Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

«Менің атым Қожа» фильмі туралы 20 дерек

turkystan.kz

«Менің атым Қожа» фильмі туралы 20 дерек

Қазақ кино өнерінің жауҺарына айналған «Менің атым Қожа» балалар фильміне – 59 жыл. Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев шығармасының желісі бойынша түсірілген фильм барша қазақтың сүйікті кинотуындысына айналды. Басты кейіпкер Қожаның рөлін актер Нұрлан Санжар сомдаған (киноға түскен кезде – Нұрлан Сегізбаев). Сонымен қатар аталмыш картинаға қазақ киноөнерінің шеберлері Кененбай Қожабеков, Бикен Римова, Раиса Мұхамедиярова сынды әртістер де түскен. Режиссері – Абдолла Қарсақбаев. Қожаны сомдаған Нұрлан Санжар басты рөлге қалай таңдалды? Фильмнің қосалқы режиссері Тұрар Дүйсебаевтің айтуынша, Қожаның рөліне келетін адам кездейсоқ таңдалған. «Бірде қызметтесім, фильмнің бас операторы Михаил Аранышев екеуміз киностудияға қарсы беттегі дәмханаға бара жаттық. Алдымыздан екі оқушы қызбен қуаласып жүрген бір ұл бала көзіме оттай басылды. Ішімнен «жер-көктен іздеген Қожамыз осы» деп түйдім. Екеулеп жүріп шап беріп ұстап алдық. «Жібер, жібер мені» деп қояр емес. «Мен режиссермін, киноға түсетін бала іздеп жүр едім, сенің түр-келбетің соның рөліне лайық екен, атың кім өзіңнің» деп жөнімізді айттық. «Не надо, я не хочу сниматься в кино» деп азар да безер болды. Аты-жөні Нұрлан Сегізбаев екен. Әкесі «Ой, балам көнбейді, өте бұзық, одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып біткен, бекер ұятқа қалдырып жүрер мені, қойыңдар» деп болар емес. Мекен-жайын сұрап алып, кешкісін үйіне бардық. Ата-анасы «өзіңіз біліңіз, ұятқа қалдырса бізді кінәламаңыз» дегендей ыңғай білдірді. Ақыры отбасымен көндіріп, кинопробаға шақырдық. Алғашқы фототүсірілімдер тамаша шықты. А.Қарсақбаевқа, көркемдік кеңеске көрсетіп, Қожа рөлін Нұрлан Санжар ойнайтын болып жоғары жақпен бекітілді», – депті ол. Актердің сөзінше, оған киноға түсу мектепке бармауға жақсы сылтау болған. «Анама бірінші сыныптан бастап «оқығым келмейді» дейтінмін. Ол мені Ленин даңғылынан 33-мектепке дейін таяқпен қуып апаратын. Киноға түскенім үшін сыныптан сыныпқа қалып қойғаным бар», – деді актер. Фильмге қатысты қызықты деректер: 1. «Менің атым Қожа» – 1957 жылы жазылып, 1963 кино-картина болып экраннан көрерменге жол тартты. 2. 1967 жылы «Менің атым Қожа» француздың әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алады. Бұл – қазақ кино саласындағы тұңғыш жүлде. 3. Фильмнің режиссері Абдолла Қарсақбаев алғаш рет кинотуындыға музыка жазуға опера және театр балетінің дирижері, 12-ші мектеп-интернатта бірге оқыған досы Нұрғиса Тілендиевті шақырды. Ол фильмнің музыкасын, соның ішінде кейін халық арасына кеңінен тараған «Саржайлау» өлеңін жазды. 4. Фильм Үшқоңыр, Талғар, Түрген және Үлкен Алматы көлінің маңында түсірілген. Көп көріністерінде Қаскелең қаласының Абай атындағы мектебінің оқушылары түскен. 5. Фильмдегі негізгі кейіпкерлер – шамамен бесінші-алтыншы сынып оқушылары. Олардың көбі қосалқы рөлде ойнаған. Бас кейіпкер, оның сыныптастары Жантас пен Жанар, 5 жасар Дәулет, ересектеу Сұлтан ғана – негізгі рөлдерді сомдады. 6. Алғашында режиссерлер Қожаның рөліне лайық адамды Өзбекстан мен Қырғызстанға барып кастинг арқылы іздеген. 7. Фильмге 500-ден астам адам түсуге келген. Басты рөлге алғашында Әлібек Ишенов есімді актер таңдалған. Кейін фильм режиссері Абдулла Қарсақбаевтың қалауымен Нұрлан Санжар бекітілді. 8. Туынды әлемнің 20-ға жуық тіліне аударылды. «Менің атым Қожа» повесінің алғашқы аудармашысы осы Самал Соқпақбаева. Әкесінің туындысын Қазақстан баспалары баспай жатқанда, ол Мәскеуге барып орыс тіліне аудартты. Одан кейін шығарма француз және тағы басқа да 15 тілге тәржімаланды. 9. Фильмдегі мына эпизодта Сұлтан Қожаға темекі шегуді үйретеді. Ал шын өмірде бәрі керсінше болған. Сұлтанды сомдаған Марат Какенов сол сәттен бастап темекі шегуді әдетке айналдырған. Ал әкесі сол үшін режиссерге қатты ренжіген көрінеді. 10. Мына эпизодта Қожа бақаны шынымен жұтып қойған. Бұл туралы фильмдегі Сұлтанды сомдаған Марат Какенов «Таңшолпан» бағдарламасында айтып берді. 12. Қожа рөлінен кейін Нұрланды басқа фильмдерге шақырған, бірақ ол бас тартқан: «Киноға түсемін деп мектепте екінші жылға қалып қойдым. Ішінде болашақ опера әншісі Әлібек Дінішев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының болашақ директоры Болат Сұлтанов бар сыныптастарымнан бір сынып қалып қойғаныма өкінетінмін», – деді ол. 13. Қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы бар фильмде Нұрланның өз дауысы жоқ. Оның айтуынша, сегізінші сыныпқа дейін «р» дыбысына тілі келмегендіктен, орысша нұсқасында оның рөлін мәскеулік актриса Марина Виноградова, ал қазақ тілінде қазақ актрисасы Фарида Шәріпова дыбыстаған. 14. Сұлтанның рөлін ойнаған Марат Какеновтің арманы орындалмады, актер болмады. Армиядан келген соң ол мемлекеттік қауіпсіздік органдарына жұмысқа тұрған. 15. Басты рөлді сомдаған актерлер сол уақытта 90 рубль гонорар алған. 16. Жантас рөлін ойнаған актер Е.Құрмашев белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. 17. Қожа рөлінде ойнаған Нұрлан Санжар атақты футболшы Тимур Сегізбаевтың туған інісі. 18. Бес жасар Дәулетті ойнаған Юсуф Шамузовтың айтуынша, ол киноға кездейсоқ түскен: «Біздің аулаға бір көлік келді. Сөйтсек, Абдулла Қарсақбаев фильм директорының үйіне келіпті. Ол кезде машина деген таңсық нәрсе болатын. Үсті ашық «Бобик» екен. Біз кіріп алдық. Қарсақбаев шықты да, бізді көріп «Ертең мына баланы түсірілім алаңына алып келіңдер» деп айтқан», – деді. Юсуф Шамузов – 1983 жылдан бері Қазақстанның бокс құрамасының дәрігері болған. Медицина институтын бітірген. 19. Биыл 1 маусымда Нұр-Сұлтан қаласындағы Жетісу саябағында «Менің атым Қожаға» ескерткіш орнатылды. Мүсін айна алдында өз-өзін «педсоветке» салып жатқан отырысын бейнелейді. Ескерткіш қоладан, ал тұғыр граниттен жасалған. Биіктігі – 183 см. Композиция авторы – мүсінші Азамат Талапхан, идея авторы – Мұрат Қожамқұлов.
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
19 сәуір 2024