Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

«Қытайдан шығармай отыр». Шекараның екі жағында қалғандар туысымен қауышуды күтіп жүр

kznews.kz

«Қытайдан шығармай отыр». Шекараның екі жағында қалғандар туысымен қауышуды күтіп жүр

Шыңжаңда мұсылмандарға қарсы қуғын-сүргін басталғалы бері ол жақта қалған туысының тағдырына алаңдаған қазақстандықтар екі елдің билігінен жақындарын Қазақстанға қайтаруды талап етіп келеді. Қытай дипломаттары Азаттықтың осы мәселе жайлы сұрақтарына жауап бермеді. Ал Қазақстан «өзге елдің ішкі шаруасына араласа алмайтынын» айтады. Азаттық Қытайдағы туысын сарыла күтіп жүрген Қазақстандағы үш отбасының қазіргі жағдайымен танысты. Қадылбек Мәлік (өз өтініші бойынша, аты-жөні өзгертіліп берілді – автор) бізді Талдықорғанның сырт жағындағы айналма жолдан күтіп алды. Орта бойлы, толықтау келген, жас шамасы отыздағы жігіт көлікке отырар-отырмастан басындағы тақиясын шешіп, қол орамалмен бетінің терін сүртті. Аман-саулықтан кейін барар бағытымызды көрсетті. Қала іргесіндегі «Үйтас» саяжайының ішіндегі асфальт төселмеген ескі жолмен жүріп келеміз. Қадылбек әйелі екеуі бұдан үш жылдай бұрын Қытайдың Шыңжаң өлкесі Шәуешек қаласына қарасты Шағантоғай ауданынан атамекенге көшіп келгенін, екіден енді асқан ұлы Құрманды Қытайдағы әке-шешесіне қалдырып кетуге мәжбүр болғанын айтты. Ерлі-зайыпты Қазақстанға келген соң дүниеге егіз ұл келген. Қазір төртеуі де Қазақстан азаматы, Алматы облысындағы саяжайда тұрып жатыр. – Басқа аурудың емі табылады ғой. Сағыныштың емі табылмайды екен. Таңғы үш-төртте оянып кетеміз. Содан кейін ұйықтай алмаймын. Қытайда қалған балам да бізді іздеп жылайды екен, – дейді Қадылбек. Ойлы-шұңқыр жолмен едәуір уақыт жүріп, саяжайдың шетінде орналасқан ескі құжыраның алдына тоқтадық. Есік алдында шамамен үш жасар егіз ұл бала ойнап жүр. Әріректе, ағаш арасында қолмен кір жуып отырған әйел Қадылбектің зайыбы екен. Кезінде саяжайға деп салынған шағын үйдің алдындағы үстін шаң басқан ескі диванға жайғасқаннан кейін Қадылбек әңгімесін әрі қарай жалғастырды. – Шынымды айтайын, алды-артыма қарамай, қашқандай болып келдім ғой Қазақстанға. Ұлымның құжатын дайындап үлгермедім, сосын еріксіз әке-шешеме қалдырып кеттім, – дейді ол. Қадылбектің қазіргі арманы – шекараның ар жағында қалған қарт ата-анасымен, бес жасар ұлымен қауышу. Ол Шыңжаңдағы әке-шешесі мен баласына Қазақстаннан көші-қон органы арқылы өзі бірнеше рет жіберген шақыру хатының көшірмесін көрсетті. Қадылбек 2009-2013 жылдар аралығында Үрімжі қаласында заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алыпты. Айтуынша, бірнеше жыл Шағантоғай ауданындағы полиция мекемесінде жұмыс істепті. Кейін жеке кәсібін ашып, саудамен айналысқан. Қытай мен Қазақстан арасында тауар тасыған. – 2017 жылы сәуір айында Шағантоғайдың сақшылары келіп, дүкенде отырған жерімнен ұстап әкетті. Сондағы таққан айыбы – жұма намазға барғансың және дүкеніңе Қазақстан байрағын іліп қойғансың дейді. Ал шындығында, Қытай мен Қазақстанның байрағын қатар қойған едім. Себебі, сол кездегі саясат сондай болды. Екі елдің достығын, татулығын жиі дәріптейтін. Бізде екі елдің арасына сызат түсірейік я мемлекетті төңкеріп тастайық деген ой да, ниет те ешқашан болған жоқ. Өз көлеңкесінен өздері қорықты, – дейді ол. Аяқ-қолы кісенделіп, төрт ай түрмеде отырғанын, кейін бір жарым жыл саяси лагерьде болғанын айтады. – Түрмеде бір камерада 8 адам отырдық. Далаға шығармайды. Күн көзін көрмейсің. Суық сумен жуындырады. Күніне үш уақыт тамақ береді. Тамақ деген аты ғана, суға қайнаған күріш пен бір тал момо (ашытып пісірген нан). Бірақ оған қарның тоймайды. Ал лагерьде түрмеден де қиын болды. Тамағы тіпті нашар болды. Түрмеде әжетхана болды. Ал лагерьде ол да жоқ. Шелек қойып қояды. Сегіз адам соған зәр сындырамыз. Қолқаны қабатын сасық иіске тұншығып отырамыз. Камераның терезесі ашылмайды, шегелеп тастаған. Ауасы тар, жүрек қысады. Үлкен дәретке күніне бір-ақ уақыт камерадан сыртқа шығарады. Сол үшін тамақты аз береді. Көп адам сол жерде өкпе ауруына шалдықты. Кейін лагерьден 23 келіге арықтап шықтым, – дейді Қадылбек Мәлік. Ол лагерьде болған кезде 200-ге жуық адамның тұрақты қамауда отырғанын, тағы сол шамадағы адамның келіп-кетіп жүргенін айтады. «Олардың кейбірі бір апта, енді біреулері бір ай отырды. Кейбірі күндіз лагерьде болып, кешке үйіне барып қонып, сосын қайтып келетін» дейді Қадылбек. Қадылбек үлкен ұлы қырқынан шыққан кезде қамауға алынғанын айтады. «Балам екі жасқа толғанда босап шықтым. Бірақ бір жылға жетер-жетпес шақта одан тағы ажырап қалдым» деп күрсінеді ол. Қытайдағы қуғын-сүргінді көргендердің айтуынша, 2016 жылдың аяғына қарай Шыңжаң полициясы сонда байырғы заманнан бері тұрып жатқан қазақ және өзге де мұсылман ұлт өкілдерінің жеке басын куәландыратын құжатын жинап алатын болған. Ал келесі жылы адамдарды жаппай ұстап, ел арасында «саяси лагерь» аталып кеткен орталыққа жинау басталған. Онда қытай тілі мен заңдарын оқытып, Қытай коммунистік партиясын мадақтайтын өлең мен ән жаттатқызған. «Саяси лагерьге» мәжбүрлі түрде жіберілгендердің арасында Шыңжаңда туып-өскен, кейін атамекенге көшіп, Қазақстан азаматтығын алған қазақтар да болды. Оларды Шыңжаңға туыстарына қыдырып я кәсіп істеп барғанда ұстап, шығармай қойған. Шыңжаңдағы қуғын-сүргін кезінде намаз оқыған я діни уағыз жүргізгені үшін азаматтарды қудалап, кейбірін соттап, «саяси лагерьге» қамағаны туралы Азаттыққа олардың өздері де, туыстары да айтқан. Шыңжаңда ауыл мешітінің есепшісі болған Бақтияр Мекешұлының әңгімесі (31 наурыз 2022 ж.) 2019 жылы «саяси лагерьде» қамауда отырғандардың кейбірі босап шыққан. Шыңжаңдағы жергілікті қазақтардың кейбіріне Қазақстанға кетуіне рұқсат берген. Бас-аяғы бір жыл тоғыз ай қамауда болған Қадылбек Мәлік те осы сәтті пайдаланып, 2019 жылы әйелімен бірге Қазақстанның Алматы облысына қоныс аударған. Қадылбек – отбасындағы жалғыз ұл. Өзінен үлкен екі әпкесі де тұрмыста. Алпыстан асқан ата-анасы қазір Қытайда кішкентай немересімен бірге тұрып жатыр. – Бір-бірінен ажырап, екі елде қалып қойған отбасы мүшелерін бір-біріне қосу туралы ереже халықаралық заңда да бар ғой. Шындығында олар әкемнің құжаттарын бермей отыр. Әкем Шағантоғай аудандық полиция бөліміне паспортын сұрап үнемі барады, ал оны ылғи түрлі сылтау айтып шығарып салады. Жергілікті үкімет туысқандарымның адамдық құқығын таптап отыр. Әке-шешем де, балам да ешқандай заң бұзған жоқ. Түрмеге түскен жоқ. Неге жібермейтінін білмеймін, – дейді Қадылбек Мәлік. 2022 жылдың сәуір айынан бастап Шыңжаң қазақтары негізінен Чэнду қаласы арқылы біртіндеп Қазақстанға келе бастаған. Бірақ Қадылбектің ата-анасынан әлі хабар жоқ. «Аты-жөнімді атай бастасам болды, телефонды өшіре салады» дейді ол. Қадылбекпен әңгімелесіп отырғанымда, бағанадан бері үйдің сыртында кір жуып жүрген келіншегі қасымызға келді. «Бекер жаздыңыздар ғой. Мына кісінің сөзі эфирге шықса ертең ана жақтағы кісілерді қинайды» деді ол күйеуінің әңгімесін камераға жазып отырған бізге. Айтуынша, Қазақстанға қоныс аударғандардың Шыңжаңда қалған туыстарына ол жақтағы билік адамдары «ешкімге шағым айтушы болмасын» деп қатаң ескертіпті. Қытайдағы қуғын, лагерь мен түрмеден жүрегі әбден шайлығып қалған олар артық сөйлеп, басымызға бәле тауып аламыз деп қатты қорқады екен. Алматыға қайтып бара жатқанымызда Қадылбек өзінің сұхбат бергенін естіген Шыңжаңдағы әкесінің мессенджермен жіберген аудиохатын бізге жолдапты. Онда егде адамның «Мен бірдеме қылып құжатымды алармын. Сосын барармыз. Шешең екеуміз мұнда әрең жүрміз. Сен андағы жақтан сұхбат берсең, мыналар бізді қысады ғой» деген сөзі жазылыпты. Қадылбек бұл әкесінің даусы екенін, ата-анасының қорқып отырғанын айтып, өзі мен үй-ішіндегілердің аты-жөнін жарияламауды өтінді. «Бәрінен көңілім қалды. Құдайдың көзі түзу болса бір келер» – телефонмен сөйлескен Жеңіс Зарқанның даусы пәс шықты. Осыдан жарты жыл бұрын хабарласқанымда: «Жақсы хабар бар, бауырым. Сүйіншісін өзіңнен алам ғой» деп дауысы жарқын естілген. Қазір сол қуаныштың ізі де жоқ. Қазір Алматыда тұрып жатқан Жеңіс Зарқан Қазақстанға 2015 жылы Шыңжаңнан қоныс аударған. Атамекенге келген соң әйелі Сәуле Мелтайқызы екеуіне Қазақстан ықтиярхат берген. Жеңіс Зарқан Қазақстан азаматтығын 2018 жылы алды. Ал жұбайы Сәуле 2017 жылы Қытайдың Алтай аймағы Көктоғай ауданында дәрігер болып жұмыс істейтін үлкен ұлы Мұхтарға қыдырып барған кезде билік орындары шығармай қойған. Сәуле бір жарым жыл Шыңжаңдағы «саяси лагерьде» де отырып шыққан. Лагерьден кейін сал болып қалған Сәуле Мелтайқызының тағдыры туралы Азаттық бұған дейін жазған. – [Қазақстан] сыртқы істер министрімен бір емес, үш рет Zoom арқылы сөйлестім. Орынбасарымен екі рет байланысқа шықтым. Уәдені үйіп-төгіп береді. Бірақ орындай алмайды. Қытай жағы да «әне жібереміз, міне жібереміз» дейді екен әйеліме. Бірақ құжатын бермей отыр. Әйелімнің денсаулығы қазір бұрынғыдан тәуір. Өз аяғымен жүріп-тұрады. Кіші ұлымның анасын көрмегеніне де бес жыл болды. Сәуле Қытайға қыдырып кеткенде бұл ұлым он бірінші сыныпта оқып жүрген еді, ал биыл университет бітіреді, – дейді Жеңіс Зарқан. Әдетте адаммен ақтарыла сөйлейтін, жайдары мінезді ақжарқын отағасы бұл жолы әңгімесін қысқа қайырды. Жеңіс Зарқан бұған дейін бірнеше рет Қытайдың Алматыдағы консулдығы мен Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдына барып, Шыңжаңдағы әйелі мен ұлын Қазақстанға қайтаруды талап етіп, наразылық білдірген. Жеңіс Зарқан тәрізді азаматтардың Шыңжаңда қалған туыстарын босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығын алдына келіп жүргеніне өткен аптада 500 күн толды. Осы уақыт ішінде Қытай дипломаттары оларға жауап берген емес. Ал Қазақстан билігі бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартқан. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек аулында тұратын Гүлнұр Қосдәулеттің күйеуі Сәрсенбек Әкбарды Қытай билігі жібермей отырғанына бес жыл болды. Гүлнұр Шыңжаңда қалған күйеуін қайтаруды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына тұрақты наразылық акциясына шығып жүргеніне бір жарым жылдан асты. Кейде консулдық алдына мүгедек арбасына таңылған кәрі енесін де бірге алып барып жүр. Қытайдың да, Қазақстанның да билік орындарына бірнеше рет арызданған. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ. Шыңжаңда қалған Сәрсенбек Әкбәрді әйелі мен ата-анасы сарыла күтіп жүр (20 мамыр 2021 ж.) Қазір Гүлнұр «Сәрсенбекті қайтарудың жалғыз жолы – консулдық алдында наразылық таныту» деп есептейді. – Қытай жағы «жібермейм
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
29 наурыз 2024