АҚШ барлау қызметі Украинада әскери қимылдар бәсеңдейтінін айтты

azattyq.org

АҚШ барлау қызметі Украинада әскери қимылдар бәсеңдейтінін айтты

Украинада алдағы айларда әскери қимылдар қарқыны бәсеңдей түседі, деп мәлімдеді АҚШ ұлттық барлау қызметінің директоры Аврил Хейнс.Хейнс соған қарамастан босаңсуға негіз жоқ, украин күштері энергия желілері мен өзге де маңызды инфрақұрылымдарға шабуылдарға қарамастан қарсылықты тоқтатпауы керек деп атап өтті.Аврил Хейнс мәлімдемесін Калифорнияда өткен Рейган атындағы жыл сайынғы ұлттық қорғаныс форумында жасады.Хейнстің айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин өз армиясының Украинада ірі жетістікке жетпегеніне таңғалған."Менің ойымша, ол Ресей әскерінің проблемаларына көбірек қаныға бастаған. Бірақ оның қазір жағдай соншалықты күрделі екенін біле ме, жоқ па, нақты айта алмаймыз. Біз оқ-дәрі тапшылығын, моральдық рухтың төмендегенін, жабдықтау және логистикамен байланысты мәселелерді көріп отырмыз" деді Аврил Хейнс. Оның сөзінен Reuters агенттігі үзінді келтіреді.Хейнстің айтуынша, Путиннің Украинадағы саяси мақсаттары өзгермеген, алайда ол кейбір қысқамерзімді мақсаттарын кейінге шегеруді де жоспарлауы мүмкін.Америка барлау қызметінің жетекшісі Мәскеу өзінің әскери қорын жылдам тауысып жатыр деп санайды. "Олардың нақты кезеңде жоғалтып жатқан нәрселерін өз бетімен қалпына келтіруге шамасы жетпейді" деді Хейнс.3 желтоқсандағы форум кезінде АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Ресейді Украинадағы соғыста бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымға қасақана соққы жасады деп айыптады. Остиннің айтуынша, Ресей шабуылдарының салдарынан балалар өліп жатыр, мектептер мен ауруханалар қираған. Пентагон Украинадағы соғыс АҚШ пен Ресей арасындағы қақтығысқа ұласып кете ме деп алаңдайды, алайда "біз Путинмен соғысқа бармаймыз" деді Остин.Жуырда АҚШ президенті Джо Байден егер Путин Украинадағы соғысты аяқтауға ниет білдірсе, онымен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеген. Байденнің сөзінше, ол Франция және НАТО бойынша өзге одақтастармен кеңескеннен кейін келіссөз үстеліне отырады. Алайда Путинмен әңгіме әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ.Ресей өз армиясының Украина аумағында әскери қылмыс жасап жатқанын мойындамайды. Мәскеу сонымен бірге Украинадағы азаматтық нысандарға соққы жасағанын да жоққа шығарады.
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
8 ақпан 2023