Түркістан неліктен кедей өңірлер рейтингінде көш бастап тұр?
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аймақтың «ең кедей өңір» рейтінгінде алдыңғы қатарда тұру себебін түсіндірді. Аймақ басшысы тіпті, Түркістанды кедей деп айта алмайтынын жеткізді. Әкімнің айтуынша, оның байлығы – тұрғындары. «Қазақстанда 20 өңір болса, соның ішінде тек 3 аймақ донор болып саналады – бұл Астана, Алматы және Атырау облысы. Қалған аймақтардың барлығы дотацияда отыр. Ал егер қай өңір республикаға салық секілді түсімді көп төлейді десек, қайтадан Астана, Алматы, Атырау облысы және тағы бір аймақтан кейін бесінші орында Түркістан облысы тұр. 10 айдың қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті бюджетке 650 миллиард теңге салық төленді. Яғни, табыс бойынша біз 20 аймақтың ішінде бесінші орындамыз», – деді Д. Сатыбалды. Облыс әкімінің сөзіне сенсек, сол табысты жан басына шаққанда мөлшері азайып қалады, себебі өңірде халық саны көп. «Кейбір аймақтармен салыстырғанда біздің тұрғындар саны 2-3 есе, ал кейде 7-8 есе көппіз. Сондықтан жан басына шаққандағы қаржыландыру төмен болып шығады. Екіншіден, республика бойынша шамамен 800 мың көпбалалы отбасы болса, соның 190 мыңы немесе 1/4 бөлігі Түркістан облысында тұрады. Бірақ бұл мәселенің екінші жағы бар – мен өзім Келес ауданында туып-өстім. Менің анам да, әкем де жұмыссыз қалғанда, үйдегі алты ұл тоқ жүрдік. Неге? Себебі біз шаруашылық жүргіздік, мал ұстадық – соның арқасында май, айран, сүт алдық, тандыр жауып, бақша егіп, өзімізді қамтамасыз етіп отырдық. Ол ресми табыс болып есептелмейді. Қазір де облыс халқының 80%-ы ауылдарда тұрады, оларға жеке шаруашылықтары көмектеседі», – деді Дархан Сатыбалды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
4 желтоқсан 2024