Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Ұлыбритания СІМ Қазақстанға мұнай-газды экспорттайтын балама бағыт табуға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді

azattyq.org

Ұлыбритания СІМ Қазақстанға мұнай-газды экспорттайтын балама бағыт табуға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді

Астанаға ресми сапармен келген Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Лондон Қазақстанға мұнай және газ экспорттайтын жаңа бағыт табуға көмектесуге әзір деп мәлімдеді.Сенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесуден кейін өткен брифингте тараптар Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағытын дамыту мәселесін талқылады.—Қазақстан мұнай-газын тасымалдаудағы іркілістерді талқылау мүмкіндігі болды. Мұнай, газ болсын қазақстандық өнімдерді экспорттаудың балама жолын табу мақсатында Ұлыбритания Транскаспий дәлізі жобасын дамыту бойынша көмектесуге дайын. Қазақстан үкіметімен экономикалық базаны қорғау мен әртараптандыру амалдарын зерттеу бойынша әрі қарай да жұмыс істей береміз, – деді Клеверли.Былтыр Ресей Каспий құбыр желісіндегі "ақау" туралы бірнеше рет мәлімдеп, Қазақстан шикізаты Еуропаға жетпей қалған. Мәскеу сол кезде Новороссийск портында қондырғылар істемей қалғанын, тағы бірінде Қара теңіз акваториясын Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған миналардан тазарту қажет болғанын, сонымен бірге экология ережелері бұзылғанын айтқан. Кей сарапшылар тасымалдаудың тоқтатылуынан саяси астар іздеген. Олар Мәскеу Астананы Украинаға қатысты саясатын қолдауға мәжбүрлеп отыр деген болжам айтқан.Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы Қазақстан мұнайының 80 пайызы Еуропаға тасымалданады.КТК-дағы ақаулар қайталанғаннан кейін Астана мұнай-газ экспортын диверсификациялауға мүдделі екенін және Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізін дамытқысы келетінін айтқан.Клеверли Астанаға сапары кезінде Лондон Украинаның территориялық тұтастығын қолдаған Қазақстанның позициясын жоғары бағалайды деп мәлімдеді.Мәскеу одақтасы саналатын Қазақстан оның Украинаға басып кіруін ашық айыптаған жоқ, бірақ Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтейтінін айтқан. Астана Ресейдің украин облыстарын аннексиялағанын да мойындаған жоқ.Ұлыбритания Киевке қаржылай және әскери көмек беріп отырған Украинаның негізгі одақтастарының бірі.Джеймс Клеверли 18 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Клеверли сапарын екіжақты әріптестікті әрі қарай дамыту тұрғысынан алғанда маңызды сапар деп атап, оның аймақ үшін өзектілігін де атап өткен."Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Мен сіздің жақында сыртқы істер министрлігінде сөйлеген сөзіңізді тыңдадым. Онда Ұлыбританияның сыртқы саясаттағы ұзақ мерзімді ұстанымы қамтылды және шын мәнінде, өте маңызды мәселелер айтылды" деді Тоқаев. Оның сөзінен Ақорда сайты үзінді келтіреді.Клеверли Астанада азаматтық қоғам өкілдері және британдық оқу орындарын бітірген түлектермен кездескен. Ол Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның құрметіне арналған алаңқайды ашу рәсіміне қатысқан.Клеверли Қазақстанға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Астанаға сапарынан кейін екі апта өткен соң келіп отыр. Сарапшылар Украинадағы соғыс Батыс елдерін әдетте Мәскеудің ықпал ету аймағы саналатын, алайда оның әскери басқыншылығын қолдамайтын Орталық Азияға қатынасын қайта қарауға мәжбүрлеген деп санайды. Кейбір сарапшылардың ойынша, батыс саясаткерлері Орталық Азияны Ресейге санкцияны айналып өтуіне көмектеспеуге үндеген.
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
29 наурыз 2024