Қазақстанда — мәжіліс және мәслихат сайлауы алдындағы "тыныштық күні"
Қазақстанда 18 наурыз – "тыныштық күні". Кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауына бір күн қалғанда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары мен сайлауға қатысты сауалнама нәтижелерін жариялауға, сайлау қорытындысы туралы болжам жасауға тыйым салынған.Елде сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда кешкі сағат 6-да басталып, 17 наурызда түнгі сағат 11:59-да аяқталған."Қазақпараттың" жазуынша, бас прокуратура 14 наурыздан бері ақпарат құралдарына сайлаумен байланысты "қандай да бір сауалнама, зерттеу нәтижесі, сайлау нәтижесіне қатысты қандай да бір болжам жариялауға жол берілмегенін" айтқан.ОСК-ның мәліметінше, сайлау күні елде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Басым бөлігі таңертеңгі сағат 7-де жұмысын бастайды.Осы жолғы парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау аралас жүйемен өтпек. Енді мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, қалған 29-ы бірмандатты округтерден өзін-өзі ұсыну арқылы сайланбақ.Ақпан айында кандидаттарды тіркеу аяқталған кезде ОСК бірмандатты округтер бойынша мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынған 435 адамның өтініші қабылданды: 76-сын жеті саяси партия ұсынған, ал 359-ы – өзін-өзі ұсынғандар деп мәлімдеген еді. Содан бері қанша өзін-өзі ұсынған кандидат қалғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ.Бұған дейін елде кейбір белсенділер "декларациядағы сәйкессіздіктерге" байланысты өздерін "сайлаудан заңсыз шеттеткенін" айтқан. Кей белсенділер "уақытынан бұрын үгіт-насихат жүргізгені үшін" де үміткер куәлігінен айырылған. Ал ОСК мұндай шешімдердің саяси сипаты барын іс жүзінде жоққа шығарған.Бір күн бұрын ОСК сайлауалды науқан кезінде мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттардан 166 шағым түсті, 135-і округтік сайлау комиссияларының кандидаттарды тіркеуден алу туралы шешіміне байланысты деп мәлімдеген. 49 өтініш орындалған, 84-і орындалмаған. ОСК мәліметінше, округтік комиссия шешімімен мәжіліс депутаттығына үміткерлердің алтауының кандидаттығы қайтарылған.ОСК ақпан айында түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына 10.2 мың үміткер тіркелгенін хабарлаған. Қазір олардың қаншасы қалғаны да белгісіз.Қазақстанда мәжіліс сайлауына өзін-өзі ұсыну институты 2007 жылы жойылған. Сол кезден бері парламент мәжілісіне сайлау да тек пропорционал жүйе бойынша өтіп келген. 2018 жылы жергілікті өзін-өзі басқару органы – мәслихатқа сайлау да тек қана партиялық тізім бойынша өтті.Қаңтар оқиғасында наразылыққа шыққан халық саяси жүйені түбегейлі өзгерту жайлы талап қойған соң, президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр наурыз айында халыққа арнаған жолдауда мәжіліс пен мәслихатты пропорционал және мажоритар жүйе арқылы сайлауды ұсынды. Ізінше сайлау заңнамасына тиісті өзгертулер енгізілген.Сайлауға бірмандатты округтер бойынша жеке кандидаттардың қатысуына мүмкіндік берілсе де, сыншылар бәсекелі сайлау емес, оның имитациясын ғана көріп отырғанын айтады.
- Соңғы
Басқа жаңалықтар
Күнделікті жаңалықтар
Бүгін,
5 қараша 2024
5 қараша 2024
Басқа жаңалықтар
Басқа жаңалықтар