Алматыда пациенті өлтірген дәрігерге қатысты сот отырысы өтті

almaty-akshamy.kz

Алматыда пациенті өлтірген дәрігерге қатысты сот отырысы өтті

Алматыда гастроэнтеролог Юрий Шумковтың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Сот отырысы онлайн режимде өтті. Сотталушы тергеу изоляторынан қатысты. Оның барысында полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің қызметкері мен такси жүргізушісінен жәбірленуші ретінде жауап алынды. Алматы қалалық ІІД Алатау аудандық патрульдік полиция басқармасының командирі полиция аға лейтенанты Омарханов прокурордың сұрақтарына жауап берді. Ол дәрігер қаза тапқан күні, яғни 4 сәуірде қызметте болған. Таңғы сағат 09:40 шамасында қалада «күдіктіні ұстау» жоспары жарияланған. «Біз күдікті отырған көлікті ұстауға аттандық. «Сергек» базасының мәліметі бойынша, көлік «Шынырақ» шағын ауданына қарай бет алды. Барлық экипаж соңынан ердік, көлік Өтемісов көшесінің бойындағы бір үйдің жанында тоқтап тұр екен. Мен және үш әріптесім оны ұстадық», - деді тәртіп сақшысы. Оның айтуынша, ұсталған кезде күдікті артқы орындықта тегіс ұңғылы мылтықпен отырған. «Ұстау кезінде күдікті қарсылық көрсетті. Үстіне киген күртешесінің қалтасынан асхана пышағы түсіп қалды»,- дейді ол. Сонымен қатар, сот барысында такси жүргізушісі де сөйледі. Айтуынша, ол сол күні сағат 8:00-де әйелін жұмысқа алып барғанын, содан кейін қосымша арқылы тапсырыс қабылдай бастаған. Клиентті Байқадамов көшесіне апарып тастап, көлігін тұраққа қойып жатқан кезінде қолына қару ұстаған бейтаныс ер адам рұқсатсыз көлігінің артқы орындығына отырып, көлікті оталдырып, жүргізуді бұйырған. «Ол маған мылтық кезеп, кеттік деді. Мен қорқып, Байқадамов көшесінің бойымен жүрдім. Содан кейін әл-Фараби-Саин-Рысқұловқа шығып, «Шаңырақ» ықшамауданына қарай бет алдық. Полиция бізді сол жерде ұстады», - деді ол. Жәбірленуші күдіктінің өзі қайда бару керектігін айтып отырғанын және жолда телефонын алып емханаға хабарласқанын айтты. «Маған дәрігерді өлтіргенін айтып, кейін 30 мың теңге берді»,- дейді куәгер. Бұған дейін Юрий Шумковтың өліміне қатысты істің сотқа жолданғаны туралы жазған едік. Биылғы 4 сәуір күні Алматыда дәрігер емделуші пациентінің қолынан қаза тапты. Оны күдікті аңшы мылтығымен атып тастаған. Аса ауыр қылмыс қаланың Бостандық ауданында болған. Күдікті қалада енгізілген арнайы жоспар барысында Алатау ауданы аумағында ұсталды. Кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Юрий Шумков пен пациент арасында қандай да бір жанжал болмағанын айтты.
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
8 ақпан 2023