Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзіміне қаншалықты мән бересіз?

almaty-akshamy.kz

Дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзіміне қаншалықты мән бересіз?

Жасыратыны жоқ, көбіміз бас ауырып, балтырымыз сыздай қалса, үйде қобдишада тұрған дәріні іше салуға асығамыз, мерзіміне қарап жатпаймыз. Себебі, дәл сол сәтте ауырып тұрған жерімізге шипасы тисе болды, соны ғана ойлаймыз. Ал негізінде, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен препараттардың ағзаға зияны тиеді.

Дәрілік заттардың құрамында химиялық қоспалар болады. Сондықтан сыртында көрсетілген уақыты аяқталғаннан кейін ол қауіпті өнімге айналып шыға келуі мүмкін. Жалпы, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен препарат ең алдымен емдік қасиеттерін жоғалтады. Яғни, олар сізді емдемейді, тіпті ауруыңызды одан әрі қоздырып жіберуі мүмкін. Сөйтіп дертіңізді асқындыруы да ықтимал. Сондай-ақ, уланып қалуыңыз да мүмкін. Сондықтан үйдегі дәрі-дәрмектердің сыртында көрсетілетін жарамдылық мерзімін тексеріп тұруды әдетке айналдырған абзал. Сақтау шарттарына ерекше назар аударған жөн дейді мамандар. Кейбір дәрі-дәрмектер нұсқаулығында көрсетілгендей дұрыс сақталмаса, жарамдылық мерзімі де қысқара түсетін көрінеді.Бұл әсіресе, созылмалы ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерге қатысты. Сондықтан ондай препараттарды бумасымен алмаған дұрыс. Ем-дом қабылдайтын кезеңдерде ғана сатып алған жөн.

Айтпақшы, елімізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айырбастауға және қайтаруға жатпайды. Алайда, өнімді қайтаруға немесе айырбастауға болатын жағдайлар бар. Олар: дәріханадан сатып алған препаратыңыздың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болса және қаптамасынан қандайда бір ақауды байқасаңыз. Бірақ дәріхана берген түбіртекті сақтап қоюды ұмытпаңыз.

Осы орайда тағы бір мәселе туындайды. Ол туралы да тоқталайық. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектерді қоқысқа, көрінген жерге тастауға болмайды. Өйткені олар – топырақ пен суды ластайтын химиялық заттар.

Жуырда мегаполисте «Алматы – ортақ үйіміз» науқаны аясында қала емханаларына тұрғындардың мерзімі өткен препараттарды әкеліп салуына болатын жәшіктер орнатылды. Біз осы іс-шараның қалай жүзеге асырылып жатқанын білу үшін №8 қалалық емхана директорының орынбасары Ұлболсын Малғараевамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Сұйық дәрі-дәрмектер (ерітінділер, суспензиялар) қатты түрдегі препараттарға (таблеткалар, ұнтақтар, капсулалар) қарағанда көп уақытқа жарамайды дейді. Себебін айта отырсаңыз.

– Ол рас. Әсіресе, офтальмологиялық барлық дәрі құтысында көрсетілген жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін міндетті түрде жойылу қажет. Өйткені олар әдетте консерванттың әсерін тоқтатады және тамшыларда бактериялар көбейе бастайды. Құтыны ашылған сәттен бастап бір жылдан аспайтын уақытқа сақтау ұсынылады. Әйтпесе асқазан-ішек жолдарының проблемаларын тудыру қаупі артады. Сонымен қатар, кейбір капсулалар/таблеткалар, олардың қасиеттеріне байланысты, ауадан су буын сіңіруі мүмкін, сол үшін емдік шараларына әсер етуі ықтимал. Жарамдылық мерзімі өткен инъекциялық ерітінділерді де қолдануға болмайды. Өйткені оларда улы заттар пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, инъекцияға арналған ерітінділерді де қолдануға болмайды. Егер олар түсін өзгерткен болса немесе оларда тұнба пайда болса, тіпті жарамдылық мерзімі өтпеген болса да, бұл өте қауіпті болуы мүмкін.

Витаминдер туралы бөлек айту керек. Себебі,бұл шағын молекулалы органикалық қосылыстар жоғары жылдамдықпен ыдырайды және жарамдылық мерзімі аяқталған кезде оларда терапиялық әсер ететін белсенді заттар өте төмен болады. Нитроглицерин, инсулин және сұйық түрдегі антибиотиктер сияқты дәрі-дәрмектерді де жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін қолданбаған дұрыс.

– Жәшікке салынған дәрі-дәрмектерді емханада қалай сақтайсыздар?

– Емханаларда мерзімі өткен препараттарды қабылдау ҚР-ның «Жарамсыз болып қалған, жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, жалған және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін басқа да дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жою қағидаларын бекіту туралы» Заңы шеңберінде жүзеге асырылады.

Жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді жауапты қызметкер сақтау орындарынан дереу алып, мөрленген түрде анықталған жалған, сапасыз, контрафактілік дәрілік препараттарды арнайы бөлінген және белгіленген сақтау аймағына көшіреді. Оларды материалдық жауапты қызметкерге, мысалы, бөлімшенің аға медбикесіне береді. Бұл жүйе есептен шығаруға рұқсат алғанға дейін жалғасады.

– Дәрі-дәрмектерді жою қалай жүзеге асырылады?

– Жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектер зияндылығына қарай кластарға бөлінеді. Олардың токсикологиялық қаупі бар қалдықтардың зияны мен мазмұнын сипаттай отырып, бірреттік қара контейнерлерге жиналады. Заң талабына сәйкес анықтама жазылып, қажетті мекемелерге жеткізіледі.

Иә, Алматы емханаларында мерзімі өткен дәрі-дәрмекті қабылдау науқаны жүріп жатыр. Бұл бастама тұтыну уақыты өтіп кеткен дәріні дұрыс кәдеге жарату және оның қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы халықты хабардар етуге бағытталған. Айтпақшы, бетперде, қолғап, аяққап, шприц және инесі бар инъекциялық жүйелер, пайдаланылған таңғыштар (жабысқақ пластырь, дәке, мақта) қабылданбайды.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
6 мамыр 2024