Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Балабақшаға бөлінетін қаражатты ата-ананың есепшотына жібереді

kz.otyrar.kz

Балабақшаға бөлінетін қаражатты ата-ананың есепшотына жібереді

1 сыныпқа баратын балалардың құжатын ресімдегенде нені ескеру керек? Мектеп жасына дейінгі балалардың бірыңғай кезегін жасап жатыр. Мұны қалай түсінеміз? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева жауап берді.

—1 сәуірден бастап, бірінші сыныпқа баратын балалардың құжатын қабылдау басталды, бұл ретте ата-ана нені ескеру керек?

— Ата-ана қаламыздағы өзі қалаған кез келген мектепке құжат тапсыра алады. Мамандандырылған 6 мектепте 1-сыныпқа қабылдау жүргізілмейді. Сондықтан осы 6 мектептен басқасының кез келгенін таңдауына болады. Қазір бірнеше мектепте 1 сәуірде-ақ орын толып қалған. Өздеріңіз де білесіздер, қаламызда бірқатар мектеп өте сұранысқа ие. Кейбір ата-ана өзіме тіке хабарласып жатыр. Мектепке қабылдау өтінімді «egov» сайтына салған кезде 4 күннен кейін жауап келген. Мұндай техникалық мәселе туындап жатса, ата-ана басқармаға хабарласып, бізден толыққанды ақпарат алуына болады. Соны да айта кеткім келіп отыр.

— Мектеп жасына дейінгі балалардың бірыңғай кезегі жасалып жатыр, мұның қандай пайдасы бар?

— Оқу-ағарту министрлігі мектеп жасына дейінгі балалардың бірыңғай кезегін жасап жатыр. Мысалы бұрын Тараз қаласындағы балабақшаға барып жүрген баланы Өскемен қаласындағы балабақшаға тіркеу мүмкін еді. Өйткені республика көлемінде бірыңғай жүйе болмады. Ал қазір Шымкент қаласының бір балабақшасына тіркелген бала республиканың басқа бір қаласындағы ешбір балабақшасына тіркеле алмайды. Осы жұмыс жүргізіліп жатқанда неше түрлі қызық жағдай болып жатыр. Біздің қаламызда басқа қаланың тұрғындары анықталуда. Қазір Шымкент, Тараз, Түркістан осы үш қалада мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік жүйе арқылы жұмыс істеу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол пилоттық жобаның негізгі мәні балабақшаға бөлінген қаржы бұдан кейін балабақшаның өзіне емес ата-анаға жіберіледі. Яғни кезекте тұрған баланың ата-анасына жібереді. Ата-ана сол ақшаға балабақшаны өзі таңдайды. Ата-ана таңдау үшін де алдымен білім басқармасы талапқа сай балабақшаның тізімін жасайды. Ол тізімді сайтқа ілеміз. Ата-ана тізімдегі балабашалардан таңдау жасай алады. Тізімнен басқа балабақшаны таңдай алмайды. Бұрын білім басқармасы қай балабақшаға қанша орын беретінін шешетін. Қазір олай араласа алмайды. Жекеменшік балабақшалар ол кезде ата-анаға толық тәуелді болып қалмаймыз ба деп пікір білдіруде. Менің ойымша бұл бәсекені күшейтеді.

— Ал ата-ана бұл қаржыны қарызын жабу сынды басқа мақсатта жұмсап қоймай ма?

— Иә, біз бұны да ойластырдық. Ата-анаға берілетін ақша арнаулы есепшотта тұрады. Ол есепшоттағы ақшаны ата-ана балабақшаны төлеуден басқа мақсатта жұмсай алмайды. Тіпті банкоматтан қолма-қол ақша қылып та шығарып ала алмайды. Одан бөлек, егер ата-ана басқа банкте қарызы болып, борышкер ретінде тізімде тұрса да ол қаржыны қолдана алмайды. Ешқандай сот, ешқандай коллектор ол қаржыны ала алмайды. Бұл қаржыны тек балабақша ақшасын төлеуге ғана қолдана алады. Басқаша мүмкіндік болмайды.

— Балабақшада әлсіз отбасыларға неге қаражат бөлінбей жатыр?

— Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес балабақщаларда 4 санаттағы отбасынан шыққан балалардың тамаққа төленетін ақшасы толығымен мемлекет тарапынан өтелуі тиіс. Шымкент қаласында өткен жылдың тамыз айында қаулы қабылданған. Сол қаулыда тек 2 санат көрсетілген. Бұл жерде де бюджеттің мүмкіндігі ескерілген болу керек. Өйткені әр балаға 15 мың теңгеден есептегенде қаламызда 71 мың бала балабақшаға баратынын ескерсек, оның жартысына ғана төленетін болса да ол миллиардтаған қаржы болады. Қазір біз порталға жаңа қаулы жобасын ілдік. Сол жерде 3 санатты енгіздік. Дәл қазір бюджет мүмкіндігіне қарай мүмкіндігі шектеулі балаларды асырып отырған отбасыларын сол санатқа қостық. Және жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар қосылды. Осы қаулы белгілі бір мерзімде порталда тұру керек. Содан кейін қаулы қабылданған соң, тиісті төлемді жүргіземіз. Ал енді 4 санаттағы отбасынан шыққан балаларды қамту үшін бюджеттен қыруар қаржы талап етіледі. Оған бізде әзірге бюджетіміздің мүмкіндігі болмай тұр. Бірақ біз бұл мәселені кезең-кезеңімен шешеміз.

— 2023-2024 оқу жылында мектеп директорларының ротациясы жүргізілді ма?

— Осы оқу жылының яғни 2023-2024 оқу жылының ротациясы әлі жүргізілген жоқ. 2024 жыл басталғалы бері ешбір мектептің директор ротациясын жасамадық. Себебі оқу жылының аяқталғанын күтіп отырмыз. Оқу жылы аяқталған соң, жазғы демалыс басталар алдын ротацияны тиісті тәртіппен жүргіземіз. Вакансия сол күшінде қалады, процесс тоқтатылмайды. Өйткені жұмыс істеп отырған директордың оқу жылын бітіріп бергені керек. Биыл 4-5 директор алмасуы мүмкін. Оның ішінде колледж директорлары да бар, балабақша меңгерушілері де бар.

— Осыдан бірнеше ай бұрын, кейбір мектепте балалар дәлізде оқып жүргені жайлы ақпарат шыққан еді. Биыл Шымкентте қанша жаңа мектеп салынады және қанша мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі?

— Иә, биыл күтіп жүрген 12 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Оның 8-ін 1 қыркүйек күні пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Ал биыл №8, 48, 120, 80 мектептерде күрделі жөндеу жасаймыз.

— Жекеменшік мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесі қашан шешіледі?

— Жекеменшік мектеп директорлары мен иелерінің көтеріп отырған мәселесі де бар. Қазір қаламыздағы барлық мектепте 1 мен 4-сынып оқушыларына тегін тамақ беріліп жатыр. Бұл отбасы мәртебесіне қарамастан беріліп келеді. Ал мемлекеттік мектептердің әлеуметтік мәртебесі бар отбасынан шыққан 5-ші сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларына да ыстық тамаққа ақша бөлінген. Дәл сондай әлеуметтік мәртебесі бар мекеменшік мектеп оқушыларына да ыстық тамаққа ақша бөлінсе деген ұсыныс бар. Жекеменшік мектеп тарапынан бізге жиі түсіп отыр осы ұсыныс. Бұл мәселе төңірегінде кездесу жасап, мән-жайды түсіндірдік. Заңнамалық тұрғыда бұл мәселе шешілген кезде бюджеттен қаржы қаралу жағын талқылаймыз.

— Қазір Шымкентте қанша мектеп бар, оларда қанша камера қойылған?

— Қауіпсіздік деңгей бойынша белгіленген талаптар бар. Мәселенің екінші жағы осы талаптарды ары қарай жетілдіру болмақ. Шымкент қаласындағы 275 мектепте 8 мыңнан астам камера орнатылған. Осы 8 мыңнан астам камераның 4208-і полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Мектептерде тұрған камералардың басым көпшілігі аналогтық камера, соны сандық камераларға алмастыруды жоспарлап отырмыз. Осы тұрғыда жұмыс жүргізіліп, бюджеттік өтінім дайындалып жатыр. Бұдан бөлек мамандандырылған күзет мәселесі де бар. Мамандандырылған күзетке қойылатын талаптар ішінде жас бойынша шектеу нақты көрсетілмеген. Егер мамандандырылған күзет компаниясының лицензиясы болса, біз келісім-шарт жасаймыз. Бірақ, ол компанияның қызметкері 65-70 жаста болса «неге мұндай жастағы қызметкерді қоясың?» деп талап қоя алмаймыз. Дегенмен біз әрине «мектеп күзетінде жастау, ширақ қимылдайтын, белгілі бір дағдылары бар, қорғаныс құралдарын пайдалана алатын адамды қойыңыздар» деп айта аламыз. Осы мәселе де заңды түрде реттеуді қажет етеді. Жалпы алғанда білім беру ұйымдарында белгіленген талапқа сай жұмыс жүргізіп келеміз. Тек жетілдіру керек.

Сұхбаттасқан: Жанерке ХУМАР

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
30 сәуір 2024