Әлихан Смайылов Канаданың ЕО және Еуропа бойынша арнайы уәкілімен кездесу өткізді

almaty-akshamy.kz

Әлихан Смайылов Канаданың ЕО және Еуропа бойынша арнайы уәкілімен кездесу өткізді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Канада Премьер-Министрінің ЕО және Еуропа бойынша арнайы уәкілі, Канаданың Франциядағы Елшісі Стефан Дион Қазақстан-Канада ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Тараптар екіжақты сауданы дамыту, инвестициялық өзара іс-қимыл және энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің қызметін талқылады.

Әлихан Смайылов екі ел арасында кешенді сауда-экономикалық әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы өзара сауда көлемі 34%-дан астам өсіп, шамамен $500 млн-ды құрады, ал биылғы 9 айда бұл көрсеткіш $730 млн-ға жетті. Сонымен қатар Қазақстан экономикасына тікелей канадалық инвестициялар көлемі де арта түсуде, бұл көрсеткіш өткен жылы $385 млн-нан асты.

«Біз инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және өзара сауда көлемін ұлғайту бағытында әлеуеттің зор екенін көріп отырмыз. Қазақстан экономиканың түрлі секторларындағы өз өнімдерінің 45 түрін жеткізу көлемін $255 млн-ға ұлғайтуға дайын», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысының айтуынша, жүк транзиті және жаңартылатын энергия көздерін дамыту салаларында өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытудың мүмкіндіктері зор.

Өз кезегінде Стефан Дион қазақстандық тарапты Президент сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, республикада жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді.

Стефан Дион, нақтырақ айтқанда, энергетика секторындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларына, оның ішінде ЖЭК және декарбонизациялауды дамыту жөніндегі іскерлік байланыстардың келешектегі жай-күйіне тоқталды.

«Бұл – Қазақстан үшін де, әлемдік қоғамдастық үшін де өте маңызды қадам. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Атап айтқанда, “таза” сутегіне және басқа да тұрақты отынға көшу қызығушылық тудырып отыр», — деді Стефан Дион.

Тараптар сондай-ақ, екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алысты.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
28 қараша 2022