 жылда сіздерге ЦРУ қанша төлегенін және қандай жолдармен төлегенін білдім. Сондықтан кешегі (Facebook желісіндегі репосты айтады – Ред.) жайлы ешқандай комментарий айтпаймын. Мен екі прокурордың кездесуін репост жасадым, басқасы жайлы айтарым жоқ. Сондықтан мазамды алмаңдар, - деді Божко тілшіге.Экс-депутат Азаттықтың "поста айтылған оймен келісесіз бе?" деген сауалына жауап беруден бас тартты.— Болды, сау бол! Мен сендерді жақсы білемін, қазір айналдырып әкеп, халық жауы етесіңдер, - деген Божко телефонды қоя салды.Божко депутат болған кезде бірнеше рет провокациялық ойларымен есте қалған. 2019 жылы қыркүйекте Қазақстан халқы ассамблеясының жиынынан соң Божко үкіметтен әлеуметтік көмек алғандар тізерлеп тұрып мемлекетке алғыс айтуы керек деген еді. Бұған қоса, ол мемлекеттен көмек сұрай беретіндерді "стойлоға" (мал қорадағы орын - ред.) қою" туралы да айтып қалған.Facebook желісіндегі поста Ресей бас прокуроры Игор Краснов пен Қазақстан бас прокуроры Берік Асыловтың кездесуі жайлы жазылған."Бұл туралы айту ыңғайсыз, бірақ украиналық үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда русофобиялық әрекеттер бар" деген Краснов "Қазақстандағы ұлтшылдық жойылады деп үміттенетінін" де айтқан.Кейінгі уақытта, әсіресе Ресей Украинаға басып кірген соң ресейлік депутаттар мен журналистер тарапынан Қазақстанды русофобияға айыптау жиіледі. Нұр-Сұлтан Ресейдің Украинаға басқыншылығы жайлы ресми мәлімдеме жасамаған.Қазақстан ішкі істер министрлігі сондай айыптаулардың бірін айтқан ресейлік журналист пен актер Тигран Кеосаянды елге кіре алмайтындардың тізіміне қосылатынын айтқан.Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 17 маусымда Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Қазақстанды айыптайтын ресейлік журналистер мен депутаттардың айтқанын «негізсіз» деді."Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі шектелген 22 елде 26 тілде хабар таратады. Корпорацияны АҚШ конгресі қаржыландырады, бірақ редакция тәуелсіз редакторлық саясат жүргізеді.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
19 тамыз 2022