Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Кітабы өртенген жалғыз жазушы

almaty-akshamy.kz

Кітабы өртенген жалғыз жазушы

Тұлғатану

Бірде Әзілхан Нұршайықов Қабдеш Жұмаділов жайында баяндама жасап жатып, оған: «Қабдеш егер киіз үйдің түгел сыртқы керегесі болса, мен сол керегенің бір-ақ көзімін» деп баға береді. Қандай тамаша теңеу! Міне, сол кереге бүгінде төл әдебиетіміздің тамырына айналып, оны тіреп тұр десек, асыра айтқанымыз емес.

Қабдеш Жұмаділов – әдебиетті ардақтаған, ақын-жазушыны қастерлеп, көкке көтерген заманның перзенті. Біз, жаңа заманның жастары, жазушы бойлаған тереңдікке бірге бойлай алдық па? Оның өмірімен, шығармашылығымен қаншалықты таныспыз? Көкейде жүрген сан сауалға жауап іздеу барысында жазушыны алға жетелеген оның әділдікке ұмтылысы, өмірлік принциптері мен мінезі екенін ұғындым.

Талабы – әділдік

Арман Жұмаділ – Қабдеш Жұмаділовтің ұлы. Қазіргі уақытта «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаты. Осы мақала – Арман Қабдешұлынан алған сұхбаттың жемісі.

«Кез келген шығармасын, публицистикасын алып қарасаң да байқалатын үлкен бір мәселе, ол – әділдік. Әділдікті айту, шындықты айту. Өйткені, жазушы – бұл қоғамның айнасы. Қазақтың: «Ет сасыса, тұз себер» деген сөзі бар. Жазушылар – сол қоғамның тұзы. Қоғам, адам, атқамінерлер, билік басындағылар қайда кетіп барады? Солардың бәрін байқаған соң түзетуге тырысады. Негізгі моральдық, ар-ождандық принциптер бар. Содан ауытқымауға тырысады. Жазушының қоғамдық өмірге қатысты әрбір мақаласында ащы шындық көрсетілген», – дейді Арман Қабдешұлы.

Жазушы әсіресе тарихи тақырыпқа келгенде қаталдық танытады. Ол үшін тарихқа қиянат жасау – кешірілмес күнә іспетті. «Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен соң, үстімізден қарайтын ешкім болмағаннан кейін көптеген жазушылар, зерттеушілер тарихқа қиянат жасады. Өздерінің ата-бабаларын дәріптегісі келді. Болмаған нәрсені болды деді. Сондай кезде әкеміз өте қаталдық танытатын. Тарихқа қиянат жүрмеуі керек. Егер ол жүретін болса қалған нәрсенің бәрі бекер. Алдамшы дүниеге айналады», – дейді ол.

Қабдеш Жұмаділов бұл туралы өзінің «Тарихты талапайға салмайық» атты мақаласында: «Тарихты зерттеп, тереңіне бойлау, тарихи тұлғалар жайында қалам тарту – инемен құдық қазғанмен бірдей», – деген екен.

Жазушының тағы бір қасиеті – ешқашан өзін қинап шығарма жазған емес. Өзгелер секілді «бүгін қалайда екі бет жазам» деп, ақ тер, көк тер болмаған. Бұл туралы Арман аға былай дейді: «Әкеміздің принципі – шығарма жазылмауы керек, тууы керек. Әуелі, кітап жазудың міндетті түрде бір кезеңдері бар. Бір тақырыпты зерттеу үшін алдымен оқулықты қарайсың, деректерді қарайсың. Әртүрлі адамдармен әңгімелесесің, солардың пікірін білесің деген сияқты. Сондай нәрселерден тұрады дайындық. Ал сондай материал жиналғаннан кейін басыңда ойың, жоспарың, шығармаң піскен кезде ол кедергісіз тууы керек. Ал ол туатын кезде әкеміз шегелеп қойғандай отырады. Оңға, солға, қыдыруға, демалуға шетелге барып қайтуға «ешқандай зауқым жоқ» дейді. Ал енді шығармасын бітіріп, соңғы нүктесін қойған кездегі жан ләззаты қандай, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол да жазушының өзінің төл баласы сияқты».

Арман Қабдешұлының айтуынша, олар әкесін жұмыс үстінде ғана көретін. Арасында бой жазуға тұрмаса, таңның атысынан күннің батысына дейін кітап оқумен, болмаса жазумен айналысқан. Ол кезде компьютер жоқ. Бәрі машинкаға қолмен басылатын. «Машинкаға басылғанға дейіннің өзінде үш қайтара тексеріледі, көшіріледі. 20-30 баспа табақ бетті қайта жазып шығу, қайта оқу, қайта өңдеу оңай емес. Бәрі денсаулықтың есебінен кетеді. Көздің майы таусылатын нәрсе. Бұған енді табандылық керек». Міне, бүгінде қаламгердің табандылығының арқасында дүниеге қаншама керемет туындылар келді.

Көшпенділердің соңғы тұяғы

Жазушының атын шығарып, өте жоғары бағаланған шығармасының бірі – «Соңғы көш» дилогиясы. Ол оңай жазылған жоқ. Басылып шығуының өзі бірталай уақытты талап еткен. Оның алғашқы апробациясы «Қаздар қайтып барады» әңгімесі болған. Алғашқыда Қытай қазақтары туралы шығарманың цензурадан өту-өтпеуін, халық қалай қабылдайтынын тексерген екен. Құдай оңдап, жылы қабылданған.

«Қызық. Кейінгі жазушылардың біразында осы сюжет байқалады. Ол не? Қабдеш Жұмаділовтің мектебі деген сөз, әсері деген сөз», – деп тұжырымдады Арман Қабдешұлы.

Иә, әр шығарманың өзінің қызық тағдыры, бөлек жолы бар. Кітапты жазу үшін жазушы міндетті түрде сол жерді көруі керек. Бұл да қаламгердің бір ұстанымы болса керек. Жер-су аттарын, географиялық аймақты көз алдына елестетуі керек. Өйткені, кейбір жазушылар өздері жазып жатқан өңірді мүлдем көзімен көрмеген.

«Әкеміздің бір ерекшелігі, ол – көшпелілердің соңғы тұяғы, көшпелі өмірдің романтикасын көрген кісі. Қазіргі шығармашылық адамдар көшпелі өмірді көз алдына елестете алмайды. Оның қызығын, рахатын, стихиясын танымай жатады. Кейде біреулер шығармаларында таң атпай, күн шықпай ауыл тұруы керек, үйді жинауы керек, жолға қамдану керек, көшу керек дейді. Соның бәрі азап сияқты көрінеді. Құдай-ау, осы көшуді қашан тоқтатар екенбіз деген сияқты бір қиналып қалған сәттер көз алдына елестейді. Бірақ көшпелілер үшін бір орыннан бір орынға жылжу, жүріп отыру – өмірдің символы. Білесіздер ме, көшпелілер көшке шыққан кезде бір киерін киіп шығады. Олар үшін бұл – үлкен мереке деген сөз. Алдағы басқа ауылдармен араласу, құдандалық қатынастар орнату деген сияқты өмірлік салттармен байланысты нәрселер. Көше салу деген жай процесс емес. Ол – үлкен астарлы дүние, өміршеңдікті қамтамасыз ететін нәрселер, құбылыстар».

Оның шығармалары өміршең

Тағы бір қуантарлығы, жазушының көзі тірісінде барлық шығармалары өзіне сай, лайықты бағасын алған екен. Әрине, мұның басты себебі – ол қозғаған тақырыптар мен көтерген мәселелерде жатыр.

«Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы ешқашан банкроттыққа түспейді. Ол үнемі оқылады. Өйткені, оның басты тақырыбы – ұлт тағдыры, жер мәселесі. Былайша айтқанда, бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бәрі Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларында жазылған. Қазақстанда кітабы өртенген жалғыз жазушы – Қабдеш Жұмаділов. «Әріп пен Сара» деген жинақ бар. Сол жинақтың ішінде алғашқы рет «Диктатордың ажалы» деген әңгіме кеткен. Жұрт оқысын, мектепке тарасын, балалардың қолына тисін деп, қазіргі Абай облысы, Үржар ауданына 150 кітап жіберген. Екі аптадан кейін осы кітапты КГБ-ның адамдары жинап алып, өртеген көрінеді. Сонда осы «Диктатордың ажалы» деген әңгімесі үшін. Сол жерде қырағы біреулер сол диктаторлардың ішінен Елбасыны танып қойды ма, білмеймін, әйтеуір қырағылық танытқан көрінеді», – деп бұрын ел естімеген жаңалықты айтып берді.

«Жазушы деген бойжеткен емес, бәріне ұнағысы келетін» деп Қабдеш Жұмаділовтің өзі жазып қалдырған екен. Оның өзінің өмірлік принциптері бар. Сол принциптерінен ауытқымағаны, ұстамдылығы, биліктің сарай бұлбұлы болмағаны үшін ол бір кездері халық жазушыларына берілетін стипендияны 7 жыл алмай, қағылған. «Бірақ өзінің позициясынан қайтпаған. «Егер үлкен кісіден кешірім сұрап, алдынан өтсең, мансап та, атақ та болады» деген ұсыныс болған. Соған да бас имеген. Міне, жазушының принципі. Қазір сол үлкен кісіміз қайда, Қабдеш Жұмаділов қайда?!», – дейді Арман Жұмаділ.

Оның әр шығармасы – дайын тұрған сценарий. Театр қойылымына, киноға лайық дүниелер. Сол себепті, Қабдеш Жұмаділов шығармалары әрқашан сұранысқа ие.

«Әкем бильярдтың терминдерін қазақша айтатын...»

Сөз орайы келгенде Арман Қабдешұлынан қаламгердің өзге де қызығушылықтары жайлы сұрадық. Жазудан бөлек немен машықтанды, сүйікті ісі қандай болды деген сауалдардың жауабы сіздерді де таң қалдырмай қоймас.

«Әрине, серуендеуді жақсы көретін. Әкеміз барда талай тауларға шығатынбыз. Тау бөктеріне барып демалғанды ұнататын. Өзі тау баласы ғой. Тарбағатайдың азаматы. Сол тауларға барғанда Малдыбай, Жандыбай қыстаулары көз алдына елестейді ме екен?», – дейді Арман сол бір сәулелі сәттерді есіне алып.

«Бильярдты ұнататын. Әкемізбен бильярд ойнап жатқанда сол бильярдтың терминдерін қазақша атайтын. «Қап, соны кезінде жазып алмаппыз» деп өкінемін. Әйтпесе, қазір бильярдтың атауларын қазақшалау – үлкен іс. Мысалы, бильярд ойнап жатқанда лузаға түсіп кеткен шарды «майшелпек» деп атайтын. Шахмат ойнауды да ұнататын».

Дегенмен көп жағдайда қолы босай қалса, отыра қап кітап оқитынын айта кетті. Жазушы болған соң үнемі білімін толықтырып, жетілдіріп отыру шарт болатын. «Бәрін оқитын. Әсіресе шетелдік жазушыларды көп оқыды. «Тағдыр» деген романды жазардан бұрын Қытай тақырыбындағы кітаптардың бәрін оқып шықты. Бұрынғы совет кезеңінде шыққан саяси кітаптарды, әдеби кітаптарды да оқыды. Әсіресе, қытай жазушыларының шығармаларын оқыды. Өйткені, сол елдің философиясын, көзқарасын, дүниетанымын, дүниетанымдық құндылықтарын, ұстанымдарын білуі керек. Оны қайдан аласың? Оқып, табиғи жолмен түйсініп барып қана ұқпасаң, қиын нәрсе».

«Енді бір қызық нәрсе, әкемізге талай адамдар ақыл-кеңес сұрап келген. Мысалы, Қуаныш Сұлтанов деген ағамыз бар. Бір кездері Қытайға елші боп тағайындалған. Сонда Қытайдан, Қытай қазақтарынан хабары жоқ. «Не істеймін, кімнен мағлұмат алсам» деп жүрген кезде біреу ақыл берген ғой. «Аға, сіз осы Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларын оқыңызшы» деп. «Соңғы көш» деген тағы басқа кітаптары бар. Соны қолына алып, бәрін ақтарып шыққан ғой. «Пайдасы тиді» дейді. Сол жердегі мәселелерді ұқты. Содан әкемізбен кездескен кезінде өзі қолын қысып, рахметін айтқан. «Сіздің шығармаларыңыз елшілік қызметте жүрген кезде маған көп септігін тигізді деп», – дейді Арман Жұмаділ.

«Олар басында жетеу болатын»

Қабдеш Жұмаділов тарихи тұлғалардың өмірбаяны жайлы көптеген соны шығармалар жазған. Мәселен, Қабанбай батыр («Дарабоз»), Ақжан Атаханов («Атамекен»), Қаныш Сәтбаев («Академтиктің көз жасы»), Әсет Найманбаев («Тағдыр») т.б. Тіпті мақалаларының өзінен сол стильдің, өзіндік қолтаңбаның лебі есіп тұрады. Замандастары Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Заманбек Жакеновтер, тағысын тағы ақын-жазушылар талай мақалаға арқау болған. Міне, соның арқасында қалың оқырман ұлт ардақтыларын етене танып жатыр.

«Олар басында жетеу болатын. Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқақов, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, өзі және Дүйсенбек Қанатбаев қой деймін. Басында «жеті қарақшы» боп жүрген. Арасында

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
6 мамыр 2024