Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Елде ауыл шаруашылығындағы баламалы энергия көзінің үлесі 5%, Германияда 50%

baq.kz

 Елде ауыл шаруашылығындағы баламалы энергия көзінің үлесі 5%, Германияда 50%

Іnbusiness.kz-тің мәліметінше, фермерлер биогаз, қолданбалы ғылым, жаңартылатын энергия көздері енгізілген ауылдарды аралап, су үнемдеу, құрғақшылықтан қорғануды меңгерген ғылыми орталықтарға барады. "Германияға баруды армандаған да жоқпын. Бәрі тез-тез болып кетті. Бір қарасам Баварияда жүрмін. Үйдегілер де суреттерімді көріп қуанып жатыр", деген риддерлік шаруа Татьяна Поспелова Мюнхеннен бір-ақ шықты. Наурыз мерекесінің қарсаңында қазақстандық шаруалардың Баварияға сапары басталды. Германияның бұл өңірінде ауыл шаруашылығы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан кәсіп. Қазіргі фермерлері шаруасын баламалы энергия көздерін қолдана отырып жүргізеді. Қазақстанда мал бағып, еті мен сүтін сататын қарапайым фермерден бастап, егін егіп, балық өсіретін ірілеу кәсіпкерге дейін немістің жаңа технологияларын көру үшін келді. Шаруалардың ең жасы Момынжан Қали – 26 жаста болса, ал тәжірибесі молы 67 жастағы – Павел Кавунов. Әріптестері оны Павел Михайлович дейді. Шаруаларды Германияға кім әкелді? Жақында Жапония үкіметінің қаржылай қолдауымен БҰҰ Даму бағдарламасы және "Атамекен" ҰКП қазақстандық 10 фермаға жаңартылатын энергия көздерінің технологиясын – күн электр станциясын, гелиожүйе, энергия пайдалануды реттейтін жүйені қондырды. Жобаның атауы: "Шағын фермерлік қожалықтарда жаңартылатын энергия көздері мен ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу". Жоба аясында еліміздегі 10 шаруаның алтауына Германияға келу бұйырған. Сиыр сауатын Татьянаның арманы Өскеменнен 150 және Риддерден 32 шақырымда – орманның ар жағында сиыр сауатын Татьяна Поспелова үшін бұл сапардың маңызы зор. Серый лугтан (ауылының атауы – ред.) жиі шыға қоймайтын Татьянаның Германияға келгендегі әсерін сұрадық. Шынымды айтсам, армандаған да жоқпын. Осы жобаға қатысу арқылы Германиядан бір-ақ шықтым. Қуаныштымын. Бұл ел – жаңартылатын энергия көздері әлдеқайда дамыған мемлекеттің бірі. Қалааралық тасжолдың бойында күн панельдерін көрдік. Содан-ақ қаншалықты дамып кеткенін аңғаруға болады. Сондықтан немістің тәжірибесін меңгеріп, шаруашылығымызда пайдаланатынымызға сенімдімін, – деп бөлісті шығыс қазақстандық фермер Татьяна Поспелова. Татьянаның ендігі арманы Татьяна ауылда сиыр сүтін сатады. Бірақ ол 150 теңгеге сатқан сүт тұтынушыларға 600-700 теңге болып жетеді. Сондықтан оның арманы – ірімшік қайнататын қондырғы орнату. Ал, жоба аясында Татьянаның фермасына орнатылған гелиожүйе ірімшік қайнататын аппараттың үздіксіз жұмыс істеуіне көмектеседі. Алғашқы нүкте – Баварияның іргесіндегі Фуксталь қаласы Ал, Германияға Татьянамен келген қазақстандық фермерлер биогаз, қолданбалы ғылым, жаңартылатын энергия көздері енгізілген ауылдарды аралап, су үнемдеу, құрғақшылықтан қорғануды меңгерген ғылыми орталықтарға барады. Түйіршік отыннан (био отыннан) жылына млн еуро табатын неміс Мұнда 42 жастағы Армин Хогенауер ауыл шаруашылығының және өңделген ағаштың қалдықтарынан түйіршік отын (пеллет) өндіреді. Кәсіпкер 17 жылдан бері германиялықтарға отын түйіршіктері арқылы жылумен қамтамасыз етеді. Бір қызығы – өндірісте бар болғаны 11 адам жұмыс істейді. Германияда ешкім көмір жақпайды, газы да жоқ, электр қымбат. Үй жылыту қиынның қиыны. Сондықтан Арминнің Dorr-Biomassehof компаниясындағы өніміне сұраныс жоғары. Клиент тауардың сапасына, пішіні ыңғайлы, әдемі болуына қарайды. Сондықтан мен сол сұранысқа қарай әзірлеймін. Негізінен шағын кәсіпкерлер, тұрғындар үйін жылыту үшін алады. Тауарды интернет арқылы сатамыз. Ал, мамандарды өзім дайындадым, – деді кәсіпорын басшысы Армин Хогенауер. Баварияның ауыл шаруашылығы министрлігі биогаз саласындағы қондырғыларды көбейту мақсатында баламалы энергия көздерін дамытуды жоспарлап отыр. Бұл туралы келесі материалда толығырақ айтамыз. Бавария жерінің 35 пайызы – орман, алайда жартысынан көбі жеке меншікте. Орманның жапырағы, артық бұтағы, қураған шыбығы – жалпы ағаштың көптігі биотынды арттыруға ықпал етеді. Оның үстіне электр энергиясы қымбат. Геосаяси жағдайдан кейін тіпті қымбаттаған. Сондықтан Арминнің отын түйіршектеріне қажеттілік жоғары. Отын бар, түтіні жоқ кәсіпорын Бір қызығы – түйіршік отынды ыстық пешке салып кептіргенде мұржадан түтін шықпайтынын байқадық. Қалдықты өңдеп тұрса да, экологияға зиян қалдық шығармайтын кәсіпорын жылына 70 мың тонна түйіршік отын өндіреді. Тонна түйіршікті жағып, шамамен 4,5 мың ккал жылу алуға болады, ал тура сондай көмір 7,4 мың ккал береді. Сонымен қатар, түйіршіктерді жағу кезінде күл сияқты көмірқышқыл газы түзілмейді. Бұл оларды биологиялық таза отынға айналдырады. Салыстырып айтсам, көмір 1 гДж жылу үшін 60 кг көмірқышқыл газын және мен 10-35% күл бөледі. Германияда нені жағуға болады, нені болмайтынын реттейтін қатаң заңдар бар. Ал түйіршіктер ең жақсы, таза отын, – деп түсіндірді неміс кәсіпкері. Түйіршік отын – Арминнің қосымша, бірақ табысы жоғары кәсібі. Ол 100 сауын сиыры бар сүт ферманы да дөңгелетіп отыр. Алайда түйіршік отын арқылы жылдық табысы – 1 млн еуро. Маңызды статистика Германияда электр энергиясын табиғаттан өндіру статистикасы да күн сайын жаңарып тұрады. Ел күнделікті деректерді жариялайды. Мәселен, 19 наурыздағы дерекке сүйенсек, мемлекет электр энергияның 16 пайызын жел арқылы, 13 пайызын күннен, 12 пайызын биомассадан алған. Бұл көрсеткіштер күнделікті өзгеріп отырады. Жел қарқыны жақсы болса, елдің күнделікті тұтынатын энергиясының 50 пайызына дейін желден алады. 200 жылдық тарихы бар отбасы фермасы – Германияда жас фермалардың бірі Түйіршік отынның табысынан таңғалған қазақстандық шаруалар әрі қарай Кенинсдорф қаласындағы Huabahof фермасына барды. Отбасылық ферма 10 ұрпақтан жалғасып Франц Деммельге жеткен. Алайда Франц бұл ферманы ұлына тапсырған. Себебі өзі архитектор және басқа бизнесі бар, ал ұлы – агроном. Франц Деммель 100 бас мал мен бұзауын бағып отыр. Болашақта ферманы ұлына толық тапсырмақө ойы бар. Айтпақшы, Германия үшін 200 жылдық тарихы бар ферма жас фермалардың бірі. Сондай-ақ, фермада малдың жем-шөбін өздері өсіреді, сондықтан таза сүт, органикалық өндіріс. Жылына 8,2 мың литр сүтті 0,6 еуромен сатады. Сүт фабрикалары алады. Шатырдағы күн панелі Делегация бірден ферманың ғимараттарындағы шатырға зер салды. Себебі қалың күн панельдеріне қарамау мүмкін емес. Бұл панельдер жылына шамамен 400 мыңға жуық кВт қуат өндіреді. Ал менің фермама 90 мыңдай керек. Қалған 300 мыңнан артығын мемлекетке сатамын. Сонда сүттен бөлек, осы күн панельдерінен пайда табамын. 40/60 коэффицентпен сүт және пандельдерден табыс түседі. Бір өкініштісі мемлекет менен 0,11 еуроға сатып алады да, халыққа 0,36 еуроға сатады, – деп бөлісті фермер. Яғни, Франц күн панельдерінен алған энергия арқылы сиыр сауатын аппарат, тазарту, электр трактор мен көлігін қуаттайды. Оны арнайы ауқымды батареяға жинайды. Қысқаша айтқанда, неміс шаруасы электр энергиясын тегін тұтынып қана қоймай, оны мемлекетке сатады. Тәжірибелі фермерді таңғалдырған деңгей Алматы облысынан келген Павел Кавунов тәжірибелі фермер ретінде немістің пайдаланатын технологиясына таңғалғанын жасырмады. Өндірісте бәрі автоматтандырылған. Болашақта Франц үлкен трактор алғысы келетінін айтты. Оның өзін электрмен жұмыс істейтін болуы керек дейді. Мұндай деңгейге жеткеніне таңғалдым. Сонда бар болғаны күн панельдері арқылы толық электрмен қамтып отыр. Қолжетімді технология. Біздің үйде егін егетін тұрғындар да азғантай панель қою арқылы электрді үнемдеуіне болады. Сондай-ақ, тағы бір таңғалғаным: бар болғаны үш адам жұмыс істейді. Оның өзінде Франц үшін қосымша бизнес, баласы студент бола тұра, атасынан қалған ферманы жалғастыруға дайындалып жатыр. Ол арнайы осы аграрлық салада білім алады. Отбасы шағын мемлекет дейміз ғой. Бұлар да бұл жүйе жақсы жолға қойылған. Бабадан қалған бизнесті ұрпағы үздіксіз жалғап жатыр. Оның үстіне табысы жақсы және табиғатқа, мемлекетке еш зияны жоқ. Керісінше, мемлекетке қосымша энергия өндіріп беріп отыр, – деді Павел Кавунов. Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы баламалы энергия көзінің үлесі 5%, ал Германияда 50%. Ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйвері десек, жаңартылатын энергия көздерін енгізу – үнемдеу мен экологияны қорғаудың драйвері. Шаруалар бұдан әрі Фрайзинг қаласына барады. Ол жақта биогаз қондырғысы мен энергетика жақсы жолға қойылған ауылмен танысады. Материалдың басты кейіпкеріне оралсақ, ауылынан алыс кетіп көрмеген Татьяна Баварияға келгелі көңілі тоқ. Ірімшік қайнатамын деген идеясы күн сайын қанат беріп жүргендей. Немістердің ілгері технологиясын шағын түрде қолдануға болатынына сенімді. Себебі жоба аясында қондырған панельдер тәулігіне 200 л суды қайнатып береді деуге болады. Татьяна қолға алған бастамасын жалғастыруға бекініп отыр.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
19 сәуір 2024