Түркістанда журналист Батырбековті өлтірмек болғандарға үкім шықты

azattyq.org

Түркістанда журналист Батырбековті өлтірмек болғандарға үкім шықты

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты республикалық "Сарыағаш-информ" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековтің өміріне қастандық жасау ісі бойынша үкім шығарды."Журналисті өлтіруге тапсырыс берді" деп айыпталған бұрынғы шенеунік Бауыржан Майрихов 11 жыл үш ай, Сабыржан Молдаходжаев 11 жыл, Әбдухамит Қуандықов 13 жыл, Мейіржан Досболов 12 жыл, Нұрғали Қыдырәлиев 12 жыл алты ай түрме жазасына кесілді.Майрихов пен оның сыбайласы Сабыржан Молдаходжаев жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді.Судья айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін, жаза тағайындау барысында олардың бұрын сотталмағаны, жәбірленушінің үш сотталушыға кешірім бергені, жауапқа тартылып жатқан үш азаматтың жас баласының бары назарға алынғанын айтты.Соңғы сот отырыстарының бірінде прокурор айыпталушылардың жазасын ауырлатып, оларды 15-19 жыл арасында әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған. Бірақ журналист Амангелді Батырбеков жазаны ауырлатуға қарсы болған.– Кінәсін мойындаса болды, бәрі қазақтың баласы ғой. Сондықтан олардың жағдайын ауырлатуға келіспедім. Осы айыптың өзі оңай емес қой, – деді Батырбеков.4 қаңтарға қараған түні Түркістан облысы Сарыағаш қаласында журналист Амангелді Батырбековтің ұлына үйінің маңында белгісіз біреулер оқ атқан. Кейіннен полиция қылмысқа қатысы бар деген бес адамды ұстаған.Олардың қатарында Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов бар. Іс материалдарына қарағанда, журналист Амангелді Батырбеков Facebook парақшасында Сарыағаш аудандық білім бөлімі қызметкерлері мен басшылығының жұмысын сынап, жазба жазған. Майрихов осы материалдар негізінде жұмыстан босатылған. Ол Батырбековтен өш алу үшін журналисті өлтіруге тапсырыс берген. Бірақ оқ Батырбековтың ұлы Дінмұхамедке тиіп, жас жігіт ауыр жарақат алған.– Осыған дейін 16-дай сот отырысы өтті. Іс әділ қаралды. Жаза дұрыс тағайындалды деп есептеймін. Менің ойымша, мұндай жағдай қайталанбауы керек. Бұл деген масқара ғой. Журналистерді сынағаны үшін тапсырма беріп, атқызып, өлтіру – барып тұрған жабайылық, ортағасырлық әрекет. Мұндайдың тамырына балта шабу керек, – деді журналист.Соттағы соңғы сөзінде Майрихов пен Молдаходжаев өздеріне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан. Қалған үш айыпталушы кінәсін мойындайтынын айтқан.Сот үкімі күшіне енген жоқ, екі тараптың апелляцияға мүмкіндігі бар.Айыпталушы Майрихов пен Молдаходжаев Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабымен, Қуандықов пен Досболов "Адам өлтіру", "Қаруды заңсыз жасау", "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", Қыдырәлиев "Адам өлтіру" және "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабымен айыпталған.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
28 қараша 2022