Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Қазақстанға 10 дивизия кірді деп есептей беріңіз – Дос Көшім ресейліктердің ағылуы жайлы

kznews.kz

Қазақстанға 10 дивизия кірді деп есептей беріңіз – Дос Көшім ресейліктердің ағылуы жайлы

Саясаткер Дос Көшім Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында ресейліктердің жаппай Қазақстанға ағылуының артында үлкен қауіп тұрғанын ескертеді. Бірақ Қазақстанның орыс тілді билігі жеткілікті деңгейде шара қабылдамай отыр дейді ол. – Өзіңіз де айтып жатырсыз. Екі мәселе бар. Біріншісі – жақында туындайтын мәселелер. Инфляция, үйлердің қымбаттауы, пәтер жалдау мәселесі, жұмыссыздық… Өйткені өзімізде де 2 миллионға жуық жұмыссыз бар. Олар тағы қосылса, не болатыны белгілі. Мұның бәрі жақын арада болатын әлеуметтік-экономикалық негативті жағдайлар. – «Қысқа мерзімді» деп атауға болатын шығар? – Иә, ол болып жатыр. Ол басталды. Оны үкімет тоқтата алмайды. Мысалы «пәтерақыны қымбаттатпа» деп айта алмайды. Жұмыссыздық та көбейеді. Оны тоқтату мүлде мүмкін емес. Екінші мәселе – келешекте болатын мәселе. Қазір айқай шығарып жатқан адамдардың ішінде мен де бармын. Соңғы үш-төрт күнде кемінде 20-ға жуық сұхбат берген шығармын. Қысқасы, екінші жағдай бізді көбірек алаңдатып тұр. Бірден адамдар түсіну керек, бұл – келгендерге жаулық емес, сақтану. Себебі, біріншіден, жүз мыңдаған адамның келуі оңай жағдай болмайды. Қазақстандағы орыс тілді әлем үшін ыңғайлы болады. Мысалы тіл мәселесіне осы жағдай үлкен бөгет болады. Сіз атаған ресейліктердің ішінде кемінде 30 адам ғана қалды деген күннің өзінде… Өз басым «келген адамдардың бәрі кетеді» дегенге сене қоймаймын. Олардың үштен бірінің қалуы әбден мүмкін. Олар бір-екі жылға қала ма, әлде өмір бойына қала ма белгісіз. Өйткені Қазақстандағы жағдай – Кеңес үкіметіндегі жағдай сияқты. Ешқандай жеке мемлекет секілді тілдік талап жоқ. Сондықтан, олар өздерінің Ресейінде жүргендей күйде өмір сүреді. Олар сонымен бірге 30 жыл бойы қазақ тілін үйренбеген, үйренгісі келмеген адамдардың қатарын толтыратыны анық. Олар бір-екі айдан кейін қазақ тілінде сөйлеп кетеді деп ешкім кепілдік бере алмайды. Ол айдан анық нәрсе. Демек, олар орыс тілді әлемнің қатарына қосылады. Сонымен бірге олардың ішінде қандай пиғылдағы адамдардың келгенін байқамаймыз. Қазір билік тарапы «оларды тексеріп, үш айдан кейін Қазақстанға қалдырмаймыз, депортация жасаймыз» деп жатыр. Мен ашығын айтайын, жүз мыңдаған адамды тексеру мүмкін емес. Бұл басталған – алғашқы толқын. Ертең бұл келгендер «Қазақстанда бізді қалай күтіп алып жатыр?», «бізге банктерден есепшот ашып жатыр», «бәрі тамаша, бұл жерде ешкім қазақ тілін талап етпейді» деген әңгіме көбейсе, онда Ресейден бізге қарай екінші және үшінші толқын келеді. Олар одан көп болатыны айдан анық. Сондықтан, біз қазіргі жүз мыңдаған емес, миллиондаған адамның келетіні анық. – Егер мысалы Ресейде жағдай тіпті қиындай түссе, қашып келе жатқандар босқын болып ауса, тіпті қалың нөпірдің астында қалатын секілдіміз бе? – Оларды шамамыз келгенше босқындар деп айтпауымыз керек. – Бері қашқан ресейліктердің босқын атанатын сценарийді де болуы мүмкін жағдайды айтып отырмын… – Бәрібір бұл соғыстан қашқан деген ат қой. Соғыстан қашып жатыр. Келіп жатқандардың ішінде екі топ бар деп ойлаймын. Біріншісі – соғысқа алынатын адамдар қашып жатыр. Екінші мәселе – ол жақта көптеген фирмалар мен компаниялар жұмысы тоқтағаннан кейін жақсы өмірін сүру үшін де Қазақстанға келіп жатқандар бар. Қысқасы, ондайлардың көбейетіні айдан анық. Сол уақыттарда біздің мемлекетіміз не істейтінін білмеймін. Екіншіден, шындығында да біздің ішімізде бесінші колонна бар. Мен осыдан үш ай бұрын Солтүстік Қазақстанда 30-ға жуық кездесу өткіздім. Елдімекеннің атын ауыстыру үшін. Гуденовка, Ленин атаулары бар ауылдар әлі де бар. Сол жерде мен халықпен тікелей кездесу өткіздім. Сонда түсінгенім, біріншіден, анау жерде отырған орыс тілді азаматтар ғой – олар менің көз алдымда Луганск пен Донецктің адамдары секілді болып көрінді. Тек автоматтары жоқ. Елдімекендердің атауын өзгерту мәселесін түсіндіруге барған бізді жеп қояйын деп отыр. Екіншіден, оалрдың арасында белгілі бір байланыс, құрылым бар екенін байқадым. Бұларда жүйе бар. Бұлар кәдімгі бесінші колонна секілді. Мен мәселен, бір ауылда кездесу өткізсем, екінші ауылға баратын екі сағаттың ішінде анау ауылдың дайындалып қояды. Бір-бірімен байланысты. Араларында белгілі бір құрылымдық деңгейдегі ұйымдасқан сипат бар. Демек, енді оларға жүз мыңдаған 20 мен 40 жас аралығындағы адамдар қосылады. Бұл кемінде Қазақстанға кірген 10 дивизия. – Олардың шекарадан оп-оңай өтуінің сыры неде? – Путин ішінара мобилизация жариялағаннан кейін бір күн бұрын неліктен шекара бекеттеріне өткізу пунктерін бекіту жайлы неліктен бұйрық бермеді деген сұрақ мені ойландырады. – Иә, үлкен сұрақ… – Өйткені олардың үдере көшетіні белгілі. Мәселен, Украинаның өзі тұрғындардың бәрі Еуропаға қашқан кезде 18-54 жас аралығындағы азаматтарды шетелге жібермеу туралы заң қабылдады. Зеленскийдің өзі заң шығарып, олардың бәрі өз аумақтарында қалды. Әскерге кететіндердің бәрі қалды. Ал дәл осындай жағдайды Путин білмейді дейсің бе? Неліктен сонша адамды Путин жіберді – мен соған таңғалып тұрмын. – Ресейден көшіп жатқан жүз мыңдаған адам күні ертең Қазақстанның билігіне Кремльдің ықпал ететін қосымша саяси тетігіне айналғалы тұр ғой? – Иә. Алаңдап отырғанымыз да сол. Біздің қорқынышымыз, сақтығымыз осы бағытта. Келіп жатқандардың бәрі… Адамдар жеті ай бойы Ресейде тұрып, енді көшіп жатқандар – Путиннің саясатына қарсы шықпағандар. Қарсы шыққандар осы алты ай бұрын көшеге шығып, сотталып, қашқандары қашып үлгерді. Ал бұлардың бәрі сол уақыттарда Путинге қол соғып, Жириновскийдің сөзін тыңдап, Медведевтің айтқан сөздерін оқып отырған адамдар. Бұлар да «кырымнаш» деп айқайлағандар. Ашығын айтайын, келіп жатқандар солар. Өйткені өздерінің басына күн түскеннен кейін қашты олар. Ондай адамдарға сенім болмайды ешуақытта. Сондықтан, біздің сақтығымыз – дәлелді сақтық. Негізі бар. – Осы үрдістің бірде-бір оң әсерін көріп отырған жоқсыз ғой? – Иә. Міндетті түрде осылай болатыны айдан анық. Біреулер «не істеу керек» деген мәселені көтеріп жатыр. Біз 2012 жылы Ақ жол партиясы сайлауға түсіп, парламентке өтер уақытта Ақ жолмен бірге жұмыс істедік те, оларға көмектестік. Сол уақытта біздің арамызда мынадай «сауда» болды: олар парламентке барса, мемлекеттік тіл және ономастика туралы заң жобасын өткізеді. «Ұлт тағдыры» қозғалысының ұсынысы бойынша. Обалы не керек, Азат Перуашев оны ұсынған. Оны қарады да, бірақ жоғарыдағылар мұның әлі күні келген жоқ деп кері қайтарды. Біз дайындаған заңдардың ішіндегі кейбіреулері басқа заңдарға толықтырулар мен өзгертулер ретінде ұсынылды. Соның ішінде бір ұсынғанымыз – азаматтық алу кезінде міндетті түрде қазақ тілінен тапсырсын дедік. Соны ұсынған уақыттарда соған қарсы шыққан. Ұмытпасам, біреуі Ерлан Қарин. Қысқасы, сол уақытта сол заң енсе, бүгінгі жағдай болмас еді. Әлі де кеш емес. Тез арада енгізу керек. Мысалы Ресейде азаматтық алу былай тұрсын, гастербайтерлікке келетін тәжіктер мен қырғыздар міндетті түрде орыс тілінен емтихан тапсырады. Ұмытпасам, Ресей тарихынан да емтихан тапсырады. Сонда ғана оларға көше сыпыруға рұқсат береді. Басқа елдердің бәрінде де азаматтық алу үшін міндетті түрде мемлекеттік тілді білу керек деген заң бар. Бізге осының өзі-ақ бұларды біраз тоқтатар еді. Енді қазір біз Ресейге жалтақтап отырмыз. Ресей әрине, келешекте әскер жағындағы адамдарды жібермеңдер деген секілді бірдеңе айтуы мүмкін. Сол уақытта біздің мемлекеттің басшылары «халықтың үніне құлақ астық» дегендей сөздерді айтады. Олар да Ресейге қарап отырған сияқты. Ал Ресей айта ма, айтпай ма – белгісіз. Себебі Ресейдің келесі нысанасы – Украинадан кейін Қазақстан екені белгілі. Ең қызығы, өткендер «біздің сөмкемізді де тексерген жоқ» деп ыржиып кетіп бара жатыр. Тек құжаттарына мөр қойып, өткізе беріпті. Керек десеңіздер, нені алып келе жатыр, ішінде диверсант топтары бар ма, бесінші колоннаны ұйымдастыратын Стрелков деген секілділер бар ма – ол туралы ешкім еш нәрсе ойлап жатқан жоқ. Ағылып келіп жатқандардың бәрі орыс тілді аймаққа қоныстанып жатыр. Орал, Солтүстік Қазақстан, Қостанай… 50-ге жуық бекеттің бәрі орыс тілді аймақтарда. Сондықтан, келіп жатқандардың бәрі де орыс тілді аймақты күшейтіп жатыр. Біз сол жердегі елдімекеннің атын қалай ауыстырамыз енді? Сол келгендер қолын көтереді дейсің бе?! Өлсе де көтермейді. Келіп жатқандардың 99 пайызы – «ұлы» державалық орыс шовинизмінен өсіп, Путиннің кезінде туып, сол идеологиялардан сабақ алғандар. Мемлекет әрекет жасамаса, шындығында да жағдай қиын. – Ресейліктердің өте беретіні қызық расында да. Мұнда Ресей билігімен Қазақстан билігінің арасында қандай да бір келісім бар ма? – Қазір біздің биліктің ақталатын бір-ақ нәрсесі бар – бұл ЕАЭО мүше болғаннан кейін бір-біріне жұмыс күшінің ауысуы еркін болады деген мәселе. Бірақ біздің елде Еуразиялық экономикалық одақтан шығу керек деген мәселе көп айтылды. Біз Ресейдің федерациясы емеспіз ғой. Жүз мыңдаған адам кіреді деген кезде біз өзіміздің жағдайымызды ойлауымыз керек. Кез келген одақтың ішінде әркімнің өзінің жеке пікірі, ұстанымы болады. Керек десеңіз, Еуроодақта да. Барлығына бірдей ереже болса да, мемлекетіне қауіп төнген жағдайда олар өздерінің ұстанымына көше алады. Сондықтан, оған байланып қалған ештең жоқ. Біз осы мәселені жасай аламыз. Бірақ жасағысы келе ме? Біздің орыс тілді билік менің ойымша, оған бармайды. Барғысы да келмейді.
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
24 сәуір 2024