Тоқаев Гвинея-Бисау жастарына Қазақстанда білім алуды ұсынды
Бұл туралы елімізге ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбаломен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Азаматтарымыз бір-бірін жақын танып білу үшін мәдени-гуманитарлық байланыстың маңызы зор. Осы ретте мен Гвинея-Бисау жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсындым. Бұл қадамдар екі ел арасында жан-жақты ынтымақтастықты жандандыруға ықпал етері сөзсіз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманмен халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасып, ой бөліскенін атап өтті.
— Қос мемлекеттің көптеген өзекті тақырып бойынша ұстанымдары ұқсас. Әсіресе, жаһандық бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты сақтауға қатысты көзқарасымыз ортақ. Қазіргі геосаяси жағдайда БҰҰ мен Африка одағы аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Жалпы, жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол мүмкіндік бар. Бүгінгі маңызды келісімдер соның айқын көрінісі. Умару Эмбало мырзаның сапары Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп санаймыз. Әрдайым өзара қолдау көрсетіп, табысқа бірге жетеміз деп сенемін. Екі елдің достығы нығая берсін, — деді Президент.
Бізді Youtubе-та қараңыз!Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 желтоқсан 2024