Ақбота Керімбекова: Өнердегі келеңсіздікті сөз етсем салама деген жанашырлық
Отандық танымал әнші Ақбота Керімбековамен Newsroom.kz сайтының тілшісі әншінің жеке шығармашылығы мен өнер саласының өзектігі жайында сұхбаттасты.
- Соңғы уақытта өнер саласындағы өзекті тақырыптарды жиі көтеріп жүрсіз. Мәжіліс немесе Сенатқа депутат болуға амбицияңыз жоқ па?
- Өнердегі, сахнадағы келеңсіздіктерді сөз етсем, ол менің билікке ұмтылып жүргендігімнен емес, өз салама деген жанашырлық, “мен айтпағанда, кім айтады?”,-деген ой. Еңбек жолына тағдырын арнаған әрбір адам солай қарауы керек деп есептеймін. Менің мұндай шешімдерге келгендегі “жеңісім” депутат мандаты емес, ел боп талқылаған мәселелеріміздің бір қисығы түзелсе, сол - нәтижем! Сосын, уайымдамаса да болады, саясат - мен жүретін орта емес. Депутаттықты сайлаусыз берем десе де бармаймын. Менің таңдап алған жолым бар, ол - өнер!
- Жалпы Instagram желісінде мемлекеттік марапаттар жайлы айтып едіңіз. Егер сізді өзге өнер иелері немесе өнер саласындағы өзге де өкілдер мемлекеттік марапатқа ұсынса, қалай қабылдар едіңіз?
- Марапаттар жайлы жазғаным рас. Биылдың өзінде 800-ге жуық адамға Президенттің қолымен мемлекеттік награда берілген. Одан бөлек, жыл сайын министрліктердің мыңдаған ведомстволық марапаттары табысталады. Әкімшіліктердің, ірілі-ұсақты мекемелердің марапаттары бар. Енді осы сандарды 10 жылға көбейтіңіз. Бұл не деген көп марапаттаулар? Және атаулары қандай? Естіген құлақ тітіркенбей қоймайтын аттар… Ал, мемлекет дамуын, халықтың жағдайын қараңыз? Жетістік болған жерде марапат болса жарасымды, ал, біздің айта беретін ескі Қазақстанда да, жаңа Қазақстанда да былық көп, сонда, не үшін беріліп жатқан марапаттар бұл?! Неге тым көп? Еңбегі барға да, жоққа да тойтабақ құсап үлестіре бермей, ел атынан берілетін болғасын сараптап беруге, нағыз лайықтыларына таңдап беруге болмай ма?,-деген ой ғой менікі. Ал, енді биыл ҚР Халық әртісі атағын алғандар үшін ризамын. Олардың еңбегін біз көріп өстік, тіпті солардың өнер жолынан мотивация алдық. Біраз композитор, әнші достарым ордендер алыпты, оларға да ешкімнің дауы жоқ деп ойлаймын. Себебі, олар тынымсыз еңбек етіп жатыр.
- Жуырда Астанада жеке концертіңіз өтеді. Осы жөнінде айта кетсеңіз.
- Иә, желтоқсанның 2-сіне Елордада шығармашылық ән кешімді өткізуді жоспарлап жатырмын. Үлкен дайындық үстіндемін. Жалпы, араға жылдар салсам да, 2 желтоқсанда кеш беруді дағдыға айналдырып келе жатқан жайым бар, себебі, 3-ші желтоқсан менің - туған күнім. Жақсыға үміттене жүретін халықпыз ғой. Туған күндеріме елдің тілегімен, қошеметімен жету маған қатты ұнап қалды. Концерттің ерекшеліктеріне тоқталсам, Өнер академиясының муздрама факультетінде оқыған актер-актриса жолдастарыммен блок ойластырып жатырмыз, ұлттық инструменттерге басымдық беремін бұл жолы, концерт толық жанды дауыста, жанды музыканың сүйемелдеуімен өтеді. Көбіне шығармасы сахнаға шықса да, өздері тасада қалып қоятын жандарды сахнаға шығармақшымын. Сосын, өзімнің инструменталды мүмкіндіктерімді көрсетіп, халық хит деп жүрген танымал әндерімді концертке келушілермен бірге орындамақ ниетім бар. Ғарыштан әкеп жаңалық ашайын деп жатқаным жоқ. Көп нәрсе әзір дәмі кетіп қалмас үшін жұмбақ күйінде қалсын.
-Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
9 желтоқсан 2024