Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

kz.otyrar.kz

Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры Түркістан облысы Созақ ауданындағы Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін толық қайта жаңғырту жобасын іске қосты. Жобаның жалпы құны 200 миллион теңгеден асады. Жұмыс алты ай ішінде аяқталады.

Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесінің алғашқы нысаны XVIII ғасырдың ортасында бой көтерген. Қазіргі сәулеттік келбеті XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына жатады. 2006 жылы кесене ескі іргетасының орнына күйдірілген кірпішпен қайта тұрғызылған. Құмкент ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан бұл ескерткіш Созақ өңірімен біте қайнасқан, халықтың тарихи санасында ерекше орны бар нысан.

Кесене «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» мемлекеттік бағдарламасы аясында елдегі 100 ұлттық қасиетті орынның қатарына енгізілген. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жобаны 2026 жылғы ғылыми-реставрациялық жоспарға енгізді. Реставрация жұмыстары аккредиттелген компания дайындаған және Түркістан облысы мәдениет басқармасымен келісілген ғылыми-жобалық құжаттама негізінде жүргізіледі.

Жоба аясында кесенемен қатар маңайындағы инфрақұрылым, оның ішінде қонақүй, асхана және қараушының үйі де жөндеуден өтеді.

«Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін қалпына келтіру — Halyk қорының мәдени мұраға деген жүйелі көзқарасының бір көрінісі. Қор бүгінде бір мезгілде бірнеше ірі бағытта жұмыс істейді: Алматыда үлкен мешіт салынуда, «Ауыл спорт» жобасы арқылы ауыл балаларына өз өңірлері мен басқа аймақтардың құрдастарымен жарысып, шеберліктерін шыңдауға нақты мүмкіндік берілуде, білім және мәдениет саласында бастамалар іске асырылуда. Бұл жобалардың әрқайсысы өз алдына тұрса да, барлығы ортақ мақсатқа — қоғамның әр бұрышында мүмкіндіктер экожүйесін қалыптастыруға — қызмет етеді. Баба Түкті Шашты Әзиз де осы жүйенің бір буыны», — деді Halyk қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

«Халық дән риза, бұл — киелі мекен ғана емес, ел тарихы мен бабалар аманаты тоғысқан қастерлі орын. Қариялар батасын берді. Жұрт бұл бастаманы үлкен қуанышпен қабылдап отыр. Тимур Құлыбаевтың Halyk қорына алғысымыз шексіз. Осындай игі істер арқылы елге ортақ тарихи мұра жаңарып, келешек ұрпаққа лайықты күйде табысталады деп сенеміз», — деді Құмкент ауылының әкімі Ерзат Балықбаев.

2016 жылы Тимур және Динара Құлыбаевтар негізін қалаған Halyk қоры қоғамның тұрақты дамуына бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.

Қордың білім, спорт және экология салаларын қамтитын 200-ден астам жобасы бар. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларды қолдап, төтенше жағдайларда көмек көрсетеді.

Соңғы он жылда әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 90 млрд теңге бөлініп, еліміздегі ірі қайырымдылық ұйымдарының біріне айналды.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
8 сәуір 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар