Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Петропавлда қыстың қақаған аязында жылу құбырлары ауыстырылып жатыр

alashainasy.kz

Петропавлда қыстың қақаған аязында жылу құбырлары ауыстырылып жатыр

Петропавлда қыстың қамын жазда ойламаған коммуналдық компания қақаған аязға қарамастан жылу құбырларын ауыстырып жатыр. Қаладағы 270 шақырым желінің 70 пайыздан астамы тозып тұр. Мамандардың айтуынша ескірген құбырлар кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан жекелеген учаскелерде жұмыс басталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. «ЖОЛ ЖӨНДЕП, КЕЙІН ҚҰБЫР АУЫСТЫРУ – ӘДЕТКЕ АЙНАЛҒАН»... Осы жолы арнайы техника 314-ші атқыштар дивизиясы көшесін қазуға кірісті. Құбыр жер бетінен 4 метр тереңдікте орналастырылған. 1984 жылы салынған трассаның әбден тозғаны көрініп тұр. Үстіндегі бетон жабын алынғаннан кейін ыстық су атқылай бастады. Құбырдың қашан тесілгені, қанша тіршілік нәрінің ысырап болғаны белгісіз. Мамандар жылу трассасының бойындағы ақауды осылай ағып жатқан судың дыбысы арқылы анықтайды. Арнайы қондырғылардың көмегі де қажет. «Біздің көшеге тас жол салынғанына көп уақыт болған жоқ. Енді асфальтты қазып, құбырды ауыстырып жатыр. Керісінше жасауға болмас па еді? Ең алдымен жол жөндеп, сосын құбыр ауыстыру – әдетке айналған сыңайлы. Бұл құбырлар шамамен 5 жыл бұрын ғана жөнделген еді. Үнемі жолды бүлдіріп кетеді. Мен туғаннан осы үйде тұрамын. 64-ке келдім. Әкем марқұм үйге жылу тартып, құбыр салған еді. Ол әлі қызмет етіп тұр. Ал бұлардың салғаны көпке жетпейді. Демек, сапасыз материал қолданып, жұмысты дұрыс істемейді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Елена Сопрыгина. ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗДА НЕГЕ ОЙЛАМАЙМЫЗ? Қаладағы жылу желілерінің 70 пайызы тозған. Кейбір учаскелер уақыт күттірмей ауыстыруды талап етеді. Екібастұздағы жағдай қайталанбас үшін жанталасқан коммуналдық мекеме мамандары қыс бойы жөндеу жұмыстарын жалғастыра бермек. «Жерасты суының деңгейі жоғары. Сондықтар құбыр тез шіриді. Ол жарылып кетсе, ыстық су атқылап, маңайдағы үйлерді басып қалады. Апаттың алтын-алу үшін желіні тексеріп, ақауы бар жерлерді анықтап жатырмыз. Кейбірін бақылауға аламыз. Ал кейбірін тез арада ауыстыру қажет. Мәселен Кәрім Сүтішев көшесінде де осындай жұмыс жүргізу қажет құбыр бар», - дейді «Петропавл жылу желілері» серіктестігінің өкілі Алексей Хоменко. ЖЫЛУ БЕРУ ТОҚТАТЫЛҒАН ЖОҚ Жөндеу жұмыстарына 2 бригада мен бірнеше арнайы көлік жұмылдырылды. 10 метр құбыр ауыстырылуы тиіс. Тұрғын үйлерге жылу беру тоқтатылған жоқ. Тек «Жас өркен» айданындағы үйлерде қысым азайтылды. Әбден тозығы жеткен желі кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін еді. «Облыс әкімі қаладағы құбырларды күнде тексеруді тапсырды. Соған сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер қалада құбыр ауыстыру немесе басқа да техникалық жұмыс атқару қажет болса, біз алдын-ала тұрғындарға хабарлаймыз. Сонымен қатар арнайы анықтама қызметтері, апаттық қызмет жұмыс істейді. Халық кез-келген уақытта олардың көмегіне жүгіне алады», - дейді Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла. КӨКТЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН БЕ? Биыл көктемде болған апатты қала тұрғындары ұмыта қойған жоқ. Естеріңізге сала кетсек, 20 наурыз күні Петропавл қаласындағы жылу электр орталығының 3 мұржасының бірі құлаған болатын. Биіктігі 150 метр қондырғының 60 метрі опырылып түскен. Үйіндінің астында қалып қойған жұмысшының денесі екі күннен кейін ғана табылды. Төтенше оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, кәсіпорынның директоры мен бас инженері қамауға алынды. Жылу электр орталығындағы қондырғылардың жартысынан көбінің тозығы жеткен. 1960 жылы іске қосылған кәсіпорында кешенді жөндеу жасалған емес. Құбырлар да сол сәттен бері қызмет етіп келеді. Сондықтан биыл наурызда болған апаттық жағдайдың қайталанбасына кепіл жоқ. Жалпы Қазақстанда жылу электр орталықтары құрал-жабдықтарының 70 пайызға жуығы тозған. Кәсіпорындардың басым бөлігі жекенің қолында. Облыс орталықтарында, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда 37 жылу электр орталығы жұмыс істейді. Барлығы өткен ғасырда пайдалануға берілді. Ең алғашқысы Семей қаласында 1934 жылы салынса, соңғысы 1981 жылы Шымкент шаһарында бой көтерді. Аталған кәсіпорындардың негізгі жабдықтарының орташа тозуы 66 пайызды құрайды. Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда және Степногор қалаларындағы жылу жабдықтарының тозуы 80%-дан асады. Жылу орталықтарының 10-ы коммуналдық меншікте, 2 нысан мемлекет қарамағында, 3-уі квазимемлекеттік және 22-сі жеке меншікте. 28 кәсіпорынның пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кеткен. Бұл жалпы көрсеткіштің 50 пайызы. Ал 9 нысанның қолданысқа енгізілгеніне 30 жылдан асты. Жылу электр орталықтарының орташа жасы 60-тан жоғары. 1996 жылы 30 мамырда Үкімет қаулысымен «Электр энергетикасындағы жекешелендіру және қайта құрылымдау бағдарламасы» бекітілді. Соған сәйкес кей нысандар жекенің қолына өтті. Тектес:
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
26 сәуір 2024