Documentolog иесі кәсіпкер Байжан Қанафин шенеуніктерді сотқа берді

Электронды құжат айналымен айналысатын Documentolog жүйесінің иесі шенеуніктер заңсыз тергеу жүргізді деп, сотқа жүгінген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қалалық департаменті «Documentolog» ЖШС нарықта монополия орнатып алған деп тұжырымдап, компанияға бірнеше рет ескерту жіберіп, тергеу бастайды.
Алайда Documentolog компаниясының негізін қалаушысы Байжан Қанафин мемлекеттік органдар отандық ІТ шешім табысқа жеткен кезде, оған қолдау көрсету орнына, керісінше қысым көрсетіп, тергеу жүргізуге кірісетінін айтады.
Documentolog 2007 жылы құрылған. Сол кезде Қазақстанның электронды құжат айналымы нарығы шетелдік Lotus Notes шешімінің монополиясында болған еді. Қанафиннің жазуынша, Documentolog командасы көп инвестиция салып, 2013 жылы Цифрлық құжат алмасу орталығын іске қосады. Бұл шешім мыңдаған клиентке құжаттарды электронды түрде қауіпсіз әрі ыңғайлы алмасуға мүмкіндік берген. Соның арқасында Қазақстан шетелдік ІТ-гиганттардың бұл саладағы ықпалынан қорғана алды
Байжан Қанафиннің сөзіне сүйенсек, дәл осы шешім Қазақстанның цифрлық егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік берген.
«Цифрлық құжат алмасу орталығы – біздің өзіміз жасаған, өзіміз қаржыландырған, инновациялық өнім. Біз оны нарыққа енгіздік, тегін қолжетімді еттік. Бірақ енді сол үшін бізді жауапқа тартып жатыр», – дейді ол.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана департаменті Documentolog-ке қарсы тергеу бастаған. Себеп – компания өз өнімін басқа бәсекелестерге тегін ұсынбады деген айып. Яғни, өз қаражатына жасалған цифрлық құжат алмасу орталығы шешіміне басқа компаниялар да тегін қосылуы керек деген талап қойылған. Бұл талап – кәсіпкердің айтуынша, «абсурд».
«Бұл біздің зияткерлік меншігіміз. Тіпті Microsoft та, Google да өз шешімдерін бәсекелестерге тегін бермейді ғой», – дейді Қанафин.
Бұл ретте Қанафин басқа салалардағы жағдайды мысалға келтіреді:
Байқағаныңыздай, барлық дерлік бағытта Қазақстан шетелдік ІТ-өнімдерге тәуелді. Тек электрондық құжат айналымы нарығында ғана біз өз егемендігімізді сақтап қалыппыз. Алайда дәл осы салада мемлекет отандық өнімді қолдаудың орнына, оған қысым көрсетуде. Бұл – парадокс, – деп жазады ол.
Қанафин мен оның командасы бұл іс бойынша сотқа жүгінген. Олар БҚДА-ның талабын заңсыз деп тануға тырысып жатыр. Егер агенттік өз талабын орындатса, компания шешімді жабуға немесе оны қайта құрылымдауға мәжбүр болады.
KursivMedia осы мәселеге қатысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттінің ұстанымын білуге тырысты. Агеттікке ресми сауал жолданды.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
13 мамыр 2025