Мемлекет 176 млн-ға сатқан жер учаскесін 1,08 млрд теңгеге қайта сатып алмақшы

Мемлекет 176 млн теңгеге сатқан жер телімін 1,08 млрд теңгеге қайта сатып алмақшы. Бұл жайтқа Астана мәслихатының отырысында депатут Асқар Смағұлов назар аударды деп жазады Қазақпарат.
Астана мәслихатының отырысында Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ануар Саипов 9 нысанды 2,14 млрд теңгеге сатып алу жобасын таныстырды. Олардың жалпы аумағы 3 гектарды құрайды. Бірақ кейбірі күмән тудырады. Депутат Смағұловтың сөзінше, мемлекет аукцион арқылы сатқан жер учаскесін өзі қайта сатып алмақшы екен.
«Сіздер әлі сатып алынбаған, біреудің меншігіндегі жер учаскесінде сквер салғалы жатырсыздар. Бұл – бір. Екіншіден, бұл учаске 2022 жылы пайдаланылмағандықтан мемлекет меншігіне қайтарылған. 2023 жылы біз оны аукцион арқылы сатып жібердік. Егер біз оны 4 айдан кейін қайтадан мемлекетке қайтарсақ, оны не үшін аукцион арқылы саттық? Аукционда 176 миллион теңгеге сатқанбыз, енді 1,08 миллиард теңгеге сатып алмақпыз ба? Мұнда логика қайда?», — деді депутат Смағұлов.
Ол аукционның заңдылығын тексеру үшін прокуратураға хат жолдайтынын мәлімдеді. Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов мұны түсіндіруге тырысты.
«Жоқ, аукцион кезінде бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі болмаған. Мұнда мынадай қауіп туындады. Меншік иесі бұл жерді Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі аукцион арқылы сатып алып, иеленіп отыр. Кейін бұл азамат сотқа немесе басқа органдарға жүгініп, мысалы, ол жерде түнгі клуб немесе басқа бір нысан саламын деуі мүмкін деген қауіп болды. Бұл жерге қатысты біз халықпен жиі кездесіп жүрміз. Тұрғындардың пікірі – бұл учаскеде, Керуеннің жанында сквер салынуы керек, ешқандай көпқабатты тұрғын үй немесе басқа құрылыс емес. Сондықтан сол кезде сквер салу туралы шешім қабылданды», — деді Нұркенов.
Ол бұл жағдайдың түсініксіз көрінетінін мойындап, мән-жайды анықтап, реттеуді тапсырды.
Осы жыл басында мемлекет E-Qazyna порталы арқылы 10 жер телімін сатылымға шығарған еді. Олардың ішінде Алматы мен Астанадағы бірнеше нысандар бар.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
13 мамыр 2025