Ақтауда оқушыға оқ атып, жаралағандар бостандықта жүр

Ақтауда досына араша түспек болған 11-сынып оқушысы оқ жарақатын алды. Оқ жасөспірімнің көзіне тиген. Жәбірленушінің жақындары қаскөйлердің әлі бостандықта жүргенін, тергеуге көңілі толмайтынын айтты. 11-сынып оқушысы қазір мектепке барып жүр. Бірнеше күрделі отадан кейін жағдайы оңала бастаған. Бірақ бір көзі мүлдем көрмейді. «Шүріппені басқанда оқ сол жақ көзіме тиді. Содан кейін не болғанын білмеймін, тас қараңғы болып кетті. Көзім ағып кеткен шығар деп қатты қорықтым. Қазір бір көзім көрмейді. Ұшқыштарды оқытатын университетке тапсыру үшін құжат жинап жүрген едім. Бала кездегі арманым еді», – дейді жәбірленуші. Туыстарының айтуынша, оқиға былтыр 30 желтоқсанда қаланың қақ ортасында болған. 11-ші сыныптың оқушысы кинодан шығып, үйге қайтып бара жатқан кезде бір топ бозбала досыма тиісе бастағанын айтады. Жолдасына араша түспек болған маған топ ішіндегі біреуі пневматикалық қару кезеп, бірден көзіме оқ атып жіберді деп отыр. Жерде жатқанда басынан теуіп, ұрған. «Қайта-қайта көзін сұрай берді мама көзім қалай деп. Бәрі жақсы болады балам дедім. МРТ түсіргенде уже анықтады, ішінде оқ бар деді. Операцияға аламыз деді. Сол кезде біз полицияға хабарластық. Екі рет барғанда да көзбе-көз беттестірген жоқ. Содан бері ешқандай хабар жоқ. Олар да колледжде оқитын 2007 жылғы балалар. Не үшін қолына қару ұстап жүргенін білмеймін. 12 бала қайда жүргенін ата-аналар білу керек қой», – дейді жәбірленушінің анасы Мәдина Рысмағанбетова. Оның айтуынша, күдікті әлі бостандықта жүр. Сот-медициналық сараптама қорытындысы да шықпаған деп отыр. Ал полиция кәмелетке толмаған бір баланың тергеліп жатқанын мәлімдеді. Оқушының анасы күдіктілерді кешірмеймін деп отыр.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
17 мамыр 2025