Екібастұзда құбыр жарылып, 10 жастағы бала ыстық суға күйіп қалды
Екібастұзда «Марунич» ЖК тиесілі жылу желісінде апат болып, ойнап жүрген 10 жасар бала күйіп қалған. Оқиға 8 желтоқсанда Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесінде болған. Бала футбол алаңында ойнап жүргенде добы жылу құбырларының астына қарай домалап кеткен. Дәл осы жерде жылу құбырында жарылыс болған. Бала допты алмақ болып ыстық суға кіріп кеткен бе, әлде құбырлардың жанына жақындағанда ыстық су атқылаған ба, әзірге белгісіз. 103 қызметінің хабарлауынша, бала екі балтырынан күйік алған. Бала бірден жансақтау бөліміне түскен. «2014 жылы туған бала 8 желтоқсан күні реанимациясы мен қарқынды терапия бөліміне түсті. Жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланды, реанимацияда болды. Сағат 15:00-де жалпы бөлімшеге ауыстырылды», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы. Павлодар облыстық полиция департаменті бұл оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғады. «Тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сай келмейтін, абайсызда адам денсаулығына зиян келтірген жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – делінген хабарламада.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 желтоқсан 2024