Черчесовтің Қазақстаннан кетуі жарты миллиард теңге тұра ма?
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Шешенстанның «Ахмат» клубына көшетіні жайлы ақпарат тарады. Бұл туралы ресейлік футбол инсайдері Иван Карпов хабарлады. Оның дерегінше, Грозный қаласының командасы Черчесовті Қазақстан құрамасынан босатылса, қыста шақырмақ. Қазіргі таңда «Ахмат» клубының бапкері қызметін Сергей Ташуев атқарып келеді. Бұған дейін команданы Қазақстан құрамасының экс-бапкері Магомед Адиев жаттықтырған.
Станислав Черчесов 2024 жылдың маусым айында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалған болатын. Алайда оның басшылығымен команда айтарлықтай нәтиже көрсете алған жоқ. Ұлттар лигасындағы алты матчта ұлттық құрама бірде-бір гол соққан жоқ. Соңғы бес ойында Қазақстан құрамасы қарсыластарының қақпасына жол таба алмай, өз қақпасына 15 гол жіберді.
Айта кетейік, егер Черчесов қызметінен мерзімінен бұрын босатылатын болса, Қазақстан футбол федерациясы оған 1 миллион еуро көлемінде өтемақы төлеуі тиіс.
Футбол сарапшылары Черчесовтің «Ахматқа» ауысуы екі жаққа да тиімді болуы мүмкін деп болжауда. Қазірше ресми мәлімдеме жасалмағанымен, бұл жағдай алдағы уақытта Қазақстан ұлттық құрамасының тағдырына әсер етуі ықтимал.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 желтоқсан 2024