Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

"Ескертусіз қасақана оқ ату". Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы туралы кітап шығарды

azattyq.org

Ескертусіз қасақана оқ ату. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы туралы кітап шығарды

Қаңтар оқиғасына арналған "Ескертусіз қасақана оқ ату" деп аталатын баяндама кітап шықты. Бұл туралы бүгін құқық қорғаушылар Алматыда өткен баспасөз жиынында хабарлады. Кітапта Қаңтар оқиғасы кезінде бұзылған адам құқықтары құжат жүзінде баяндалған.67 беттен тұратын баяндамаға қарағанда, Қаңтарға байланысты 600 оқиға құжатталған. Оның 579-ы куәлердің мәліметтерінен, тоғызы мемлекеттік органдармен хат алысу қорытындыларынан, 12 оқиға нақты жайттардан тұрады. 217 адам өлгені анықталған. Тоғыз қалада: Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Қызылорда, Семей, Өскемен, Атырауда 174 адамның өлімі құжатталған (мәйітхана мәліметіне қарағанда, 95 пайызы оқ тиіп өлген).Қазақстан құқық қорғаушылары Қаңтар оқиғасына байланысты халықаралық тергеу жүруге тиіс деп есептейді.– Қазірдің өзінде баяндама жасап қойдық. Қолымыздағы көп құжатты халықаралық сарапшыларға береміз. Олар содан өздерінің қорытындысын жасап, ұсыныстарын айтады. Яғни билік оларды ресми түрде жібермесе де, біз мәліметтерімізді БҰҰ-ға, ЕҚЫҰ-ға және Еуропа парламентіне береміз, – деді Бақытжан Төреғожина.Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, құқық қорғаушылар мен еріктілер кітапты құрастыру кезінде түрлі кедергіге жолығып, бір жылдан аса уақыт жұмсаған.– Қорқытып-үркіткендер де болды. Тінтті. Бір қызметкеріміздің компьютері өртеніп кетті. Содан кейін не істеп жүргенімізді жай ғана қадағалап отырды, – дейді ол.Оның сөзінше, құқық қорғаушылар жұмысын жәбірленушілердің құқықтарын қорғаудан бастаған.– Бүгінде біз тағдыры Қаңтар оқиғасына байланысты адамдардың үш санатымен жұмыс істеп отырмыз. Бірінші санат – Қаңтар оқиғасына тікелей қатысып, қылмыстық іс қозғалып, қайта тоқтатылғандар. Олар қамауда отырды, азапталды. Олардан кешірім сұрап, өтемақы төлетуге тырысып келеміз, – деді ол.Оның мәліметіне қарағанда, Қаңтар оқиғасы кезінде 200-ге жуық адам заңсыз ұсталып, айыпталған, азапталған.– Бүгінге дейін мемлекет құқық қорғаушылардың шағымынан кейін 15 азамат пен олардың отбасыларынан заңсыз қуғындағаны немесе өмірінен айырғаны үшін кешірім сұрады, – дейді Төреғожина. "Қаңтар кезінде өлген 12 адам кездейсоқ құрбан ретінде танылған, бірақ шын мәнінде одан әлдеқайда көп" дейді ол.Төреғожинаның мәліметіне қарағанда, Қаңтар оқиғасы кезінде біреулер өлтірген, үстінен қылмыстық іс қозғалып, дәлелденбегендіктен, тоқтатылған 30-ға жуық адам бар.Адам құқықтары бойынша Қазақстан бюросының директоры Евгений Жовтис Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау мен кісі өлтіруге байланысты құқық қорғау органдарының жауапкершілігі туралы айтты.– Егер лауазымды тұлға адамды өлтіретінін немесе жаралайтынын біле тұра, жоғарыдан түскен бұйрықты орындадым десе, онысы ақтауға жатпайды. Ондай бұйрықты орындамауға мүмкіндігі болды, – дейді Жовтис.Адвокат Ғалым Нұрпейісов әуелі оқтың астында қалып, содан соң азапталған адамдар туралы айтты.Саясаткер Рысбек Сәрсенбай Қаңтар оқиғасы кезінде адам өліп, бейбіт адамдар азапталғанына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жол берді деп біледі.– Мемлекет үш-төрт азаматтан ғана прокуратура арқылы кешірім сұрады, шын мәнінде ол халықтан кешірім сұрауға тиіс, – деді Сәрсенбайұлы.Жарық көрген баяндама-кітап негізінде құқық қорғаушылар ел басшылығы мен құқық қорғау органдарына мынадай сұрақ қойды:Қаңтар оқиғасына байланысты өлгендердің толық мәліметі: аты-жөні, туған жылы, өлген күні, өлім себебі, жай-жапсары, мәйіт табылған жер қашан жарияланады?Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған, мүлікті қиратқан, ғимараттарды басып алып, азаматтарды қорқытып-үркіткен, бірақ ешбір талап қоймаған топ кімдер? Олар неге ұсталмады, өз әрекеттеріне неге жауап бермеді?Әскери қызметкерлер мен күш құрылымдарының жанында қолына қару ұстап, бейбіт адамдарды көздеп атқан жай киімдегі адамдар кімдер??Қаңтар оқиғасына байланысты ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттері мен бөлім бастықтарының қайсысы жауапқа тартылды?Жаппай тәртіпсіздікке және адам өліміне жол берген облыстардың әкімдері неге жауапқа тартылмады?Полиция департаменттеріндегі қаруды таратқан ішкі істер министрлігі басшылығы неге жауап бермейді? Олар кісі өлімі мен абақтыдағы азаптаулар үшін неге жауапқа тартылмайды? Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқығының жаппай бұзылуына жол берген Бас прокуратура басшылығы неге жауапқа тартылмайды?Самат Әбіштің, Нұрлан Нығматулиннің, Асқар Маминнің Қаңтар оқиғасы кезіндегі қандай да бір рөлі анықталды ма?Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаңтар оқиғасындағы рөлі анықталды ма?Құқық қорғаушылар жоғарыда аталған сұрақтарға толық жауап беруді және кітаптағы мәліметтер бойынша тексеріс жүргізіп, заңда белгіленген шара қолдануды талап ететінін мәлімдеді.Олар Қаңтар оқиғасы кезіндегі адам өлімі туралы тоқтатылған және құпия істердің бәрін ашуды және бейбіт халыққа заңсыз күш қолданған құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметкерлерді түгел жауапқа тартуды талап етті.Құқық қорғаушылар жиын соңында "2022 жылғы Қаңтар оқиғасының құрбандары мен оған бейбіт қатысушыларды ақтау туралы" заң қабылдау қажеттігін айтты.
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
6 қазан 2024