«Айтып келетін апат» – су тасқынына өңірлердің дайындығы қандай

inform.kz

«Айтып келетін апат» – су тасқынына өңірлердің дайындығы қандай

Жалпы, Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірлердегі ахуалға баса назар аударып, бірнеше әкімнен жауап алды. Үкімет басшысы ең алдымен биыл мол қар түскен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке сауал қойды.

«Облыстың таулы аудандарында биыл 4 айлық нормаға дейін қар түсті. Елді мекендерді еріген қар суынан қорғау үшін қандай іс-шаралар қабылдап жатырсыздар?», - деп сұрады Премьер-Министр.

Өңір басшысының дерегінше, облыстағы су тасқыны жағдайы тұрақты. Су ағыны мен деңгейі қысқы кезеңге тән. Қардың жиналуына және мұз жағдайына мониторинг жүргізіліп жатыр. Облыстық бюджеттен 1,18 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Облыстың 131 гидротехникалық құрылысын апатсыз пайдалану үшін іс-шаралар қабылдануда.

«Биыл жол картасы бойынша жалпы сомасы 56 млн теңгеге 5 іс-шара өткізіліп жатыр. Каналдарды, арықтарды, су өткізу құрылыстары мен көпірлерді тазарту жұмыстары басталды. 130 мың текше метр қар шығарылды. 29 мың дана қап, 2 мың тонна инертті материал, 226 тонна жанар-жағармай дайындалды. Су тасқынын болдырмау үшін 5 аудандағы өзендер бойында алдын ала жарылыс жүргізілетін учаскелер анықталды. Біз осы жұмысқа дайынбыз. Ең маңызды жұмыс осы болмақ. Жағдай қиындайтын болса, облыстық күштер мен құралдар тартылады. 1720 адам, 756 техника, 83 жүзу құралы, 224 мотопомпа бар. Халықты қауіпсіз жерге көшірген кезге арналған 8 586 адам сыятын 85 уақытша орналастыру пункті анықталды. 1 ақпаннан бастап жоғары дайындық режимі енгізіледі. Қажет болған жағдайда облыстық резервтен қар шығаруға, барлық қосымша жұмысқа қаржы бөлінеді. Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда», - деді Даниал Ахметов.

Премьер-Министр келесі кезекте 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жол картасы мен инженерлік жұмыстар жоспарына жеткілікті қаржы бөлмеген, жұмыс кестесін сақтамаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке қайырылды.

«Сонымен қатар су қоймаларын жөндеу және өзендердің арнасын тазарту бойынша да іс-шаралар қабылданбаған. Жағдайды қашан түзейсіздер?», - деді Әлихан Смайылов өңір басшысына.

Нариман Төреғалиев облыста су тасқынының алдын алу мақсатында мониторинг жүргізіліп, үнемі бақылауда тұрғанына назар аудартты.

«Іс-шараларға келер болсақ, 22 іс-шараның 8-іне 280 млн теңге қаржы бөліп, толықтай аяқтадық. Үш іс-шараға республикалық бюджет есебінен 2,7 млрд теңге бөлінді және жергілікті бюджеттен 296 млн теңге көзделіп, жұмыстар аяқталу сатысында тұр. Бүгінде жұмыстардың 90 пайызы орындалды. Тағы 3 іс-шара бойынша жобалау-сметалық құжаттар түзетілуде. Құжаттар дайын болғаннан кейін қаражат сұрауға өтінім береміз. Бір іс-шара бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына конкурс жарияланды. Биыл құрылысын бастаймыз. 2 іс-шара бойынша жоба жасақталып жатыр. Қалған 4 іс-шара бойынша жұмыс басталды және жол картасының мерзіміне сәйкес жылдың соңына дейін аяқтайтын боламыз», - деді ол.

Оның дерегінше, инженерлік жұмыстар жоспары аясында 66 іс-шараның 63-і орындалды. Су тасқыны кезеңі басталғанға дейін 3 жоба жүзеге асырылады. Жалпы, облыста 74 гидротехникалық құрылыс бар. Оның ішінде 7 су қоймасы жөндеуді қажет етеді. Су қоймаларын кезең-кезеңмен жөндеу жоспары жасақталған және оған сәйкес 3 су қоймасына қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бір қойма бойынша биыл 1-тоқсанда құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржы бөлінеді. Екі су қоймасына биыл көпфакторлы тексеру жүргізіліп, одан кейін жоба әзірлеу басталады. Киров су қоймасын жөндеу жүргізіліп жатыр, тиісті қаражат бөлінді.

«Жоғарыда аталған су қоймаларын су тасқыны кезеңінде елді мекендерге қауіп тудырмауы үшін қатаң бақылауға аламыз. 2023 жылғы су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу жоспарына сәйкес жұмыс атқарылып жатыр. Жанар-жағармай, қаптар, инертті материалдар қоры дайындалды. 205 млн теңгеге мұз жару жұмыстарына тікұшақ тартуға және ғарыштық мониторинг жүргізуге шарттар жасалды. Облыс бойынша төтенше және шұғыл шығындарға арналған резервте 2,7 млрд теңге қаржы көздедік. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға жуық артық. 2 мыңнан астам адам, 700-ге жуық техника, 85 жүзу құралы, 276 мотопомпаны құрайтын күштер мен құралдар топтамасы дайын. Көпжылдық мониторингке сәйкес облыста 138 су тасқыны қаупі бар елді мекен орналасқан. Олардың 105-інде қауіп азайтылды. Біреуінде қауіп жойылды. Ал қалған 32-сінде қауіп сақталуда. Оларға қауіп-қатерді азайту жұмыстары жол картасы аясында жүргізіледі. Су тасқыны бар ауылдар ерекше бақылауға алынды. Жауапты тұлғалар, инженерлік техника және материалдық ресурстар бекітілді», - деді облыс басшысы.

Келесі кезекте Әлихан Смайылов: «Осы күнге дейін жол картасындағы іс-шаралардың біреуі де орындалмаған. Ертең су басып қалса, не істемексіздер?» - деп сұрады Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан.

Сауалға жауап берген өңір басшысының атап өтуінше, 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жол картасында Түркістан облысына қатысты 20 іс-шара жоспарланған болатын. Алдыңғы жылдары қаржы қарастырылмай биыл жоспарланған іс-шаралардың барлығына қажетті 2 млрд теңге жергілікті бюджеттен толық көзделген. Осы қаражатқа 32 шақырым арна түзеу, 15 шақырым жағалау бекіту жұмыстары жоспарланып отыр.

«Желтоқсан-қаңтар айларында қардың мол түсуін және ылғалдың жоғары көрсеткішін ескеріп, 32 инженерлік іс-шарадан тұратын облыстық жоспар бекітілді. Сырдарияның бойында орналасқан елді мекендерді су басуының алдын алу мақсатында 97 шақырым қорғаныс бөгеттерінің жай-күйі тексеріліп, 154 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Өзен бойында белгілер қойылып, судың деңгейі мен мұз қалыптасу жағдайына күнделікті бақылау жүргізіліп отыр», - деді ол.

Айта кетерлігі, Үкімет отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша баяндама жасаған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Көксарай реттегішінде күрделі жағдай қалыптасып, бүлінген Қапшағай су қоймасын реконструкциялау аяқтамалғанын атап өткен болатын. Министрдің сөзіне қарағанда Қапшағай су қоймасы көктемгі кезеңде лезде толып, қирауы мүмкін.

«Аталған қауіпті аймақта 15 мыңнан астам адам тұратын 7 елді мекен орналасқан», - деген еді.

Дархан Сатыбалды да бұл жағдайдан хабардар болып шықты.

«Көксарайдың жалпы жобалық сыйымдылығы 3 млрд текше метрді құрайды. Бүгінде 34 пайызы толды. Бұл жерде айта кетер мәселе су реттегішінің қазіргі жай-күйі 1,8 млрд текше метр суды жинауға мүмкіндік береді. Аталған мәселені ескере отырып, қыс-көктем кезеңінде тиісті реттеу жұмысын жүргізу қажет. Қапшағай су қоймасына соңғы 10 жылда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмей, жыл сайын ақау пайда болуда. Былтыр күрделі жөндеу жұмыстары басталып, осы жылға 871 млн теңге қарастырылды», - деді Түркістан облысының әкімі.

Сондай-ақ отырыста Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровқа: «Облыста жол картасының өткен жылдардағы іс-шаралары аяқталған жоқ. Қауіп сейілген жоқ. Оларды қашан орындайсыздар?», - деп сауал қойды.

Айдарбек Сапаровтың сөзіне қарағанда, өңірде су тасқыны қаупін жоюға бағытталған үш жылдық жол картасын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 9 іс-шараның 4-еуі орындалды, 5-еуі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Бірінші іс-шара - Есіл өзені арқылы өтетін апатты көпірді күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу. Көпір «Қазавтожолдың» балансында тұр. Жобаны әзірлеу үшін «Қазавтожолдың» облыстық филиалы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім жолдады. Қаражат бөлінген жағдайда жобалау биыл басталады. Екінші іс-шара – Бескөл ауылының ықшам аудандарының нөсерлік ағын және арық жүйесін салу. 2022 жылы ұзындығы 2,5 шақырым арық жүйесін салу жұмыстары атқарылды. 27 су өткізгіш құбыр орнатылды. Биыл жұмыс жалғасады. Үшінші іс-шара – Тепличное және Прибрежное ауылдарында қорғаныс бөгетін салу. Жоба әзірленді, ақпан айында сараптамаға жіберіледі. Сонымен қатар екі жобаны іске асыру жалғасуда. Бірінші – Петропавл қаласының үш көшесінде бөгеттерді жөндеу. Екіншісі – республикалық маңызы бар автомобиль жолы – Петропавл қаласын айналып өту учаскесін жаңарту», - деді облыс басшысы.

Облыс басшысының дерегінше, өңірде су тасқыны қаупі бар 85 елді мекен бақылауға алынды. Оның ішінде 8 ауыл су басу қаупі бар аймаққа орналасқан. 1 млрд теңгеге облыстық резерв бекітілді.

Отырысты түйіндеген Премьер-Министр Әлихан Смайылов бүгінде өңірлерде су тасқынына дайындық толығымен қамтамасыз етілмегенін ашық айтты.

«Өткен жылы бұл мәселені сан мәрте айттық. Тек Үкімет отырысында үш рет – көктемде, жазда, күзде қарастырдық. Алдағы көктемде су тасқыны тәуекелдерін төмендету үшін аталған жол картасындағы іс-шараларды толық көлемде орындау қажеттігін бәріне ескерттік. Ұзақ уақыттан бері жекелеген жүйелі іс-шаралар қабылданбай келеді. Ел тұрғындарынан су тасқынынан қорғау іс-шараларының орындалмағаны туралы шағымдар үнемі түсіп жатыр. Соның салдарынан олардың үйлері, мүліктері мен малдары зардап шегуде. Мәселен, Ақмола облысының Қошқарбаев ауылында Нұра өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары қаржыланбаған. Ал ол жақта тасқын жылда жағалауды бұзып, су үйлерге жетеді. Алматы, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында су ағызу жүйелері нөсер жауын мен тасқынға төтеп бере алмай отыр», - деді Әлихан Смайылов.

Осыған орай Үкімет басшысы әкімдерге су тасқыны мәселесін жеке қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Су тасқыны кезеңінің басталуына аз ғана уақыт қалды. Қазірдің өзінде 255 елді-мекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр. Ең бастысы – мұндағы халықтың жағдайына алаңдауымыз керек. Биыл қыс қарлы болды. Күн күрт жылынып кетсе, су басу қаупі күшейеді. Ақтөбе және Алматы облыстарында қазірдің өзінде елді-мекендердің көшелерін су басып жатқаны туралы фактілер бар. Ауа райы болжамына сәйкес, алдымыздағы ақпан айында оңтүстікте ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Бұл – «айтып келетін апаттың» нағыз өзі. Сондықтан, оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтулері керек», - деді Премьер-Министр.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
3 ақпан 2023