Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

6 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

inform.kz

6 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

АТАУЛЫ КҮНДЕР Дүниежүзілік ұялы телефонсыз күн Дүниежүзілік ұялы телефонсыз күн идеясының авторы – француз жазушысы Фил Марсо. Марсо ұялы телефонға түбегейлі қарсы емес, алайда гаджетті шектен тыс қолданудың пайдасынан гөрі зияны көп деп санаған, оған номофобия себеп. Сол себепті Марсо жылына бір рет бір күнге ұялы телефонның адам өміріндегі рөлін қайта қарау мақсатында одан бас тартуды ұсынды. Дүниежүзілік ұялы телефонсыз күн бірінші рет 2001 жылы 6 ақпанда өтті. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 1920 жылы Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің бұйрығына сәйкес жеке қазақ әскери бригадасы құрылды. 1934 жылы Қарағанды көмір алабының орталығындағы шахтерлер кентінің негізінде Қарағанды қаласының іргесі қаланды. Тұрғындар санының шапшаң өсуіне байланысты 1934 жылы қалаға, 1936 жылы облыс орталығына айналды. Осы өңірде қараған бұтасы көп өсетіндіктен қала «Қарағанды» деп аталған. 1833 жылы Аппақ Байжанов бұл жерден тас көмір тауып, кен көзінің ашылуына септік болған. Бүгінгі таңда Қарағанды – ғылым, білім, мәдениет, өнеркәсіп орталығы. Қалада ҚР ҰҒА-ның Орталық Қазақстан бөлімшесі орналасқан. Сондай-ақ бірнеше жоғары оқу орындары, кәсіптік-техникалық мектептер, ауруханалар, кітапханалар, мұражайлар, театрлар, филармония, цирк, стадион және саябақтар бар. 1975 жылы Қазақстан аумағында тұңғыш неміс театры құрылды. 2003 жылы Лондонда Қазақстан кинематографиясына арналған фестиваль ашылды. 2011 жылы Қазақстан құрамасы алтын медаль саны бойынша Қысқы Азия ойындарының рекордын орнатты. Бұған дейінгі рекорд, яғни 29 алтын медаль Жапонияға тиесілі болатын. Ол нәтиже 1986 жылы Саппоро қаласында өткен І қысқы Азия ойындарында тіркелген. 2011 жылы Азиада туы келесі қабылдаушы ел – Жапонияға тапсырылды. VIII қысқы Азиада ойындары Саппоро қаласында өтті. Туды біздің допты хоккейден құраманың шабуылшысы Рауан Исалиев алып шықты. 2012 жылы Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) түркі мәдениеті мен өнерін танымал етуге қосқан үлесі үшін журналистика саласындағы ІІІ сыйлықты тапсыру рәсімін өткізді. Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Башқұртстан, Хакассия, Татарстан журналистері ІІІ ТҮРКСОЙ сыйлығының лауреаттары атанды. Марапат алғандар арасында «ҚазАқпараттың» Түркиядағы арнаулы тілшісі Ирина Дынникова бар. 2014 жылы қазақстандық жазушы Карина Сәрсенова «Русьтің алтын қауырсыны» сыйлығын иеленіп, РФ Жазушылар одағына мүше болып кірді. 2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Ұлы қолбасшылар» сериясынан «Amir Timur», «Дала қазынасы» және «Шәкен Айманов» сериясынан «Тайқазан» ескерткіш күміс монеталар шығарылғанын хабарлады. 2017 жылы Астанада Сириядағы жағдайды реттеу бойынша Ресей, Иран, Түркиядан келген сарапшылардың, сондай-ақ БҰҰ өкілдерінің қатысуымен үшжақты халықаралық кездесу өтті. Күн тәртібіне жауынгерлік іс-қимылдарды тоқтату туралы режімді сақтау, атысты доғару уағдаластығын бекіту жөніндегі қаруланған сириялық оппозицияның ұсынысын талқылау, әскери іс-қимылдарды тоқтату режімін қолданудың нақты параметрлерін айқындау тақырыптарын талқылау енгізілді. 2018 жылы футзалдан Қазақстан құрамасы 2018 жылғы Еуропа чемпионатында екі жыл қатарынан жартылай финалға жолдама алып, бұған дейін бірде-бір құраманың қолы жетпеген нәтиже көрсетті. Айта кетейік, 2017 жылы қазақстандық спортшылар Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысқан болатын. 2019 жылы Ұлттық ғылыми кардиоxирургиялық орталық мамандары әлем бойынша алғаш рет тағы бір сәтті операцияны жасады. Оның басты ерекшелігі сол, адамның жүрегіне сымсыз қан айналым құрылғысы орнатылды. Орталық басшысы Юрий Пяның айтуынша, жүректің сол жақ қарыншасының көмекші құрылғысы адамға еркін қозғалуға мүмкіндік береді. Себебі сыртқа ешқандай кабельдер шығарылмайды. Ал қанайналым құрылғысын зарядтау оңай, оның қуаты 8 сағатқа жетеді. Бірегей операция 24 жастағы Исмаил Тұрсыновқа жасалды. 2020 жылы Алматы қаласындағы «Гүлдер» саябағында Абай мүсіні ашылды. Бюсттің авторы – Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері, мүсінші Тілеуберді Бинашев. 2020 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында атақты ғалым, ойшыл Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Ғылыми орталық ашылды. 2020 жылы Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторинг жүргізу орталығы құрылды.
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
28 наурыз 2024