Кез келген адамды ұрлық жасады деп айыптай алады – Қожағапанов ісіндегі сотталушы

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов ісіндегі екінші сотталушы Ләззат Көккөзова жарыссөз барысында әлі күнге дейін өзінің не себепті сотқа тартылғанын білмейтінін айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
«Маған бүгін не болатынын, ертең немесе осы аптада не болатынын білмеймін. Мен осы күнге сот басталғаннан дайындалдым. Сот басталған сәттен өзіме тек бір сұрақ қойдым: «мен қалай сотталушылар қатарына қосылдым?». Жымқыру мен алаяқтыққа қатысты жанжалдың ортасына қалай тап болдым? Менің жиған-тергенім мен жетістігім өмірді сөзбен емес, іспен дәлелденген деп санайтынмын. Мен басшылыққа алатын ұстаным өте қарапайым, әрқашан бәріне қол жеткізу үшін күш-жігер мен қабілет қажет дегенге сендім. Адам үлкен мақсат қоюы керек және сенімді қадам жасау керек, ештеңеден қорықпауы керек деп санаймын. Бір күні жымқыру мен алаяқтық жасады деп айыпталып, сотталушылар қатарында болып, түрмеге қамалу қаупі төнеді дегенді ойлаған да емеспін», – деді Көккөзова.
Айтуынша, іс бойынша тергеу амалдары екі жыл бұрын басталған.
«Өз тәжірибеме сүйеніп ешкімнің қауіпсіз жағдайда емес екенін айтқым келеді. Сіздің қазіргі жағдайыңыз иллюзия. Кезінде менің де жағдайым жақсы болған. Кез келген қазақстандықты, кез келген адамды ұрлық пен алаяқтық жасады деп айыптай алады. Кез келген адамға қатысты қылмыстық істі ойдан шығара алады. Әсіресе, жетістікке жеткен болсаңыз, қандай да бір ықпалыңыз болса, қандай да бір қауіп төндірсеңіз, біздің еліміздегі кез келген азамат қылмыстық істің объектісі бола алады», – деді ол жарыссөз барысында.
«SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановпен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.
Бұған дейінгі сот отырысында іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Ерлан Қожағапановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл бапта ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану әрекеті көрсетілген. Заңда азаматтың осы әрекетті жасағаны дәлелденсе, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген.
Ал Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Мұнда аса iрi мөлшерде жасалған сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу әрекеті көрсетілген. Прокурор Көккөзованы 8 жылға соттауды сұрады.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
12 мамыр 2025