Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өліміне қатысты сот басталды

Қарағандыда Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына байланысты сот процесі басталды. Тергеу деректеріне сәйкес, шахта директоры қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан шахтада көмір шаңы мен метан жиналып, өртке себеп болған. Тілсіз жау конвейердегі механикалық үйкелістен шыққан ұшқыннан басталған. Сонымен қатар, тергеу шахтада жарамсыз құрал-жабдықтардың қолданылғанын анықтады. Сертификатталған мамандардың орнына шахтерлер оны уақытша әдіспен орнатқан. Ал көмір өндіру жоспары белгіленген нормадан артық орындалған. Қылмыстық істі тергеу бір жарым жылға созылды. Сотта 10 адам айыпталушы ретінде қарастырылып отыр. Шахтаның бұрынғы басшылығы «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша жауапқа тартылуда. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, өрт шыққан сәтте кеншілер оны өз күшімен сөндіруге мәжбүр болған.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
14 наурыз 2025