Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

BYD, Zeekr және Deepal: Қытай өндірушілері Оңтүстік Корея нарығына көз тікті

kz.kursiv.media

BYD, Zeekr және Deepal: Қытай өндірушілері Оңтүстік Корея нарығына көз тікті

Қытайдағы бәсекенің күшеюіне байланысты жергілікті автоконцерндер шетел нарықтарын белсенді түрде зерттеп, жаңа мүмкіндіктер іздеуге кірісті. Қазір BYD, Zeekr және Deepal (Changan концернінің электромобильдерге арналған суббренді) Оңтүстік Кореяға ерекше назар аударып отыр. Бұл аймақта бәсекелестік жоғары болғанымен, болашағы зор нарық саналады.

Оңтүстік Корея Қытайға жай ғана көршілес ел емес, стратегиялық тұрғыдан маңызды нарық. Бұл технологиясы дамыған, төлем қабілеті жоғары халық тұратын ел. Сонымен қатар мұнда бір ғана алпауыт – Hyundai Motor Group (Kia компаниясымен бірге) нарықтың 75%-ын иеленіп отыр. Hyundai-ға бәсеке тудырып, оны позициясынан тайдыру – тек коммерциялық мақсат қана емес, сонымен қатар қытай электромобильдерінің жаһандық имиджін арттыру жолы.

Сондықтан Қытай автоконцерндері Кореядағы сауда инфрақұрылымын құра бастады. Мысалы, BYD 2025 жылдың соңына дейін елде 30 шоурум ашып, 10 мың көлік жеткізуді жоспарлап отыр. Bloomberg дерегінше, қазір BYD шығарған көліктердің 10%-дан азы ғана экспортталады, алайда компания ауқымды экспансияға дайындалып жатыр. Атап айтқанда, бірнеше мың автокөлік сыятын теңіз кемелерін салуға миллиардтаған доллар инвестиция құюда.

Қытай компанияларының Оңтүстік Кореяға назар аударуына бірнеше себеп бар:

Біріншіден, географиялық жақындық. Логистика шығындарын азайтады, жеткізу жылдамдығын арттырады.

Екіншіден, сауда тосқауылдары. Еуроодақ пен АҚШ тарапынан енгізілген кедендік баж салығы Қытай үшін бұл нарықтарды күрделендіріп отыр.

Үшіншіден, технологиялық мәртебе: Оңтүстік Корея нарығында жетістікке жету – басқа елдер үшін де жақсы әрі сенімді көрсеткіш.

Төртіншіден, ішкі сұраныстың өзгеруі. 2024 жылы Кореяда электромобильдерге сұраныс 3,9%-ға төмендегенімен, Tesla сатылымы 6,5 есе өскен. Бұл сапалы және сенімді брендтерге сұраныстың бар екенін көрсетеді.

BYD секілді ірі ойыншылардың келуі Hyundai-дың қазіргі үстем позициясына қауіп төндіруі мүмкін. Қытай брендтері Жапония, Еуропа сияқты дамыған нарықтарда да табысты жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Жапонияда BYD небәрі 2,5 жылдың ішінде электромобильдер нарығында Toyota-ны басып озды. Бұл қытайлық брендтердің шетел нарықтарына тез бейімделе алатынын және нарықты жаулап алудағы тиімді стратегиясын көрсетеді.

Сонымен қатар BYD және өзге де қытай брендтері көбіне қолжетімді баға мен жоғары технологияларды ұсына алады. Олардың өндірісті өз ішінде толықтай қамтуы, аккумулятор мен электроникадағы артықшылықтары көлік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Hyundai мен Kia-ны бағаны төмендетуге немесе көбірек жабдық ұсынуға мәжбүрлейді.

Қытай компаниялары Hyundai-ды басты бәсекелес ретінде көргенімен, алғашқы кезеңде олардың назары Кореядағы Tesla-ның үлесін азайтуға бағытталуы мүмкін. Америкалық бренд жеңілдіктер мен маркетинг арқылы сатылымын айтарлықтай арттырды. BYD, Zeekr және Deepal да осындай стратегияны қолдана алады – бағаны төмендету, кепілдік пен қызмет көрсету жүйесін күшейту, жергілікті нарыққа бейімделген модельдер ұсыну.

Егер Қытай брендтері Оңтүстік Кореяда табысқа жетсе, бұл олардың жаһандық беделін нығайтып, басқа нарықтарда да сұранысты арттырады. Қазір Қытай ішіндегі автонарық артық бәсекеге толы, бағалық соғыс күннен күнге күшейіп отыр. Сондықтан сыртқы нарықтарға шығу – бұл жай ғана өсім емес, өмір сүрудің амалы.

Оңтүстік Корея – Қытай электромобильдерінің Азия-Тынық мұхит аймағындағы кеңеюі үшін маңызды қақпа. Сонымен қатар бұл елде жетістікке жету – соңғы бес жылда қытайлық электромобильдер қандай жетістікке жеткенін көрсететін айқын дәлел болмақ: көшірмеден бастап технологиялық көшбасшыға дейін.

Еске сала кетсек, Қытайда электр қуатымен жүретін көліктер нарығы қарқынды дамып келеді. Соған сәйкес әлемдік автоконцерндер жергілікті тұтынушылардың сұранысына бейімделе бастады. Мысалы Hyundai жаңа кроссоверін таныстырған еді.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
13 мамыр 2025