460 бала уланған мектеп асханасы жалған құжатпен жұмыс істеген
Маңғыстау облысында оқушылар жаппай уланған мектеп асханасының қызметкерлері жалған медициналық құжатпен жұмыс істеген болып шықты. Маңғыстау облысындағы мектеп асханасында жұмыс істейтін төрт адам дәрігерлерге тексерілмей, арнайы кітапшаны 5 мың теңгеге сатып алған екен. Сотта кінәсі толық дәлелденген айыпталушылар әкімшілік жазаға тартылды. Бір қызметкер 148 мың теңге, қалған үшеуі 74 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Олар қолдан жасалған медициналық құжатпен жұмысқа орналасып, балаларға ас дайындап жүре берген. Бесшоқы ауылындағы 460 оқушының улану ісі қазір Мұнайлы аудандық сотында қаралып жатыр. «Медициналық құжаттарының жалған екені анықталды. Мұнайлы аудандық сотының үкімімен олар кінәлі деп танылып, бір азаматқа қатысты 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл, қалған үш азаматқа 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалған», – деді Мұнайлы аудандық соты әкімшілігінің басшысы Ерсін Қазиев.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
29 қаңтар 2025